Әлихан Бөкейхан - саясаткер. - КЕНЖЕГАЛИЕВА АРИДА

“ Алыспаған, жұлыспаған бостандық атына мінбейді, бұғаудан босамайды, ер құлдықтан, әйел күңдіктен шықпайды, малына да, басына да ие болмайды ! ” Ұлт қайраткері Әлихан Бөкейханұлының осы бір жалынды сөзі бүкіл қазақ баласының азаттық жолындағы ұранына айналды.  Бұл жайғана нақыл емес, бұл - өз басын бәйгене тіккен қайраткердің жүрек түкпірінен шыққан аманаты.  Әлихан Бөкейхан - төре әулетінен тараған, Шыңғыс ханның ұрпағы. 1866 жылы Семей облысы, Қарқаралы уезі, Тоқырау болысында дүниеге келген. Оның өмір жолы - үздіксіз ізденіс пен талмас табандылықтың үлгісі. Қарқаралы медресесінен басталған сауат ашу жолы 1890 жылы Омбының техникалық училищесінде жалғасып, кейін 1890-1894 жылдар аралығында Санкт-Петербург орман техникалық институтына ұласты. Осылайша, Әлихан орманшы - ғалым әрі заңгер дипломын алып, тоғыз тілді еркін меңгерген ұлы тұлға болып қалыптасты. Оқуын аяқтаған соң Тобыл экспедициясында еңбек етіп, 1897 жылы атақты Щербина экспедициясының құрамында қазақ даласының саяси - экономикалық жағдайын ғылыми тұрғыда зерттеп, дәлелдеп шықты. 

Әлихан Нұрмұхамедұлы - Абайтанушылардың бірі. Ол Абай Құанбайұлының өлеңдер жинағының 1909 жылы Петербургте басылып шығуына тікелей атсалысты. Оның Петербург қаласында жарық көрген 18 томдық “Ресей біздің өлкенің толық географиялық сипаттамасы” атты еңбекке қосқан үлесі орасан зор. Алаштың ақ туы желбірген 1917 жылдың желтоқсаны қазақ тарихының алтын бастауы болды.  Жалпықазақ құрылтайында Алаш автономиясы жарияланып, Ә.Бөкейхан басым дауыспен оның тұңғыш төрағасы болып сайланады. Ол Ресей империясының тұсында “саяси сенімсіз”деген қара тізімге тым ерте еніп, 1917 жылға дейін үш рет тұтқынға алынды. Тіпті Самарадағы айдау мен Кеңес үкіметінің қудалауы да оның сағын сындыра алмады.

Әлихан Бөкейхан “ Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын”,- деген сертіне өмірінің соңына дейін адал болды. Ол «Жер десе — қазақ, ел десе — қазақ» деп соққан жүрегімен ұлттық мемлекеттің іргетасын қалады. 1937 жылдың қаралы күзінде Мәскеудегі Бутырка түрмесінде атылып, қуғын-сүргіннің  құрбаны болғанмен,оның ұлттық идеясы өлген жоқ. 1989 жылы есімі толық ақталған соң Бөкейханның идеясы тәуелсіздік туымен қайта жаңғырды. Бүгінгі егемен Қазақстан - сол арыстар аңсаған азаттықтың жемісі. Әлиханның қайсарлығы мен білімі бүгінгі ұрпаққа мәңгілік үлгі болып қалары һәм.


WhatsApp Telegram

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз