Қазақстан – жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орында тұрған мемлекет. Кең байтақ даламызды, табиғи байлығымызды мақтанышпен айтамыз. Алайда экологиялық жағдайымыз осы мақтанышқа сай ма деген сұрақ туындайды. Kazinform агенттігінің мәліметінше, ел аумағында экологиялық шағымдар ең көп тіркелетін өңірлердің қатарында Шымкент қаласы, Ақмола облысы және Ұлытау облысы бар. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мәлімдеген.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында 189 мың тонна қоқыс жиналып, екі миллионға жуық ағаш отырғызылған. Ал BAQ.KZ порталының дерегіне сәйкес, 2025 жылдың қорытындысы бойынша ірі кәсіпорындардың нормативтік шығарындылары 2022 жылмен салыстырғанда 148 мың тоннаға, яғни 7,2 пайызға азайған. Бұл – оң көрсеткіш. Сонымен қатар Ranking.kz жариялаған рейтингте Қазақстан ең лас елдердің алғашқы отыздығына енгені айтылған. Бұл дерек экологиялық мәселелердің әлі де өзекті екенін көрсетеді. Қоршаған ортаны қорғау тек еріктілер мен табиғат жанашырларының ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тазалық мәдениетін қалыптастырудың маңызын бірнеше рет атап өтті. Оның айтуынша, тазалық әр үйден, әр көшеден басталып, күнделікті өмір салтына айналуы тиіс. Табиғатты қорғау – келер ұрпақ алдындағы жауапкершілік.
Шын мәнінде, ауаны да, суды да, жерді де ластап отырған – өзіміз. Адамзатты аман сақтайтын – жинаған байлық емес, таза ауа мен табиғи орта. Қазақ халқы «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деп бекер айтпаған. Бұл сөз – табиғатқа деген құрметтің көрінісі. Бабаларымыз кең даланы бізге аманат етті. Енді сол аманатты сақтау – әрқайсымыздың азаматтық борышымыз. Табиғатты көздің қарашығындай қорғау – ел болашағына жасалған нақты қадам.
Journiverse білім беру орталығының оқушысы: Күнтуған Сүйрік
- Конфуций
- Конфуций
- Конфуций
- Эдвард Дж. Стиглиц
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі