Дәлдік пен сабырды талап ететін спорт

    Қазіргі таңда спорт түрлері өте көп. Соның ішінде көпшілік біле бермейтін, бірақ ерекше шеберлік пен төзімділікті қажет ететін спорттың бірі – оқ ату спорты. Бұл спорт сырт көзге қарапайым көрінгенімен, шын мәнінде аса жоғары дәлдікті, мықты жүйкені және терең шоғырлануды талап етеді.

                           

Оқ ату спортының тарихы ежелгі садақ ату мен мергендік жарыстардан бастау алады. Кейін атыс қаруы пайда болған соң, мергендік сайыстар мылтықпен жалғасын тапты. Заманауи ату спорты International Shooting Sport Federation дерегіне сәйкес, Олимпиада бағдарламасына 1896 жылдан енген. Бұл спорт 1904 және 1928 жылдардан басқа барлық жазғы Олимпиада ойындарында болған. Ал әлемдік деңгейдегі жарыстар ISSF аясында ХХ ғасырдың басынан бері өткізіліп келеді. Оқ ату спортының басты ерекшелігі – дәлдік. Мысалы, 10 метр қашықтықтан атылатын нысананың ортасы өте кішкентай болады. Кейбір жарыстарда спортшының нәтижесі ондық үлеспен есептеледі, яғни ең жоғары дәл соққы 10.9 ұпай болып бағаланады. Мұндай көрсеткішке жету үшін адамға тек физикалық дайындық қана емес, психологиялық тұрақтылық, тыныс алу ырғағын бақылау және толық шоғырлану қажет. Бұл спорттың бірнеше түрі бар. Соның ішінде ең кең тараған бағыттардың бірі – винтовкадан ату. Ол әдетте пневматикалық, кіші калибрлі және үлкен калибрлі қарулармен орындалады. Олимпиадалық бағдарламаларда 10 метр, 25 метр және 50 метр қашықтықтардағы нысана көздеу түрлері жиі кездеседі. Винтовкамен атуда спортшының дене қалпы, қаруды ұстау әдісі және тыныс алуды басқаруы үлкен рөл атқарады.

Оқ ату спорты Қазақстанда да біртіндеп дамып келеді. Ел намысын халықаралық жарыстарда қорғап жүрген спортшылардың қатарында Никита Чирюкин, Елизавета Безрукова, Арина Алтухова, Константин Малиновскийжәне Елизавета Патша сияқты мергендер бар. Олар Азия чемпионаттары, әлем кубогы кезеңдері және басқа да халықаралық додаларда жүлделі орындарға ие болған спортшылардың қатарына жатады. Бұл қазақстандық атқыштардың да әлемдік аренада бәсекеге қабілетті екенін көрсетеді. Оқ ату – тек нысанаға дәл тигізу ғана емес. Бұл – адамның өз-өзін басқару өнері. Себебі жарыс кезінде спортшы қарсыласымен ғана емес, ең алдымен өз қобалжуымен, ішкі қысымымен және эмоциясымен күреседі. Сондықтан бұл спорт адам бойында табандылықты, сабырды, ұқыптылықты және төзімділікті қалыптастырады. Көпшілік үшін оқ ату жай ғана қарумен нысана көздеу болып көрінуі мүмкін. Алайда бұл спорттың ар жағында үлкен еңбек, темірдей тәртіп және мықты мінез жатыр. Дәлдікке құрылған бұл әлемде жеңіс көбіне күшпен емес, байсалдылық пен ішкі тепе-теңдікпен келеді.

“Journiverse” білім беру орталығының оқушысы: Берік Дильназ​


WhatsApp Telegram

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз