Қазіргі қоғам дамуының басты көрсеткіштерінің бірі – гендерлік теңдіктің сақталуы. Гендерлік теңдік – ер мен әйел адамның құқықтары мен мүмкіндіктерінің тең болуы. Бұл ұғым әр адамның өз шекарасын таптатпауға және қоғамның әділетті болуына өз септігін тигізеді. Дегенмен, бұл маңызды мәселе әлі күнге дейін толық шешімін тапқан жоқ. Неге XXI ғасырда өмір сүрсек те, гендерлік теңдік мәселесі бүгінгі күнге дейін өзекті болып отыр?
Тарихқа көз жүгіртсек, әйел адам ұзақ уақыт бойы қоғам өмірінен шеттетіліп келеді. 2023 жылғы БҰҰ мәліметі бойынша, жер бетіндегі 195 мемлекеттің 36-сында ғана әйелдер мемлекет және үкімет басшылары лауазымын атқарады. Бұл ақпараттан көп мемлекеттерде әлі де олардың саяси өмірдегі рөлі төмендетіліп, өміріне тікелей әсер ететін маңызды шешімдерге қатыса алмай дискриминацияға ұшырап отырғандығын айта аламыз. Көптің түсінігіне сәйкес, нәзік жандылардың басты міндеті – отбасы мен бала тәрбиесіне қарау. Ал ер адамдар қоғамдағы негізгі шешім қабылдаушы тұлға ретінде танылды. Уақыт өте келе бұл көзқарастың ақырын өзгеруі бүкіл әлемді қуантады. Отбасы мен бала тәрбиесіне назар аудару – тек ананың емес, әкенің де басты міндеті. Ал қоғам ісіне әйел адам да қатыса алады.”Әйел бастаған көш озар” – гендерлік теңдік идеясын айқын көрсететін заманауи көзқарас.
Дегенмен, қазіргі заманда гендерлік теңсіздік түрлі формада көрініс табуда. Мысалы, еңбек нарығында әйелдер мен ерлер арасындағы жалақы айырмашылығы әлі де бар. Көп жағдайда бірдей қызмет атқарса да, әйелдердің еңбекақысы төмен болады. Көптеген елдерде әйелдер орта есеппен ерлерге қарағанда шамамен 15–20% аз жалақы алады. Мысалы, бір компанияда менеджер қызметінде істейтін ер адам 300 000 теңге алса, дәл сондай қызметтегі әйел 250 000–260 000 теңге алуы мүмкін.
Білім саласында да бұл мәселе айқын көрініс табады. Мысалы, Нигер, Чад, Йемен секілді әлемнің бірнеше мемлекеттерінде қыз балалардың білім алу құқығы шектелген. Халықаралық ұйымдардың мәліметінше, бұл жағдайлар көбіне әлеуметтік теңсіздік, кедейлік, дәстүрлі және соғыс зардабынан орын алуда.
Кейбір елдерде белгілі бір кезеңдерде әйелдердің жеке еркіндігі қатты шектелді. Мысалы, Ауғанстанда радикалды режим кезінде әйелдерге бет-жүзін толық жабу міндеттеліп, ер адамның еріп жүруінсіз далаға шығуына тыйым салынды. Бұл жағдай әйел құқығының бұзылуы ретінде халықаралық деңгейде сынға алынды.
Гендерлік теңдік мәселесі бойынша, 2023 жылы рейтингте Қазақстан 62-орынға ие болды. Бұл – 2021 және 2022 жылдармен салыстырғанда 18 және 3 тармаққа позициясын жақсартқан. 2022 жылмен салыстырғанда Қазақстан 0,2 пайыздық тармаққа жоғары, 72,1% гендерлік тепе-теңдікке жетті.
Неліктен ерлер мен әйелдердің құқықтары тең болу қажет? Себебі олар адам ретінде тең. Еркек әйелден бір саты жоғары тұру керек деген ұғым – МИФ, ескірген сенім. Бұл түсінік тек әйелдің ғана емес, тұтас қоғамның дамуын тежейтін көзқарас. Ерлер де, әйелдер де білім алып, еңбек етіп, шешім қабылдай алады. Әйелдердің мүмкіндіктері шектелген қоғамда әлеуметтік теңсіздік артады. Биологиялық айырмашылықтар болғанымен, құқықтық және әлеуметтік мүмкіндіктер тұрғысынан әйелдер мен ерлер тең болуы тиіс.
Бұл мәселені шешудің негізгі жолы – сана өзгерісі. Гендерлік теңдік отбасыдағы тәрбиеден бастау алады. Бала ұядан не көрсе, ұшқанда соны іледі. Баланы жынысына қарай бөлмей, тең тәрбие беру, қыз бен ұлға бірдей мүмкіндік жасау – болашақта әділетті қоғам қалыптастырудың алғышарты. Сонымен қатар, білім беру мекемелерінде гендерлік мәдениетті қалыптастыру, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы дұрыс көзқарас насихаттау да маңызды рөл атқарады.
Қорыта айтқанда, гендерлік теңдік – жай ғана ұран емес, қоғамның тұрақты дамуының кепілі. Ер мен әйелдің тең құқылы, тең мүмкіндікті болуы – әділетті, қауіпсіз және өркениетті қоғам құруға жол ашады. Сондықтан әр адамзат бұл мәселеге бейжай қарамай, барынша теңдік қағидаттарды сақтауға үлес қосуы тиіс. Гендерлік теңдік орнаған қоғамда ғана адам әлеуеті толық ашылып, болашаққа нық қадам жасауға болады.
- Конфуций
- Конфуций
- Эдвард Дж. Стиглиц
- Нельсон Мандела
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі