Кемпірқосақта неге 7 түс бар?

    Жаңбырдан кейін аспанда пайда болатын кемпірқосақ — табиғаттағы ең әдемі әрі қызықты құбылыстардың бірі. Оның түрлі түске боялып, жарқырап көрінуі көпшілікті таңғалдырады. Бірақ неге біз кемпірқосақта дәл 7 түс бар деп айтамыз?Кемпірқосақ Күн сәулесі мен жаңбыр тамшыларының әсерінен пайда болады. Күннің ақ жарығы бізге біртұтас болып көрінгенімен, шын мәнінде оның құрамында көптеген түс бар. Жарық жаңбыр тамшысына түскен кезде сынады, шағылады және бірнеше түске бөлінеді. Осы құбылыстың нәтижесінде аспанда кемпірқосақ пайда болады. Ғылымда бұл жарықтың сынуы мен таралуы арқылы түсіндіріледі. 

Негізінде, кемпірқосақ тек 7 түстен ғана тұрмайды. Онда бір түстен екіншісіне біртіндеп өтетін өте көп реңк бар. Алайда адамдар оны түсініп, есте сақтауға ыңғайлы болу үшін 7 негізгі түске бөліп қарастырған. Олар: қызыл, қызғылт сары, сары, жасыл, көк, көгілдір (индигоға жақын түс) және күлгін. Бұл жіктеуді алғаш жүйелеген ғалым — Isaac Newton. Ол ақ жарықтың түрлі түстерден құралатынын көрсетіп, спектрді жеті бөлікке бөлген. Кей деректерде оның мұны музыкалық жеті нотаға ұқсастырып жасағаны да айтылады. 

Шын мәнінде, қазіргі ғылым кемпірқосақты үздіксіз түс жолағы ретінде қарастырады. Яғни, аспанда біз көретін түс саны нақты жетімен шектелмейді. Тіпті кейбір жағдайда кемпірқосақта кей түстер анық көрінбей, өзгелері басым болуы мүмкін. Бұл күн сәулесінің бұрышына, ауадағы ылғалға және тамшының көлеміне байланысты өзгереді. Кемпірқосақтағы 7 түс — Күн сәулесінің жаңбыр тамшылары арқылы бөлінуінің нәтижесі. Ал оның дәл жеті деп қабылдануы — адамның табиғатты жүйелеп, түсіндіруге тырысқан тәсілі. Демек, кемпірқосақ — тек әсем көрініс емес, жарықтың құпиясын көрсететін ғажайып табиғи құбылыс.

«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Серикбаева Аяулым


WhatsApp Telegram

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз