ҚазҰУ – арманнан шындыққа дейінгі жол

Мен үшін ҚазҰУ – тек университет емес, бала күннен бері жүрегімде аялап, армандаған киелі қара шаңырақ. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде мен әрдайым болашағымды елестетіп, өзімді дәл осы оқу орнының студенті ретінде көретінмін. 10–11 сыныптарда бұл арманым айқындала түсті. Достарымнан, интернеттен және әлеуметтік желілерден университет туралы естіп, әртүрлі бейнероликтерді қызыға қарадым. Әрбір көрген суретім мен бейнежазбам менің таңдауымның дұрыстығына сенімімді нығайта түсті. Сол кезде ішімде мызғымас мақсат пайда болды: “Мен міндетті түрде осы беделді университеттің  студенті боламын.”

2025 жылы менің көптен күткен арманым шындыққа айналды – мен ҚазҰУ-дың Экономика факультетінің логистика мамандығына оқуға түстім. Сол сәттегі кеудемді кернеген қуанышымды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Түсу құжатымды қолыма алған сәттен бастап өз еңбегімнің, ұйқысыз өткен түндерімнің жемісін көргенімді сездім. Бұл жеңіс маған өзіме деген үлкен сенімділік сыйлады. Ішімде мақтаныш, сенім, қуаныш және аздап толқу араласқан ерекше сезім орнады. Бұл тек университетке түсу емес, үлкен өмірдің даңғыл жолына жасаған алғашқы нық қадамым еді.

Мен ҚазҰУ-ды таңдаған себебім кездейсоқ емес. Біріншіден, университеттің халықаралық деңгейдегі беделі жоғары және білім сапасы Қазақстандағы ең үздік көрсеткіштерге ие. Мұндағы әрбір аудитория мен дәліздер білім мен ғылымның лебін сездіреді. Мұнда заманауи оқу бағдарламалары, әртүрлі пәндер және мазмұны терең дәрістер ұсынылады. Профессорлар мен оқытушылар құрамы тек теориямен шектелмей, өздерінің көпжылдық тәжірибелерімен бөлісіп, студенттерге білім алу процесінде жан-жақты қолдау көрсетеді.

Екіншіден, факультеттегі сабақтардың мазмұны мен құрылымы мені алғашқы күннен-ақ баурап алды. Логистика мамандығы бойынша пәндер тек кітаптағы мәліметтермен шектелмей, әлемдік нарықтағы заманауи әдістер мен күрделі логистикалық жүйелерді терең түсінуге бағытталған. Біздің мамандық — бүгінгі жаһандану дәуірінің күретамыры, сондықтан оны оқу маған үлкен жауапкершілік жүктейді. Сабақтар интерактивті, қызықты кейстер мен практикалық тапсырмалармен толықтырылады, ал заманауи оқу құралдары білімді жеңіл әрі тиімді меңгеруге шексіз мүмкіндік береді.

Үшіншіден, университеттің кең мүмкіндіктері мен жалындаған студенттік өмірі ерекше. Мәдени іс-шаралар, спорттық жарыстар, волонтерлік жобалар мен ғылыми клубтар арқылы әр студент өз бойындағы жасырын қабілетін аша алады. ҚазҰУ қалашығы — бұл жастардың өзін-өзі дамытуына арналған нағыз интеллектуалды орталық. Кампустың бай кітапханасы, инновациялық зертханалары мен заманауи компьютерлік сыныптары кез келген жобаны сапалы орындауға жағдай жасайды. Мен өзімді осы үлкен университеттің ажырамас бөлігі ретінде сезінемін, мұнда адал достар тауып, кәсіби тұрғыдан өсуге жол аштым.

Қазіргі таңда мен өзімді шексіз бақытты әрі ертеңіме сенімді сезінемін. Себебі мен өзім қалаған, рухымды шыңдайтын ортадамын. ҚазҰУ мен үшін тек білім ордасы емес, бұл – жарқын болашағымның іргетасы, балалық армандарымның ақиқатқа айналған мекені.

ҚазҰУ менің білім алуым мен тұлғалық қалыптасуым үшін шексіз мүмкіндіктерге жол ашты. Мұнда алған терең білімім, факультеттегі қызықты сабақтар мен ғылыми жобалар, семинарлар мен пікірсайыстар менің кәсіби дамуыма берік негіз болады. Университет студентке тек академиялық білім беріп қана қоймай, оның бойындағы көшбасшылық қасиеттерді оятып, жаңа белестерге ұмтылуға шабыттандырады. Осы қасиеттер маған өмірдің кез келген сынағында жол тауып, еліме пайдалы маман болуға көмектеседі. ҚазҰУ маған жаңа идеяларды жүзеге асыруға және болашаққа нық сеніммен қарауға күш берді. Сондықтан мен өз таңдауыммен мақтанамын.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің Логистика мамандығының 1 курс студенті-Бақтыбекова Айдын

Қазақстан тарихы кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты У. М. Джолдыбаева

 

 

 


WhatsApp Telegram

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз