Ахмет Байтұрсынұлының: «Балаға қай тілде білім берсең, түбі сол ұлтқа қызмет етеді» дегенсөзі - жай ғана ой емес, ұлттың ертеңін дәл болжаған терең тұжырым. Бұл нақылдың астарында халықтың тағдыры, тілдің құдіреті, білімнің бағыты және ұрпақтың болашағы жатыр.
Бала - қоғамның ең таза айнасы. Ол қандай тілде тәрбиеленсе, сол тілдің рухын бойына сіңіреді. Тіл арқылы адам тек сөйлеп қана қоймайды, ол ойлайды, сезінеді, түсінеді, дүниені сол тілдің терезесімен қабылдайды. Сондықтан білім алған тіл - баланың сана-сезімін қалыптастыратын ең басты күш. Ана тілінде оқыған ұрпақ өз халқының тарихын, салтын, әдебиетін, ұлттық болмысын жүрегімен сезінеді. Бұл сезім кейін ертеңгі күні елге қызмет ететін азаматтың негізіне айналады.
Ал өзге тілде білім алған бала да білімді болуы мүмкін. Бірақ оның рухани бағыты, ішкі байланысы басқа мәдениетке қарай ауып кетуі ықтимал. Себебі тіл — тек қарым-қатынас құралы емес, ол - ұлттың жан дүниесі. Әр тілдің ішінде халықтың мінезі, дүниетанымы, құндылығы сақталған. Демек, қай тілде білім берілсе, сол ұлттың идеологиясы да бірге жүреді.
Ахмет Байтұрсынұлы бұл сөз арқылы қазақтың болашағына алаңдады. Ол тіл жоғалса, ұлттың да әлсірейтінін білді. Сондықтан ол қазақ әліпбиін жасап, оқулық жазып, халықты білімге шақырды. Себебі білімсіз ұлт - әлсіз, ал өз тілінсіз ұлт - тұл. Бұл нақыл бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Балаға ана тілінде сапалы білім беру — тек мектептің емес, әр ата-ананың да міндеті. Өйткені ұрпақтың тілін сақтау — ұлттың тамырын сақтау.
Қорытындылай айтқанда, Ахмет Байтұрсынұлының бұл сөзі - ұлтты сақтайтын ұлы ереже. Тілде тәрбие алған бала ертең сол тілдің, сол халықтың жоғын жоқтап, намысын қорғап, елге адал қызмет етеді. Ана тілінде білім беру - болашаққа салынған ең қасиетті көпір.
“journiverse” білім беру орталығының оқушысы: Асан Медина
- Конфуций
- Конфуций
- Эдвард Дж. Стиглиц
- Нельсон Мандела
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі