Кітап – рухани дамудың қайнар көзі - Амангелді Жұлдызай 

    Кітап оқу – адамды ерекше бір әлемге жетелейтін, ой-санасын кеңейтетін маңызды үрдіс. Әрбір оқылған шығарма жаңа идеялар ұсынып, өмірге деген көзқарасты тереңдетеді. Кітап арқылы түрлі кейіпкерлердің тағдырымен танысып, олардың қуанышы мен қайғысын бірге сезінуге болады. Сондықтан кітап тек білім көзі ғана емес, сонымен қатар адамның рухани дамуына ықпал ететін маңызды құрал.

Оқырманға ерекше әсер қалдыратын шығармалардың бірі – Талас Әсемқұловтың «Бекторының қазынасы» әңгімесі. Бұл туындыда Бекторы бейнесі «Ертөстік» ертегісіндегі кейіпкер негізінде алынған. Әңгімеде Бекторы бірде пері, бірде періште ретінде сипатталады. Оның мұндай екіұшты бейнесі адамның өз таңдауына байланысты болашағының қалыптасатынын аңғартады.

Шығармадағы басты кейіпкер Қайырболды – ата-анасынан ерте айырылып, ата-әжесінің тәрбиесінде өскен жас жігіт. Әжесінің еркелетіп «немелтайым» деуі оның отбасылық жылулықты сезініп өскенін көрсетеді. Қайырболды үшін Бекторы зұлым кейіпкер емес, керісінше мұқтаж жандарға көмектесетін, мейірімді бейне ретінде көрінеді.Әңгіме арқылы өмір жолында жасалатын әрбір шешімнің маңыздылығы ашылады. Адамның жүрегі – оның басты өлшемі. Жүректің тазалығын сақтау – қандай жағдай болмасын адамгершіліктен айнымаудың белгісі екені шығармада терең жеткізіледі.

Қазақ әдебиетіндегі көрнекті туындылардың бірі – Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі» повесі. Шығарма екі жолаушының диалогынан басталып, «Шұғаның белгісі» аталған төбешіктің тарихын баяндауға ұласады.

Повесте байдың жалғыз қызы Шұға мен мұғалім Әбдірахман арасындағы кіршіксіз махаббат суреттеледі. Алайда әлеуметтік теңсіздік пен әділетсіздік олардың бақытына кедергі келтіреді. Шұғаның әкесі Әбдірахманға жала жауып, оны елден кетіреді. Сүйіктісінен айырылған Шұға қайғыға шыдамай, ауыр дертке шалдығады. Кейін Әбдірахман елге оралғанымен, бұл кезде Шұға өмірден өтіп кеткен болады. Осы оқиғадан кейін бұл жер «Шұғаның белгісі» деп аталып кетеді.

Бұл шығармада сол дәуірдегі әлеуметтік теңсіздік пен адам тағдырының күрделілігі айқын көрініс табады. Повесть қайғылы аяқталғанымен, онда шынайы әрі пәк махаббат бейнесі терең суреттелген. Жалпы, әрбір кітап өзіндік сюжеттік желісімен ерекшеленеді. Кітаптың басты құндылығы – оқырманды басқа әлемге жетелеуінде. Оқу барысында адам кейіпкерлермен бірге қуанып, бірге мұңаяды, олардың өмірін бірге өткендей әсер алады. Бұл – фильмнен де әсерлі, себебі әр оқырман оқиғаны өз қиялымен елестетеді.

«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Амангелді Жұлдызай 


WhatsApp Telegram

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз