Виртуалды әлемнің «тұтқындары»: Экранға байланған болашақ несімен қауіпті?
Жиырма бірінші ғасыр адамзатқа шексіз мүмкіндіктер мен ақпараттық еркіндік сыйлады. Алайда, осы еркіндікпен бірге «цифрлық құлдық» деген жаңа ұғым өмірімізге енді. Бүгінде көшеде, қоғамдық көлікте, тіпті отбасылық дастарқан басында бір-біріне емес, телміріп телефонға қарап отырған жандарды көру үйреншікті жағдайға айналды. Әлеуметтік желілер тек ақпарат алмасу құралы емес, адамның көңіл-күйін, өзін-өзі бағалауын және қоғамдық мінез-құлқын басқаратын қуатты идеологиялық машинаға айналды. Біз виртуалды әлемнің жасанды жылтырына алданып, шынайы өмірдің маңызын жоғалтып бара жатқан жоқпыз ба?
Әлеуметтік желілердің (Instagram, TikTok, Facebook) жұмыс істеу механизмі адам психологиясының нәзік тұстарын нысанаға алады. Психологтардың зерттеуінше, әрбір алынған «лайк» немесе жағымды пікір мида рахат сезімін тудыратын дофамин гормонының бөлінуіне ықпал етеді. Бұл – құмар ойындарға тәуелділікпен тең процесс.
Алайда, бұл «бақыттың» артында үлкен депрессия жатыр. Жастар өз өмірін блогерлердің монтаждалған, мінсіз өмірімен салыстыра бастайды. Нәтижесінде «мен неге олай емеспін?», «неге менің өмірім қызықсыз?» деген сұрақтар туындап, төмен өзіндік баға (self-esteem) қалыптасады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, әлеуметтік желіде күніне 3 сағаттан артық отыратын жасөспірімдердің арасында мазасыздық пен жалғыздық сезімі 27%-ға жоғары.
Мәселенің тағы бір қыры – «клиптік ойлаудың» қалыптасуы. Қысқа видеолар мен шексіз лентаны парақтау адамның терең талдау жасау қабілетін тежейді. Біз ұзақ мәтіндерді оқудан, күрделі мәселелерді ойлаудан қалып барамыз. Ақпарат көп, бірақ білім аз. Бұл – интеллектуалды деградацияның алғашқы белгісі.
Сонымен қатар, кибербуллинг (желідегі қорлау) мәселесі де ушығып тұр. Экранның артында отырып, кез келген адамға ауыр сөз айту оңай болғандықтан, қоғамда агрессия деңгейі артты. Бұл әсіресе психикасы әлі қалыптасып үлгермеген мектеп оқушылары үшін үлкен соққы.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) соңғы есептеріне сәйкес, «интернетке тәуелділік» ресми түрде психикалық ауытқулардың қатарына қосылуы мүмкін мәселе ретінде қарастырылуда. Ал «Digital 2024» есебі бойынша, қазақстандықтар күніне орта есеппен 7 сағаттан астам уақытын интернетте өткізеді екен. Бұл – өміріміздің үштен бір бөлігін виртуалды кеңістікке құрбан етіп жатқанымыздың дәлелі. Мәселені тек тыйым салумен шешу мүмкін емес. Бізге «цифрлық гигиена» мәдениетін қалыптастыру қажет. Бұл дегеніміз:
1. Уақытты шектеу: Гаджетсіз сағаттар мен күндерді белгілеу.
2. Сниринг (Screening): Тұтынатын ақпаратты сүзгіден өткізу, пайдасыз контенттен бас тарту.
3.Шынайы қарым-қатынас: Виртуалды әлемдегі 1000 «достан» қарағанда, шынайы өмірдегі бір тірі сұхбаттың құндылығын түсіну.
Технология – жақсы қызметші, бірақ жаман қожайын. Біз технологияны өмірімізді жеңілдету үшін қолдануымыз керек, бірақ оның бізді басқаруына жол бермеуіміз тиіс. Әлеуметтік желі – бұл тек құрал, ал өмірдің мәні – экранның арғы жағында емес, дәл қазіргі сәтте, жаныңыздағы адамдарда және атқарған ісіңізде. Сондықтан телефонды бір сәт шетке қойып, терезеден сыртқа қараңызшы. Шынайы әлем әлдеқайда қызықтырақ.
- Конфуций
- Конфуций
- Эдвард Дж. Стиглиц
- Нельсон Мандела
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі