Курмашев Қуаныш Маратұлы - КЕНЖЕГАЛИЕВА АРИДА

Айнала қалың шаң, күннің ыстығы төбеден өтіп барады. Арқада – жүздеген шақырым, алда – әлі де талай белес. Қарғалының қайсар ұлы Қуаныш Маратұлы Орал мен Ақтөбенің арасындағы 500 шақырымды артта қалдырып, 1 орынды иеленген дара тұлға. Қуаныш Маратұлы үшін  бұл алғашқы жеңісі емес. Бұған дейін де ол бірнеше спорттық іс-шаралардың жеңімпазы атаңған. Бірақ бұл жолғы марафонның орны бөлек.
“Мен марафонның мәресін Орал қаласындағы Киров саябағынан бастап, Ақтөбеге дейінгі 500 шақырымды 5 күнде жүгіріп өттім. Алғашқы екі күнде 80 шақырымнан, үшінші күні 70 шақырымды еңсердім. Соңғы екі күнде  130 шақырымды бағындыру барысында едәуір қиындықтар туындағанымен, алған бетімнен қайтпадым. Балаларға спортпен айналысу қажеттігін көрсету мақсатында осы қашықтықты жүгіріп өттім. Біз мықты әрі төзімді халық екенімізді дәлелдегім келді", - дейді Қуаныш Маратұлы. 
 Ол тек мықты спортшы ғана емес, өз ісінің нағыз шебері. Оның білімі мен спорт саласындағы жетістіктері де аз емес: 
“Жыл адамы-2021”
“Үздік дене шынықтыру мұғалімі” 
“Ақтөбе облысының үздік мұғалімі”
Сондай-ақ, дене шынықтыру мен спортты дамытуға қосқан зор үлесі үшін облыс әкімінің грамотасымен марапатталған. 
Қуаныш Маратұлының таңдаған спорт түрі - темірдей тәртіп пен қажырлы еңбекті талап ететін ерекше сала. Оның жүріп өткен жолы тек рекордтармен шектелмейді. Ол - өз оқушыларына салауатты өмір салтын серік етудің маңыздылығын дәлелдеген ұлағатты ұстаз.Болаттай берік ерік-жігері бар мұндай азаматтар — еліміздің нағыз мақтанышы.


WhatsApp Telegram

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз