Өлең, жыр, ақындар

Бақыт деген немене ол, немене?

      Бақыт туралы талай ақын, талай жазушы, талай ой иесі сөз қозғаған. Солардың бірі – қазақтың көрнекті ақыны Мұхтар Шаханов. Оның «Бақыт геометриясы» атты өлеңі бақыт ұғымының күрделілігін терең ашып көрсетеді:

«БАҚЫТ деген немене бұл, немене екен, немене?

Мен шықпаған заңғар шың ба, мен мінбеген кеме ме?»
 

Ақын бақытты байлықпен, сұлулықпен, билікпен салыстыра отырып, оның нақты өлшемі жоқ екенін аңғартады. Кей адамдар үшін бақыт – байлық. Алайда байлық бәріне бірдей бақыт сыйлай бермейді. Кейде бай адам да өзін жалғыз әрі бақытсыз сезінеді. Сол сияқты сұлулық пен билік те адамды толық бақытқа жеткізе алмайды. Биліктің қасында жүрген жағымпаздық пен жалғандық шынайы парасатты адамдарды одан алшақтатады.

Ендеше, бақыт деген не?

Бақыт – адам бойында дофамин бөлініп, жан дүниесін қуанышқа бөлейтін ерекше сезім. Бірақ адам бақытты көбіне дер кезінде байқамай, бағаламай қалады. Себебі көпшілік бақытты материалдық құндылықтармен байланыстырады. Ал шын мәнінде, материалдық игілік адамды бар болғаны аз ғана мөлшерде бақытты етеді. Бақыттың негізгі бөлігі – қасындағы адамдарға, қарым-қатынасқа және өзіңе деген көзқарасқа байланысты.

                                                                               

Неге уақыт маңызды?

Өйткені бақыт – белгілі бір сәттерде келіп, ұмытылмас естеліктерге айналатын сезім. Сол сәттерді қайтара алмайсың, бірақ жадыңда мәңгі сақтайсың. Кейде бақытты болған кездеріңді тек телефондағы суреттер арқылы ғана есіңе түсіретінің өкінішті. Көп адам қуаныш пен бақытты бір ұғым деп ойлайды. Алайда олардың айырмашылығы бар: қуаныш – өткінші эмоция, ал бақыт – өмірдің мәні мен тірегі. Нағыз бақытты адам оны үйдің ішінен емес, өмірдің өзінен табады. Әр адам үшін бақыт – денсаулық, жанында отбасының болуы, сені түсініп, әрдайым қолдайтын жандардың бар болуы. Мысалы, әкеңе жүгіріп барып шашыңды иіскету, анаңмен алаңсыз отырып шай ішу, достарыңмен кино көріп, күлу – ұсақ-түйек болып көрінгенімен, адамды шын бақытты ететін ең басты сәттер осы.

“Journiverse” білім беру орталығының оқушысы: Рысбекова Майра


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар