БАҚ-тағы журналистің медиа сауаттылығы

                             БАҚ-тағы журналистің медиа сауаттылығы 

Қазіргі заманда ақпарат қоғам өмірінің негізгі құрамдас бөлігіне айналды. Күн сайын адамдар теледидар, интернет, әлеуметтік желілер арқылы мыңдаған ақпарат қабылдайды. Осындай жағдайда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі артып, журналистердің жауапкершілігі күшейе түседі. Сондықтан журналист үшін медиа сауаттылық - тек қосымша қабілет емес, кәсіби міндет болып саналады.

Медиа сауаттылық дегеніміз - ақпаратты дұрыс табу, оны талдау, шынайылығын тексеру және аудиторияға нақты әрі дәл жеткізу қабілеті. Журналист осы процестің ортасында тұрғандықтан, оның әрбір жариялаған материалы қоғамға тікелей әсер етеді. Егер журналист ақпаратты тексермей, бір ғана дереккөзге сүйеніп жарияласа, ол жалған ақпараттың таралуына себеп болуы мүмкін. Бұл өз кезегінде қоғамда қате пікір қалыптастырады.

Қазіргі медиадағы ең өзекті мәселелердің бірі - фейк жаңалықтар. Әсіресе әлеуметтік желілерде тексерілмеген ақпарат өте жылдам таралады. Мысалы, COVID-19 пандемиясы кезінде «вакцина зиян», «ауру ойдан шығарылған» деген жалған ақпараттар кеңінен тарады. Кейбір адамдар осы ақпараттарға сеніп, вакцинадан бас тартты. Бұл нақты түрде медиа сауаттылықтың төмен деңгейінің салдарын көрсетті. Сонымен қатар, Қазақстанда да төтенше жағдайлар кезінде «қала жабылады», «азық-түлік жетіспейді» деген қауесеттер тарап, халық арасында дүрбелең туғызған жағдайлар болған. Мұндай ақпараттардың көбі ресми түрде расталмаған.

Әлеуметтік желілерде таралған ескі видеоларды жаңа оқиға ретінде көрсету. Мысалы, бірнеше жыл бұрын болған табиғи апаттың видеосы қайтадан жарияланып, «қазір болды» деген ақпаратпен таратылады. Кейбір сайттар оны тексермей жариялап жатады. Кейін оның басқа елде немесе басқа уақытта түсірілгені анықталады. Бұл журналистің кәсіби қателігін айқын көрсетеді.

Сонымен қатар медиа кеңістікте манипуляция мәселесі де жиі кездеседі. Кейбір ақпарат құралдары аудитория тарту үшін тақырыптарды әдейі сенсациялық етіп жазады. Мысалы, «Сұмдық жағдай!», «Шок видео!» сияқты тақырыптар жиі қолданылады, бірақ мәтіннің ішінде маңызды ақпарат болмауы мүмкін. Мұндай әдіс қысқа мерзімде қаралым жинағанымен, ұзақ уақыт ішінде аудитория сенімін жоғалтады.

Қазіргі кезде deepfake технологиялары да қауіп төндіруде. Бұл - жасанды интеллект арқылы адамның даусын немесе бейнесін қолдан жасап шығару. Белгілі бір адамның атынан жалған видео тарату арқылы қоғамды адастыруға болады. Егер журналист мұндай материалдарды тексермей жарияласа, ол үлкен ақпараттық қателікке әкеледі.

Қазақстанда да медиа сауаттылық мәселесі өзекті болып отыр. Соңғы жылдары жалған ақпарат таратуға байланысты заңнамалық жауапкершілік күшейтілді. Фактчекинг жобалары, медиа тренингтер, білім беру бағдарламалары дамып келеді. Мысалы, кейбір тәуелсіз жобалар жалған ақпараттарды тексеріп, халыққа түсіндіріп отырады. Бұл қоғамның ақпаратты дұрыс қабылдауына көмектеседі.

Қорыта келгенде, медиа сауаттылық - журналистің кәсіби деңгейін анықтайтын негізгі факторлардың бірі. Ақпараттық ағын күшейген сайын, шынайы ақпараттың құндылығы арта түседі. Журналист тек ақпарат жеткізуші емес, ол - қоғам санасын қалыптастырушы тұлға. Сондықтан әр журналист медиа сауатты болуы тиіс. Бұл тек оның жеке беделі үшін емес, бүкіл қоғамның дұрыс ақпарат алуына тікелей әсер етеді.

 

Материалды дайындаған: Тахан мәншүк

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 3-курс студенті

Жетекшісі: фил ғ.к., доцент Р.С.Жақсылықбаева

 


WhatsApp Telegram

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз