«Кемел адам» сипаты немесе келмелдену теориясы

«Кемел адам» сипаты немесе келмелдену теориясы

  Адам баласының ең биік мұраты - кемелдікке ұмтылу. Бұл ұғым қазақ дүниетанымында құр қиял емес, өмірдің өзегіне айналған шындық. Кемел адам - тек білімді, не бай, не атақты жан емес. Ол - жүрегі мен ақылы тең түскен, өз нәпсісін жеңіп, қоғамына пайдасын тигізе білген тұлға. Осы жолда бізге темірқазық болар есімдер бар. 

  Бұл ілімнің тамырын тереңге жіберсек, Әбу Насыр әл -Фараби еңбектеріне тірелеміз. Философ адам бақытын ең жоғары мақсат деп танып, оған жетудің жолын ақыл мен ізгілік бірлігінен іздейді. Фараби «қайырымды қала» туралы ілімінде кемел адамды тек жеке жетілген тұлға емес, қоғамның тірегі ретінде сипаттайды. Яғни, адам өз бойындағы қабілетті жетілдіріп қана қоймай, оны орта игілігіне жұмсағанда ғана толық мәнге ие болады. Бұл жерде маңыздысы - білімнің өзі емес, білімнің қайда бағытталғаны. Ақыл егер ардан ажыраса, ол кемелдікке емес, керісінше, күйреуге апарады. 

  Осы ой қазақ даласында Абай Құнанбайұлы шығармашылығында жаңа тыныс алды. Абайдың «толық адам» концепциясы – кемелдіктің ұлттық моделі. Ағартушы адам бойындағы үш қасиетті - ақыл, қайрат, жүректі - бір-біріне қарсы қоймай, үйлесімге келтіруді ұсынады. «Он жетінші қара сөзінде» осы үшеуінің дауын суреттеп, жүректі билікке шығарады. Неге жүрек? Себебі жүрек - мейірімнің, әділеттің, адамгершіліктің ошағы. Абай үшін кемел адам – өзін тәрбиелей алған, нәпсісін тежей алған, әділеттен айнымайтын жан. Ойшылдың «адам бол» деген қарапайым үндеуінің астарында терең философиялық талап жатыр. Адам болу - биологиялық күй емес, рухани еңбек.

  Абайдың шәкірті әрі рухани мұрагері Шәкәрім Құдайбердіұлы бұл ілімді одан әрі тереңдетіп, «ар ілімі» деңгейіне көтерді. Философтың «Үш анық» еңбегі - адам болмысының моральдық өзегін ашатын туынды. Жазушы үшін ар - сыртқы заңнан да биік өлшем. Адам заңнан жалтаруы мүмкін, бірақ ардан қашып құтыла алмайды. Сондықтан ол кемелдікті адамның ішкі сотымен байланыстырады. «Арсыз адам - адам емес» деген кесімді сөзі кемелдіктің шекарасын айқындап береді. Бұл жерде Шәкәрім Құдайбердіұлыадамның еркіндігін шектемейді, керісінше, сол еркіндіктің жауапкершілігін арттырады.

  Кемелдік мәселесін ұлт тағдырымен сабақтастырған тағы бір ірі тұлға Ахмет Байтұрсынұлы. Ағартушының өмір жолы - кемелдіктің практикалық көрінісі. Ахмет Байтұрсынұлы үшін адам болу - тек өзін жетілдіру емес, өз халқының санасын ояту. «Маса» жинағындағы әрбір өлең - ұйқыдағы елге бағытталған рухани серпіліс. Ағартушы тіл ғылымын қалыптастырып қана қоймай, ұлттық ойлау жүйесін түзуді мақсат етті. Демек, кемел адам - тек өзін емес, өз ортасын өзгертетін тұлға.

  Бауыржан Момышұлы кемелдік ұғымын тағдырымен дәлелдеген тұлға. Өйткені Бауыржан Момышұлының өмірі адамдық қасиеттің ең ауыр сыннан өтетін алаңында қалыптасты. От пен оқтың арасында жүріп те қаһарман рух биігін аласартпай, керісінше, мінезін шыңдай түсті. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген сөзі еркіндік пен жауапкершіліктің бірлігін айқын көрсетеді. Қаһарман батырлықты даңқ емес, салмақ ретінде түсінді, ерлікті бір сәттік әрекет емес, ұзақ қалыптасқан мінездің жемісі деп білді. Бауыржан Момышұлының «Намысты нанға сатпа» деген ұстанымы ар-намысты ең жоғарғы өлшемге көтереді. Батыр қорқынышты жоққа шығармай, оны жеңе білуді нағыз ерлік деп санады, өйткені адам ең алдымен өз ішіндегі әлсіздікпен күресуі тиіс. Сыртқы жауды жеңу уақытша жеңіс болса, ішкі жеңіс - мәңгілік. Осылайша, Бауыржан Момышұлы бейнесі кемелдіктің өзегі екеніне көзіміз жетіп отыр.

  Осы ойлар тоғысқан тұста кемелдік ұғымы айқындала түседі. Ол - адамның өзімен ғана шектелетін рухани ізденісі емес, қоғам алдындағы аманатпен астасқан үлкен жауапкершілік. Әбу Насыр әл-Фараби парасаттың жолын нұсқаса, Абай Құнанбайұлы жүректің жылуын қосты, Шәкәрім Құдайбердіұлы ардың биігін бекітті, Ахмет Байтұрсынұлы елдік мұратты алға шығарды, ал Бауыржан Момышұлы қайсар рухтың қандай болатынын көрсетті. Қоғам жанашырларының әрқайсысы бөлек бір шың секілді көрінгенімен, түп негізінде бір биіктікке, адамдық кемелдікке жетелейді. Заман ағысы үдеген сайын, адамның ішкі әлемі әлсіреп, терең ойдың орнын үстірт шешім басып барады. Кемел адам - қателіктен ада жан емес, керісінше, сүрінген сайын сабыр тауып, өзін қайта қалыптастыра білетін тұлға. Ол сыртқы жетістікпен емес, ішкі адалдықпен өлшенеді.

 

Дариға ШАЛМАН, ҚазҰУ-дың 3-курс студенті


WhatsApp Telegram

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз