Заман талабына сәйкес жастардың құқықтық санасы мен мәдениетін арттыру – мемлекет алдындағы негізгі басым бағыттың бірі. Қоғамның дамуы ең алдымен оның мүшелерінің сана-сезімі мен жауапкершілігіне байланысты. Ата Заңды құрметтеп, оны берік сақтау, өз құқығы мен міндетін білу – өркениетті елдің басты қағидасы. Сондықтан жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру – өзекті мәселе.
Құқықтық мәдениет – адам мен қоғамның жалпы мәдениетінің бөлігі. Бұл тұрғыда құқықтық мәдениет, жалпы мәдениет сияқты, оның мазмұнының материалдық және рухани жақтарына ие. Сонымен қатар, ол «құқықтық жүйені біріктіретін және нәтижесінде оның қоғам мәдениетіндегі орнын анықтайтын құндылықтар мен идеялар ретінде әрекет етеді: «Адамды табиғат пен қоғамның демократиялық күштерінен қорғауға арналған рухани байлықтың әлеуетінен көрінетін мәдениет құндылығы құқық арқылы жүзеге асырылады».
Ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген. Бұл сөздің астарында үлкен мән-мағына жатыр. Жас буын білім алып қана қоймай, дұрыс тәрбие мен құқықтық мәдениеттті қатар меңгеруі керек. Себебі заңды сыйламаған қоғамда тәртіп те, тұрақтылық та көрініс таппайды. Ал тәртіпсіздік орнаған жерде даму мен алға қарай ілгерілеудің болмасы анық.
Жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру дегеніміз олардың әділдікке, жауапкершілікке, адалдыққа деген көзқарасын қалыптастыру. Балалар мен жасөспірімдердің қоғамдық орындарда тәртіп сақтамауы, мектеп пен ЖОО-да сыбайлас жемқорлық пен парақорлыққа бой алдыруы, әлеуметтік желіде біреудің ар-намысына тиетін сөздер жазуы, жалған ақпарат таратуы, үлкендер мен кішілерге құрмет, ізет көрсетпеуі – мұның бәрі құқықтық мәдениеттің төмендігін көрсетеді. Кейде жастар бұл әрекеттердің заң мен ар алдында сұрауы бар екенін аңғара бермейді. Бұл әрекеттер тек моральдық тұрғыдан емес, құқықтық жағынан да ауыр салдарға әкеп соқтыруы мүмкін.
Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы: «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» деген еді. Бұл жерде «ар» ұғымы құқықтық мәдениетпен тығыз байланысты. Заңды сыйлау – адамның ішкі мәдениетінің, ар-ұятының, пайым-парасатының көрінісі. Қазақтың әйгілі әскери қолбасшысы Бауыржан Момышұлы айтқандай, «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды». Заңға бағыну – саналы адамның көрінісі.
Құқықтық мәдениетті қалыптастыру, ең алдымен, отбасынан басталады. Егер үйде әділдік, тәртіп, жауапкершілік, шыншылдық туралы жиі айтылып, үлкендер өздері заңды құрметтеп өмір сүрсе, бала да соны бойына сіңіріп, заңды құрметтейтін азаматқа айналады. Кейін мектеп, жоғарғы оқу орындары, қоғамдық орта бұл тәрбиені жалғастырады. Құқық бұзушылықтың алдын алу, сыбайлас жемқорлық пен парақорлыққа қарсы күрес жүргізу, жастардың құқықтық мәдениеті мен белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруда заңгерлер, мамандармен өткізілетін кездесулер, дөңгелек үстелдер, семинарлар, пікірталастар, құқықтық дәрістердің маңызы өте зор. Аталмыш іс-шаралар комьюнити орталықтарда, жоғарғы оқу орындары мен колледждерде, студенттер үйінде және онлайн платформаларда ұйымдастырылып, жастарға дұрыс бағыт-бағдар береді.
Құқықтық мәдениеті жоғары қоғамда адамдар бір-бірінің құқығын сыйлайды, дау-дамайдың алдын алады, заңсыз әрекеттер азаяды. Мұндай қоғамда жастар өз болашағына сеніммен қарайды. Себебі олар әділеттілік бар екенін, еңбегімен жетістікке жетуге болатынын түсінеді. Сондықтан жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру – тек мемлекет немесе құқық қорғау органдарының міндеті емес, бүкіл қоғам ат салысуға тиіс ортақ іс. Ұстаздың айтқан өнегелі сөзі, ата-ананың берген тәрбиесі, әрбір азаматтың заңға деген құрметі жас буынның санасына әсер етеді. Осы орайда БАҚ құралдары мен журналистердің рөлі зор. Ақпараттық-танымдық порталдарда, қоғамда құқықтық мәдениет бағыты бойынша оң көзқарас қалыптастырып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу жастардың құқықтық сауатын ашып, оларға дұрыс жол сілтері сөзсіз.
Айша ТӨЛЕУХАНОВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 3-курс студенті
Жетекшісі: фил ғ.к., доцент Р. С. Жақсылықбаева
- Төлепбек Жантай
- Конфуций
- Имам Раббани
- Имам Раббани
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі