Соңғы жылдары отандық кино индустриясының қарқыны таңғалдырады. Статистикаға сүйенсек, прокатқа шығатын қазақстандық фильмдердің саны жыл сайын 30-40%-ға артып келеді. Сан жағынан басқаларды басып озсақ та, сапа тұрғысынан көңіл көншітпейді. Экранға қарап кино көрейін десең, қарның ашады. Қазіргі кинолар ене мен келіннің бітпейтін дауы, белден төмен арзан әзілдер, шетелдегі тайпалардан қашып-тығылу сынды тақырыптарды қозғай беруден жалықпайтын секілді. Әсіресе, кейіпкерлерді сомдаудағы таптаурын әдістер көңіл қалдырады. Байды міндетті түрде орысша шүлдірлетіп, ал кедейді барынша мүсәпір, аянышты ететін режиссерлеріміздің қиялының шектеулігін білдірсе керек.
Ең сорақысы, сапасыз дүние түсіріп, халықтың намысына тию арқылы касса жинау әдісі үдеп барады. Яғни, «халқым, отандық өнімді қолдайық, қазақ киносына қолдау көрсетіңіздер!» деп жар салып, көрерменді ашық манипуляцияға ұшыратады. Осылай киноны үлкен кәсіпке, ақша табудың оңай жолына айналдырғандар көбейді. Тіпті, барынан айырылып, үйін сатып, қарызға батып кино түсіретіндер де жетерлік. «Жайдарманнан» шыққан кейбір азаматтардың киноны тек КВН сахнасының жалғасы ретінде көруі индустрияның деңгейін әлдеқайда түсіреді.
Кино саласында тағы бір мәселе кәсібилікке деген құрметтің жоқтығы. Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясында төрт жыл бойы Станиславский жүйесін оқып, сахна тілін меңгерген, образдан образға енудің техникасын білетін нағыз мамандар кастингтен өте алмайды. Неге? Өйткені олардың Instagram-да миллиондаған оқырманы жоқ. Кино мен вайнды режиссерлар шатастырып алған жоқ па екен? Кәсіпқой маман шеттетілген жерде сапалы туынды тумайды.
Әрине, «күріштің арқасында күрмек су ішеді» демекші, барлық киноны жаман деуден аулақпыз. Бізде нағыз таланттар мен өз ісінің шеберлері де жоқ емес.
Режиссер Думан Еркімбектің «Ғашықпын саған» және «Қайтадан» фильмдері көрерменнің ықыласына бөленіп, жоғары бағаланды. Кәсіпқой актерлер мен актрисалар таңдалуы, сауатты сценарий және жоғары деңгейлі техникалық жұмыстың болуы оның туындыларына танымалдылық пен қомақты кассалық табыс әкелді. Ал Айтөре Жолбасқалидың «Ауру» фильмі отандық индустрия үшін үлкен серпіліс болды. Бұл шығарлым тек Қазақстанда ғана емес, әлемдік нарыққа шығып, халықаралық деңгейде мойындалды. Оның ерекшелігі – қоғамдағы өзекті мәселені, адамның ішкі арпалысын жоғарғы сапада көрсете білді. “Ауру” фильмі – қазақ киносы үшін жаңа деңгей десек қателеспейміз.
Иә, бүгінде экранды «арзан дүниелер» жаулап алғандай көрінеді. Бірақ нағыз өнер уақыт сынынан сүрінбей өтетінін ұмытпағанымыз жөн. Жас режиссерлер мен сценаристердің ізденісі мен талпынысы бізге үміт сыйлайды.
Мен қазақ киноиндустриясына сенемін. Біз «бесігімізді», яғни, киномызды түзейтін күнге жақынбыз. Ол үшін көрермен ретінде біз де талғамымызды биіктетіп, сапасыз дүниеден бас тартуымыз керек. Сонда ғана «арзан кино абырой әкелмес» деген келеңсіздіктен құтыламыз.
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
3-курс студенті Толепбергенова Айнамкөз
Жетекшісі: Наурызалиев Нұрлан
- Дональд Трамп
- Дональд Трамп
- Дональд Трамп
- Азамат Төре
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі