2024 жылы жарық көрген қырғыз көркем фильмі Жұмақ ананың табанының астында көрермен жүрегінен ерекше орын алды. Көпшілікке таныс «Жұмақ ананың табанының астында» деген сөзді бұл туынды жаңа қырынан сезіндірді. Фильмнің басты кейіпкері Әділдің тағдыры мен анасына деген шексіз құрметі ешкімді бей-жай қалдырмайды. Анасын арқалап, тау мен тасты асып, Меккеге жаяу аттанған ұлдың бейнесі — ұмыт бола бастаған рухани құндылықтарды еске салады. Жол бойындағы аштық пен шаршау ана мейірімінің алдында түкке тұрғысыз екенін аңғартады.
Басты рөлді сомдаған Эмиль Есеналиев сұхбаттарының бірінде: «Бұл фильм менің өміріммен сабақтас. Мен 2005 жылы анамнан ерте айырылдым. Үйге келесің, жарық жанып тұрады, бірақ іші қараңғы…» деген еді. Бұл сөздер көптеген көрерменнің жүрегіне әсер етті.
Фильм адамға бақытты алыстан іздемей, ең жақын жанның қадірін түсінуді еске салады. «Пейіш» — қарт ананың ақ жаулығында, оның ризашылығында екені айқындалады. Меккеге барар жолдың қиындығы — ананың баласы үшін төккен тері мен көз жасының жанында әлсіз көрінеді. Кино аяқталған сәтте көрермендердің бірден тарамауы да туындының әсерін аңғартты. Көпшілігі залдан шыға сала анасына хабарласып, жылы сөз айтуға асықты.
Араға екі жыл салып, Пейіш 2 2026 жылдың 12 ақпанында Қазақстан кинотеатрларында көрсетіле бастады. Бұл бөлім оқиғаның жалғасуымен ғана емес, актерлік құрамының жаңаруымен де ерекшеленді. Фильмге жаңа реңк берген актерлердің бірі — Павел Майков. Оның сомдаған образы оқиғаға тереңдік қосып, кейіпкерлер арасындағы байланыстарды айқындай түсті. Жаңа құрамда Омар Алибутаев та бар. Ол өз кейіпкерін табиғи түрде жеткізіп, ішкі әлемін ашып көрсете білді. Ал эпизодтық рөлде көрінген Алексей Щербаков фильмге жеңіл юмор элементін енгізді.
«Пейіш 2» — ананың қадірі мен перзенттік парыз туралы ой салатын туынды. Жаңарған актерлік құрам фильм мазмұнын толықтырып, көркемдік деңгейін арттырған. Бұл бөлім де көрерменге терең әсер қалдырды.
“Journiverse” білім беру орталығының оқушысы: Есенбай Жадыра
Даяна
Керемет фильм, жыладым