Надырбек Диана — жас болса да, спортта айтарлықтай жетістіктерге жеткен талантты боксшы. Ол бокспен 8 жасынан бастап айналысады. Балалық шағынан спортқа қызығып, бокс арқылы өз мінезін қалыптастырып, шыдамдылық пен тәртіпті өмірінің басты қағидасына айналдырды. 2018 жылдан бері Диана түрлі деңгейдегі жарыстарға тұрақты түрде қатысып келеді. Қазіргі таңда оның бокспен айналысқанына 8 жыл болды.
Жүйелі жаттығулар мен тынымсыз еңбектің нәтижесінде Диана республикалық және халықаралық ареналарда жоғары нәтижелер көрсетті. Ол Азия чемпионатына екі рет қатысып, екі жарыста да 1-орын иеленді. Бұл чемпионаттардың бірі Біріккен Араб Әмірліктерінің Абу-Даби қаласында өтсе, екіншісі Иорданияның Амман қаласында ұйымдастырылды. Мұндай ірі жарыстар Диананың кәсіби деңгейін шыңдап, халықаралық тәжірибе жинауына үлкен мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, Надырбек Диана 4 дүркін Қазақстан чемпионы атанып, ел ішіндегі үздік спортшылардың қатарынан көрінді. Ол Латвияда өткен халықаралық турнирде 1-орын алып, шетелдік қарсыластармен сынға түсіп, жеңіске жетті. Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимовтың жүлдесіне арналған жарыста 1-орын иеленуі — оның спорттық жолындағы маңызды жетістіктерінің бірі. Қазіргі уақытта Диана Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командасының мүшесі. Ол күнделікті жаттығу барысында физикалық дайындығын ғана емес, тактикалық ойлау қабілетін және рухани төзімділігін де жетілдіріп келеді. Диананың басты мақсаты — халықаралық жарыстарда Қазақстанның көк туын биікке көтеріп, ел намысын қорғау. Надырбек Диананың спорт жолындағы табандылығы, еңбекқорлығы мен жеңіске деген ұмтылысы жас спортшыларға үлкен үлгі. Ол алдағы уақытта да биік белестерді бағындырып, бокста өз орнын айқындайтын спортшы болуға талпынуда.
“Journiverse” білім беру орталығының оқушысы: Серикова Аружан
Құрбыжан
Керемет жазылған мақала! Қаламың ұштала берсін, Аружан ♥️