Бақаның көшуі

Басты бет / Ертегілер / Бақаның көшуі

Екі қаз және бір бақа бір көл жағасын мекендеп, ұзақ уақыт көрші отырыпты. Олар бір семья адамдарындай өте тату-тәтті өткен екен. Кейінгі кездерде, қатты қуаңшылық болып көл тартылып, суы кеуіп қалыпты. Қаздар суы бар жерге ұшып кетейік десе, бақаны тастап кетуге қимайды екен.

– Енді қайтеміз? – деп қаздар мен бақа бас қосып, кеңес құрыпты.

– Бір таяқ табайық, екеуің оның екі ұшынан тістеңдер, мен ортасынан тістейін, сөйтіп суы бар жерге кетейік, – депті  ары-бері айналған бақа.

  Қаздар бұған мақұл болады әрі дереу іске кіріседі. Сөйтіп, бұлар аспан кеңістігіне шарықтай көтеріледі.

  Алғаш бірнеше киіз үйдің төбесінен өткенде, бұларды кейбіреулердің көзі шалады.

  Олар:

– Қаздар бақаны алып ұшып барады, әдісқойларын-ай, – деп дабырласады. «Менің тапқырлығым екенін білмеді-ау», – деп ойлайды бақа.

Ұша-ұша бұлар тағы да көп киіз үйдің төбесінен өтеді, қалың адамдар сыртқа шығып бұларды тамашалайды. Олар да:

– Қаздар бақаны алып ұшып барады, әдісін тапқан – ақ екен, – деп дуылдасады. Бақа:

–  «Бұл – менің тапқан әдісім», – деп айғайлап жібере жаздайды. Бұлар алға қарай ұшып отырады, сонан бағанағыдан да көп киіз үйлердің үстіне келеді, бағанағыдан да қалың адам бұларды тамашалайды.

–  Қаздар бақаны алып ұшып барады, неткен әдісқой, – деп шулайды олар. Бақа шыдай алмай кетіп:

–  Бұл менің ойлап тапқан әдісім! – деп айғайлап жібереді. Осы тұста таяқ аузынан шығып кетіп, бақа жерге «былш» ете түсіп мылжа-мылжасы шығады.

Қатысты тақырыптар

Балаларға арналған ең мәнді әрі қызықты ертегілер

Сайттағы барлық ертегі

Қиял-ғажайып ертегілер

Жануарлар туралы ертегілер



WhatsApp Telegram

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз