Биыл қазақ поэзиясының ақиық тұлғасы, поэзия пайғамбары Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толып отыр. Мұқағали атамыз – өлеңдері арқылы халық жүрегіне жол тапқан, өзіндік қолтаңбасы бар ұлы ақын. Мұқағали Мақатаев 1931 жылы 9 ақпанда Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қарасаз ауылында дүниеге келген. Ақынның «Мұзбалақ» атануы да осы қасиетті туған жерімен байланысты. Қарасаз – асқар таулары мен ақ шыңдары арқылы ақынның жырларына шабыт берген өңір.
Мұқағалидің поэзиясы туған жердің табиғатын жырлаудан басталды. Ол көріністі сөз арқылы нақты жеткізіп, оқырманды терең сезімге жетелейді. Ақынның өлеңдерінде пәк махаббат, іңкәр сезім және адамға деген шынайы құрмет айқын көрінеді.
Өмірі бойы Мұқағали 1000-нан аса өлең, 30-дан астам поэма жазды. Сонымен қатар, әлем әдебиетінің маңызды шығармаларын қазақ тіліне аударды. Мәселен, Данте Алигьеридің «Құдіретті комедиясын» аударуы қазақ әдебиетінде елеулі еңбек саналады. Жыл сайын Қарасаз өңірінде ақын құрметіне республикалық Мұқағали Мақатаев оқулары өткізіледі. Бұл шараға еліміздің әр өңірінен келген жас таланттар қатысып, поэзияға деген сүйіспеншілігін арттырады.
Мұқағали Мақатаев тек ақын ғана емес, тынымсыз еңбек еткен, ізденісте жүрген тұлға болды. Ол үшін өлең жазу – жүректен шыққан шындық еді. Ақынның шығармашылығы қарапайым, түсінікті және оқырманға жақын. Ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы деректі фильмдер мен телехикаялар түсірілді. Оның өлеңдері мектеп бағдарламасына енгізілген, поэзия кештерінде жиі оқылады және жас ұрпақты адамгершілікке, туған жерін сүюге тәрбиелейді.Поэзия пайғамбарының 95 жылдығы – ұлы ақынның шығармашылығын қайта еске алу, оның өлмес жырларынан рухани қуат алу кезеңі. Мұқағали Мақатаевтың асыл мұрасы халқымен бірге мәңгі жасай бермек.
“Journiverse” білім беру орталығының оқушысы: Бақытбек Гауһар
- Төлепбек Жантай
- Конфуций
- Имам Раббани
- Имам Раббани
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі