Алаш зиялылары арасында еркін ой айтып, қоғамдық мәселелерге белсенді араласқан қазақтың қайраткер қыздарының бірі – Нәзипа Құлжанова. Ол – қазақ қоғамының көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері әрі алғашқы қазақ журналист әйелдердің бірі. Нәзипа қазақ қыздарының тағдырына бейжай қарамай, олардың құқықтары мен мүмкіндіктері үшін батыл түрде үн көтере білді.
Нәзипа Құлжанова 1887 жылы қазіргі Қостанай облысында дүниеге келген. Жастайынан білімге құштар болып өскен ол мұғалімдік мамандықты таңдап, өмірін халықты ағартуға арнады. Әсіресе қазақ қыздарының білім алуына ерекше көңіл бөліп, олардың қоғамдағы орнын арттыруға күш салды. Сол кезеңде әйелдердің қоғамдағы рөлі шектеулі болғанына қарамастан, Нәзипа теңдік идеясын батыл насихаттады.
Ұстаздық қызметпен қатар, ол қазақ баспасөзінде де белсенді еңбек етті. Түрлі газет-журналдарда мақалалар жариялап, қоғамдағы өзекті мәселелерді көтерді. Оның еңбектерінде бала тәрбиесі, әйелдің қоғамдағы орны, білім беру мәселелері кеңінен қозғалды. «Мектептен бұрынғы тәрбие», «Ана мен бала тәрбиесі» атты еңбектері арқылы жас ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берді.
Нәзипа Құлжанова қарапайым отбасында тәрбиеленсе де, қазақ зиялылары арасында беделді тұлғаға айналды. Оның ой-пікірі маңызды саналып, қоғамда жоғары бағаланды. Жеке өмірінде де ол батыл шешім қабылдай білді: ата-анасы кәмелетке толмаған қызын еріксіз тұрмысқа бергісі келгенде, Нәзипа өз тағдыры үшін күресіп, сүйген адамына тұрмысқа шықты. Жары Нұрғали Құлжанов оның қайсар мінезін түсініп, әрдайым қолдау көрсеткен.
Нәзипа Құлжанова әйелдерге арналған маңызды тақырыптарды да ашық көтерді. Ол замандас әйелдерге жүктілік, босану, аналық және бала күтімі мәселелері туралы ақпарат таратып, ағартушылық қызмет атқарды. Бұл – сол кезең үшін үлкен жаңашылдық әрі батыл қадам еді.
Сонымен қатар, Нәзипа қазақ әдебиетін насихаттауға да зор үлес қосты. Ол ұлы ақын Абай Құнанбайұлының шығармаларын халыққа таныту жолында еңбек етті. 1914 жылы Семей қаласында Абайдың қайтыс болғанына 10 жыл толуына орай әдеби кеш ұйымдастырып, ақын мұрасын дәріптеген алғашқы шаралардың бірін өткізді. Қазақ қоғамында із қалдырған Нәзипа Құлжанова – қайталанбас тұлға. Оның еңбегі мен өмір жолы – бүгінгі ұрпақ үшін үлгі, рухани мұра.
«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Арысбай Нұрай
- Азамат Төре (авторлық өңдеу)
- Шәкәрім Құдайбердіұлы
- Азамат Төре
- Абдраманов Арсланбек
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі