Əйтілес аппақ, ақ қарбас, соқыр қарт етектей сақалын балуан бармақтарымен саладай тарап отыр еді. Күмістен құйғаңдай тұп-тұтас ақ сақалы кеудесін жауып:
— Оқыңдар шулап! Ақ-қ, тфу!.. — деп есіктен асыра түкіріп жібергенде, босағада отырған балалар селк етіп:
— Ағузе… Бесмелла, рəсіре… рəсіри… рəтүре… рəрире!.. — деп, қоя берер едік… …
Жалпақжаз. Сай-салада сағым ойнаған саршаның тамызы. Саясыз жайлаудың жан-жануары келге тығылып қана сая табады. Күннің көзінің өзі де күн ұзын көлге шомылып жанын сақтайтындай… Шалқыған шаңқай түс кезінде адамның көлеңкесі де саялауға жер таппай бауырына кіріп кетеді. Жалғыз-ақ, жүні түспеген көпей тайыншаға ұсап, қойшы-малшылар ғана жалба-жұлба тері тон мен жабағы күпісін тастай алмайды. Қойшылардың өздері күнге күйіп құрысып, кішірейіп, күпілері ғана өсіп бара жатқан сияқтанады. Самайынан сағал-сағал тері шұбырған тезекші əйелдер ғана алты қырдың астынан тезегін арқалап, əрең қалтандап келе жатады.
Біз көгендеген қозыға ұқсап, мұрынды тарта түсіп, Əйтіллес үйінде, надан молдадан надандық оқып отырмыз. Келешекте құлдықтан бас тартпай, "Оң жағыңа ұрса, сол жағынды тосатын" кеще адамдар əзірленіп жатырмыз…
Ертемен төрт бұрышы жемірілген ескі тоқым сияқты "Иман шартымды" қолтығыма қыстырып сабаққа келсем, балалар жиналмаған екен. Іркіт сабасындай іркілдеген молда мен саудагер Рамазанға соқыр Əйтілес ескі күндердің əңгімесін шертіп отыр. Тот басқан əңгімені жанып-жанып жаңартып, жалт-жұлт еткізеді. Көзден айырылған соң барлық жарықты көңілі мен құлағына жинаған қарт, ескі күндерді тымактай бұлғап, төңкеріп-төңкеріп алады:
— Аттың құлағында ойнайтын жас кезіміз… Сексеннің екісінде ме екен, үшінде ме екен, сол кезде Жанай балуан, қайраты қайтса да, болат жүрегі мойымаған кезі еді… Даусы саңқылдап шаңырақта ойнар еді. О кісі сөйлегенде іргеде ғана отырып ойымызға тоқи берер едік…
Сол кісі айтады-ау:
— Баяғыда бала кезімізде Жалпақ балуанға еріп, Ергенектінің елін шабуға аттандық, — дейді. Жалпақ балуан Бала бидің батыры екен, бір күні Бала би шақырып алып:
— Уа, Жалпақ! Ергенекті елімізді екі рет шапты. Бірінде мен тоналдым, бірінде сен тоналып едің: мен малымды бердім, сен жанынды бердің. Жаңынды бергенің емей немене, қырық жетіні қырқа матап беріп отырған қалындығынды бергенсің!.. Білетін бе едің? — дейді.
— Ол кезде сен жас едің, дұшпаннан кек алу былай тұрсын, жауға өзің кездесіп қалып, астындағы тайынды беріп əрең құтылған болатынсың… Қазір сен Жалпақ балуан атандың, ол кекті қалай ұмытып жүрсің?.. — дейді.
Ол кезде өзгеге шыдаса да, намысқа шыдаған ба, Жалпақ балуан ұшып тұра келіп:
— Би, маңдайда бір қара таңбам бар екенін білмей жүр екемін: қалындық сенікі емес, басқанікі деуші еді. Астымнан атымды алғанда алты-ақ жаста едім… Жеңсем жауды алам, жеңілсем жауда қалам, аттандым сəрсенбінің сəтіне! — дейді де, жүре береді Жалпақ балуан…
— Тоқта, батыр! — деп Бала би тоқтатыпты да, былай депті:
— Баруын барасың, елін де шабарсың. Бірақ қатын боп калған қалыңдықтың қызығына түсіп кетпей, жер қайысқан қалың жылқыға да көзіңді саларсың, — дейді.
—… Сонымен сақадай сайланған қырык жігіт маңдайды батысқа қойып, төскейді үзеңгіге ала тартып жөнелдік, — дейді.
Жалпақ, жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай, сыртынан қарағанда құйған пештей болып, оқ бойы алдымызда отырады; астында сар қасқа аты бар, шекіп тастап, оқтаудай ойнап, киіктей орғып келеді. Бөкен жортқан ат өмірде үзеңгілесе алмайды…
Алты қонып жетіншіге асқан күні, қоңыр іңір кезі еді:
— Осы бір тегін адам болмаған шығар… Түнейік осы молаға, — деп Жалпақ балуан атынан секіріп түсе қалды, — дейді…
— Түстік… Айналасы алпыс қадам, үлкен қара мола екен. Маңдайында жазуы бар. Қырқымыздың бір де біріміз қара танымайды екеміз ғой, жазуды айыра алмадық, - дейді.
— Соны ойлағанда балалардың оқығанын ішім ұнатып отырады. Уезге шамасы келмесе де, болысқа арам бауыздатпас па екен деп ойлаймын да баяғы… — деп Əйтілес карт бір күрсініп:
— Құрт берші балаларға! — дейді кемпіріне.
— Шақпақ шағып, тез тұтатып, от жақтық. Қақтаулы қапқыштан бір-екі қаптық та, ер жастанып, тоқым төсеніп жаттық та қалдық…
Үркер жамбасқа келіп, сұлу Шолпан мандайға таянғанда, Жалпақ батыр атып тұра келіп:
— Жігітгер, төс айылды бос, артқы айылды аямай тартындар… Күн найза бойы көтерілген кезде не қалың жауға, не қалың жылқыға кездесерміз… Менің тілегім болса жауға кездесерміз. Бидің тілегі болса жылқыға кездесерміз: жылқыға да көзің сал деп еді. Ай, соның тілегі болар-ақ… - деді, дейді.
Батыр мұны неден болжады десек, сар қаска ат құлағымен алысты нұсқап, жер тарпып тұр екен… Тартып кеп кеттік! — дейді.
Қатып қалған саңдақтар ұршықтай ойнап, бөкендей бүктетіліп, жер сүзгілеп, ауыздықты қарш-қарш шайнайды. Күн де шанышқақтап найза бойы көтерілді, ойды-қырды алып жатқан қалың жылқыға біз де келіп кірдік, — дейді.
"Жошыбайлап" біз де жылқыға тиістік. Екі салт жылқыдан сытылып, төскейге бет қойып, тартып та берді — қумадық, — дейді.
— Жылқының бір шетін төңкеріп, қиқулап келе жатқанымызда, бота көз бір қыз тезек арқалап қосқа қарай жүгіріп келеді екен, өн бойым ұйып қоя берді, — дейді. Астымда "құлан тұяқ құдай көк" деген атым бар (ол кездегі адам құдайды біле ме!..), сыдыртып келіп қызды іліп алып, артыма мінгестіріп-ақ алдым. Екі қолын белбеуіме қыстыра тастап, кете бердім. Шашын жайып, "құлыншағымдаған" шешесінің даусы ғана естіліп қалды… Ол дауыс маған шаққан масадай да білінген жоқ, — дейді.
Əлден уақытта құрық үстіне құрық жаудырып, ну жылқыны иіріп бетін түзеп, екі қырдың астына түсірдік-ау!.. Сол кезде Жалпақ балуан менің артымдағы қызды көріп, батырдың салғырт көңілі ауып кетті білем:
— Сауға, — деді саңқ етіп, — дейді.
— Сауғаңа жараса, не арманы бар, ал батыр! — дедім.
Қатарласып келіп қыздың мандайынан сипап, толқынды қара шашынан бір сүйді де, жүре берді. Манадан оты өзегіме өтіп келе жатқан қыз, содан кейін арқама жабысқан көлбақаға ұсап, сұп-суық болып сала берді… — дейді.
Жылқының денін бөліп əкеттік-ау деймін. Төңкеріліп айдатпай келеді. Анда-санда енесінің бауырында шұрқыраған құлын-тай қақтығып құлап, қалып та келеді.
Жылқының жатқан жерінен жарты көш шыққан кезде артымыздан жұлындай болып бір қара керінді. Аққан жұлдыз ба дерсің, көзді ашып-жұмғанша келіп араласып та қалды.
Көпті көрген көне жылқышы екен, басқамызға қайырылмай тұптура Жалпақ балуанның шылбырына орала түсіп:
— Байды шапқаның шапқан, малды алғаның алған, жылқышының жалғыз қызын қайтесің, батыр… Еркек десең өзімді əкет, қызымды қайтарып бер. Сорлы анасы аңырап қалды ғой. Тар құрсағын кеңейткен, тас емшегін жібіткен жалғызы еді, — деуі қалай?
Батыр оны алаң қылсын ба, мырс етіп күледі де, қасында келе жатқан Кейкі деген жігітке иек қағады. Кейкі қандай албырт, жылқышыны жалбағайдай жұлып алады да, айналдырып-айналдырып, лақтырып жібереді де, тобылғы торы бесті киіктей орғып ойнап шыға береді. Екі-үш жігіт куып беріп еді, қарайлатпады: жылқышыны əкеп беріп қайтайын деген немеше, құйрығын шаншып алып бір-ақ тартты… — дейді.
Артымдағы кыз еңіреп жіберді де, белімдегі білегін суырып-ақ алды. Алдыма алып анықтап қарасам, мөлдіреген бота көзінен меруерт жасы барлап-ақ кеткен екен… Адам баласының қызғалдақтай үлбіреген сұлуы бола береді екен, қарысып қалған білегіммен құшақтауға аядым, — дейді (Жанайдың да қолы қатты кісі еді).
Тағы да қозы көш жер кеттік. Жылқышы өлі ме, тірі ме, — көңілімізде көлеңке де қалған жоқ. Айғайға жылқы баласы қандай желігеді, тасыр-тұсыр қырылып келеді…
Бір мезгілде артқа қарасақ, тұйғындай түйіліп, жұлдыздай ағып, артымыздан бір қара тағы келіп калған екен!..
— Ау, тоссандаршы! — дегенше болған жоқ, орап алдымызға шықты. Тек ағарандаған бірдемені ғана көріп қалдық.
— Апатайым-ай! Сор айдап əкелді ме! — деді, артымдағы қыз.
Астында манағы торы бесті, əлгі жылқышының əйелі, артымдағы қыздың анасы екен! — дейді. Қиқулап жылқының оң жағына бір, сол жағына бір шықты да, айналып барып алдына түсіп, оң жаққа қарай тарта кеп жөнелді, — дейді. Жылқы да оның соңынан еріп, шығысқа қарай салуы қалай?
Біз былай кайырамыз, жылқы олай қашады. Торы бесті маңайлатпайды. Найза суырып, сойыл сілтейтін жерге келтірмейді. Əлденеше рет жылқыны бұрып алдық. Жылқы бет-бетімен жарыла қашты. Құрық үстіне сойыл жаудырып бұрмаласақта болмады, бір бүйірде жатқан өзеннің жалғыз есік кең аралына қалың жылқы келді де енді, — дейді. Аралға енгесін, қалың жылқы айдатпапты…
Аралдың ортасында бір төбе бар екен, əлгі əйел соған шығып алып, жаулығын бұлғап, бəрімізді шақыруы бар емес пе!.. Шаншып-ақ тастаймыз ғой деп төніп келгенде:
— Менің атым əйел, мына қыздың анасымын! Бəрің де анадан тудындар! Анамен алыспайды да, атыспайды да. Нең бар еді менің жалғызымда? Кел, ботам, өзіме! — дегенде қолымдағы қыздың қалай ыршып кеткенін білмеймін, секіріп барып шешесінің мойнына асылды, — дейді. — Терімізге сыймай, қабағымыздан қан жауып тұрған бізде жұмысы да жоқ, шешесі қызын, қызы шешесін жұбатып өзді-өзі болды да қалды. Сол кезде манағы Кейкі шыдамай кетіп:
— Батыр, лұқсат етсең, екеуін екі тайға теңдеп алып жүрейін. Қызы қатынға, шешесі отынға жарар, — дейді.
Жалпақ Кейкіге қарап, алақандай көзін бір төңкереді де:
— Жаным, сен неткен жансың? Сені қазақтың қатыны шығар да, өзімді батыры шығар деп ойлаймын… Жөніңді айтшы! — дейді əйелге.
— Батыр, атыңнан түс! Артыңнан қуып келетін ешкім де жоқ. Сен бұл елді шабуға келсең, бұл ел де басқа бір елді шабуға кеткен. Асықпай-ақ айдап бар, жауабын да асықпай берерсің! — дейді əйел Жалпақ балуанға.
Содан кейін бəріміз де аттан түсіп, төбені айнала отырдық. Бұл қар қатынның қай шатасқанын тындайын деп отыр деп бəріміз Жалпаққа ренжідік, — дейді.
Аздан соң əйел құшағындағы қызды босатады да, сөзіне кіріседі:
— Мен мына қыздың шешесімін. Қызым қазір он бесте. Дəл қызымның жасында өзім де сергелдеңге ұшырап едім. Соның суық ызғары табанымнан, қара таңбасы мандайымнан əлі кеткен жоқ…
Елім дейтін елім бар дейсің бе: сай сағалап, өзен жағалап жүретін төрт үйлі бір ауыл болыпты, сол ауылда Сонар дегеннің қызы едім… Қай ел екенін білмеймін, елсізде туғыр Бала би деген баласын сүндеттетіп той істеп, ат шаптырғанда бас бəйгіге құл бастатқан тоғыз, бас балуанға күң бастатқан тоғыз тігіпті. Бəйгіге өз қызын берсін бе, айнала қыз іздепті…
Əкем арбасын жондеп, шешем көжесін қайнатып жатыр еді, он шақты салт атты сау ете түсті:
— Жігіттер, жол болсын! — деп əкем жолай айтқанда:
— Жол болмаса болмасын, қыз болсын! — деп, қосқа сүйеніп тұрған мені қағып алды да, шауып кете берді…
Ертеңіне шапқан ат, күрескен балуанның қызығы біткесін жабулы нарға мінгізді де, мені бəйгіге беріп жіберді. Күреске түсіп, мені бəйгісіне алған Байсары деген балуан екен, еліне келгесін Құлтеке деген байына байлады. Құлтеке бай мені бір құлына отастырды да, екеумізді де сауынға салды. Онда көп жасағанда екінші аттың бəйгісіне тігіліп (алғашқы жолы бас бəйгіге тігілген екем), осы өздерің шапқан Сары деген байдың қолына көштім. Маған атастырған құл бас бəйгіге тігіліп, басқа бір елге кетті. Сары байдың Қайрақ деген жылқышысы бар екен:
— Өміріңде босағанда болайық, — деп байдан сұрап, мені қатындыққа алды.
— Бірің жылқышы, бірің сауыншы болып жүре тұрындар, кейін босатармын, — деп еді Сары бай. Содан бері он бес жыл өтті. Байым бүгін өліп босанды, өзім осы орталарыңда отырған. Күңдіктің ұзын құрығы сарт етіп қызыма түсе қалғасын, соңдарыңнан қуып келіп тұрмын! Нағып қорықпай қуып келдің демеңдер: он бесімде өзім де тап осы қызымдай едім; сендердің қолдарында кетсе, енді он бес жылдан соң қызым да тап қазіргі мендей болмай ма? Мен үшін бұдан артық қорқыныш та жоқ, қорлық та жоқ. Сол мені айдап əкелген! Берсеңдер тірі қайтам, бермесеңдер өлі алып қайтам! — дейді.
Мана əйелді асап қоярдай боп тұрған жігіттер, құлағымыз салбырап, күмілжи беріппіз; не сұрау, не жауап бере алмай, жерді шұқи бердік, — дейді. Əйел оны сезе қояды да:
— "Тең — теңімен" деп, он бес жыл отасқан байым еді, сүйегін жолда көрдім. Білектің күшін, найзаның ұшын не күші теңдеске, не иығы тендеске жұмсаған жоқсындар. Жағаласқан жау емес, жалбарынған сор емес пе еді, оның құнын қалай өтейсіндер?.. Құлынға қосақтап қызымды əкетіп барасындар, бұларың да не ерлікке, не əділдікке жанаспайды. Ең мықтағанда еліңе бір күң апарып қосасыңдар. Қызым сендерге барса күң болады, өзіммен қалса тым болмағанда, өз етегімде еркін еркелейді. Сондықтан қызымды алып қайтам! — депті.
Өмірінде əйелден мұндай сөз естімеген əумесер Кейкі былай депті сонда:
— Əйел еркекке қатындыққа жаралған. Біздің далада одан басқа не бітіреді олар? Қызды сатып алсаң да қатын, тартып алсаң да қатын… Жігіттер, мына қатынның сөзін қойдырып, өзін де ала жүрейік. Теретін тезек біздің елде де бар! — дейді.
Манадан ойға көміліп, тұнжырап отырған Жалпақ таудан құлағандай құлап отыр екен. Ұшып тұра келіп сары қасқа атын əлгі əйелге тоса береді де:
— Өз бойымнан бере алатын айыбым осы-ақ, жеңгей. Олқысынбай ала көр. Күндіктен босанғың келсе, мына жылқыдан қалағаныңша ал да, жердің шетіне дейін көше бер. Бірақ жер жүзінде күңдік пен құлдық жоқ ел бар дегенді естігенім жоқ еді, сондықтан өзіме еріндер: қанаттыға қақтырмайын, тұмсықтыға шоқыттырмайын! — дейді. Сонда əйел тұрып:
— Осы жылқының қаншасы өздеріңе тиеді? — деп сұрайды батырдан.
— Кім біледі, біреуі де тимес… Оны би біледі… — дейді Жалпақ балуан.
— Ендеше, жылқы да ал деме, атынды да берме, саған ере алмаймын да: сен де еліңе жеткенше ғана ерікті батырсың, еліңе барғасын сен де еркіңнен айрыласың: не байдың, не бидің сойылы боп қаласың. Батыр-балуанды көріп жүрміз ғой. Сені батыр деп жұмсайды да, мені қатын деп жұмсайды: айырмасы осы-ақ. Бірақ сенің еркің менікінен еркін болмайды. Солай емес пе, батыр? — дейді əйел.
Жалпақтағы да мойнын салбыратып отырады да:
— Біз даланың ессіз есерлеріміз ғой. Көзге түрткенде ғана селк етеміз. Көзге түртпесе көрмейміз. Сен көзімнің оқырасын алып, шымылдығын аштың. Əлгінде ғана қызынды сауғаға алып, кең өмірімнің аз ғана ойыншығы етермін деп ем. Енді одан қайттым. Өз еркім өзімде тұрғанда, мен де бір адамға ерік берейін, қыз сенікі. Желден де еркін өмір сүріндер! — дейді.
Бишараның боз көйлегі жырым-жырым. Қолдары қарғаның тұяғындай қап-қара! Ерні қырық тілінген, жарық-жарық Бірақ түйілген қабағынан, от жанған көзінен жаның шошырлық. Жалынған жоқ, сасқан жоқ, қырық жігітті билеп əкетті, — дейді.
Жалпақтың соңғы сөзін естуі-ақ мұң екен, бірі сары атқа, бірі торы бестіге мініп, екі əйел ойнап шыға берді.
Бір кезде əйел, сар қасқа атты қалт тоқтатып, артына бұрылып:
— Керей деген ел көрсеңдер, сəлем айт, Жалпақ деген батыр көрсендер, сəлем айт! — деді де, жөнеле берді. Əйелді аттандырған бойы тұра кеп тұрған Жалпак балуан гүрс етіп құлап түсті. Біз де сонда ғана есімізді жиыппыз. Айтып-айтып не керек, жылқы да қалып, Жалпақты сүйеп елге əрең жеткіздік, — дейді.
— Шіркін, əйелдің де əйелі екен, — деп Жанай балуан ылғи айтатын еді, — деп Əйтілес қарт сақалын тағы бір салалап қоятын еді…
Балалар манадан бері тынып қалғандарын енді ғана білгендей:
— Рəсірə, рəсіри, рəтүре рəрирə… - деп, қайта шуласып кетер еді.
Айман
Ананың анасы әңгімесінің (қысқаша мазмұны) негізгі мазмұны - ел арасына кең тараған аңыздан алынған. Мұнда елді шауып, жазықсыз жас қызды зорлап алып бара жатқан батырды қыз анасының сөзбен тоқтатып, жеңгені, сөйтіп, оның қызын жау қолынан азат етуі баяндалған. Шығарманың мазмұны, Әйтілес ақсақалдың «етектей сақалын балуан саусақтарымен салалап тарап» қойып өткен өмір оқиғасын баяндауынан басталады.
Әңгімеде намысқа шабар білегі, әділетті таныр жүрегі бар, бірақ ел әкімдерінің алдауына түскен аңғал батыр Жалпақ балуанның Бала бидің қолшоқпары болуы, жүрегін жарып шыққан қызының тағдырына шырылдап арашашы бола білген абзал ананың өжеттігі айтылады. Шығармада ананың жарық дүние сыйлаған баласына деген махаббаты, содан туындайтын ана бойындағы күш-қуат, ізгілік, адамгершілік қасиеттер бейнеленеді. Ананың құдіреті баяндалады.
Айман
Ғабит Мүсіреповтің «Ананың анасы» әңгімесі – ана махаббаты мен ананың батылдығын, қайсарлығын көрсететін әсерлі шығарма. Бұл туынды қазақ әйелдерінің ерлігі мен даналығын бейнелейтін шығармаларының бірі.
Әңгімеде қатыгездік пен мейірімділіктің күресі суреттеледі. Жас ана өз қызын құтқару үшін өлімге қарсы тұрады. Бас кейіпкер – жау қолына түскен бір жас ана, ол нәрестесін аман алып қалу үшін жанын пида етуге дайын. Оның ержүректігі мен аналық махаббатының күші жау сарбаздарын да таңғалдырғаны баяндалады.
Бұл әңгіме Ғабит Мүсіреповтің ана туралы философиялық ойларын тереңдете түсетін шығармаларының бірі. Ол арқылы автор ананың тек нәзік жаратылыс емес, сонымен бірге ержүрек қорғаушы екенін көрсетеді.