Қазақ және ағылшын тілдеріндегі көптік категориясы - Боздакова Гүлназ Пахраддинқызы

Қазақ және ағылшын тілдеріндегі көптік категориясы

Г.П.Боздакова,  филология факультетінің 3-курс студенті

Ғылыми жетекші: С.Н.Саменова, ф.ғ.к.,  қауымдастырылған профессор

Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті,
Қарағанды, Қазақстан

bozdakovagulnaz6@gmail.com

Аннотация

        Мақалада қазақ және ағылшын тілдеріндегі көптік категориясының грамматикалық табиғаты салыстырмалы аспектіде қарастырылады. Зерттеудің мақсаты – екі тілдегі көптік мағынаның берілу жолдарын, семантикалық реңктерін және қолданыс ерекшеліктерін ғылыми грамматикалар мен морфологиялық еңбектер негізінде талдау. Зерттеу барысында қазақ тіліндегі көптік жалғауының агглютинативті жүйеге тән бірізділігі, ал ағылшын тіліндегі көптік формалардың негізгі және тұрақсыз үлгілері сараланды. Нәтижесінде қазақ тілінде көптік мағына -лар/-лер, -дар/-дер, -тар/-тер тұлғалары арқылы жүйелі берілетіні, ал ағылшын тілінде -s/-es формаларымен қатар irregular plural, zero plural, pluralia tantum, collective noun тәрізді түрлері жиі ұшырасатыны анықталды. Екі тілдегі ұқсастықтар мен айырмашылықтар нақты мысалдар арқылы көрсетіліп, олардың типологиялық сипаты бағаланды.

Кілт сөздер: көптік категориясы, көптік жалғауы, plurals, irregular and regular nouns, collective noun, буын үндестігі.

Кіріспе

Тіл біліміндегі көптік категориясы заттың, құбылыстың немесе ұғымның дара не көп түрде танылуын білдіретін негізгі грамматикалық категориялардың бірі болып саналады. Бұл категория барлық тілде бірдей сыртқы формада көрінбейді, сондықтан оны зерттеу әр тілдің морфологиялық типін, грамматикалық құрылымын және семантикалық жүйесін түсінуге жол ашады. Қазақ және ағылшын тілдері – құрылымдық табиғаты әртүрлі екі тіл. Қазақ тілі агглютинативті жүйеге жататындықтан, грамматикалық мағыналар қосымшалар арқылы жүйелі беріледі; ал ағылшын тілінде аналитикалық сипат басым болғанымен, зат есімнің көпше түрі арнайы морфологиялық көрсеткіштер арқылы жасалады. Осы тұрғыдан көптік категориясын салыстыра зерттеу екі тілдің типологиялық болмысын ашуға мүмкіндік береді.

Қазақ тіл білімінде көптік категориясы ертеректен морфология, сөз таптары және грамматикалық мағына мәселелерімен сабақтастықта қарастырылды. «Қазақ грамматикасында» көптік жалғауы зат есімнің негізгі категориялық көрсеткіштерінің бірі ретінде сипатталып, оның фонетикалық варианттары мен қызметтік реңктері арнайы талданады [1, 452]. Ғалым С.Исаев еңбектерінде көптік категориясы таза сандық мағынамен шектелмей, жалпылау, топтау, кейде стильдік реңк үстейтіні көрсетіледі [2, 87]. Қазіргі қазақ морфологиясына қатысты зерттеулерде де көптік жалғаудың заттық ұғымды сан жағынан көбейтіп қана қоймай, синтаксистік және прагматикалық мәндермен ұштасатыны атап өтіледі. Көптік категориясына қатысты қазақ тілінде зерттеулер жүйелі деуге болады. 2006 жылы Л.Қабылдина «Көптік категориясының морфологиялық көрсеткіштері» [3, 66],  Ы.Шақаман  «Көптік жалғауының көп қызметтілігі»,  [4, 32], Д.Әлкебаева «Көптік жалғауының стилистикалық қызметі» [5, 98] зерттеулерін жазған. Демек, қазақ тілінде көптік категориясы формалық жағынан ғана емес, функционалдық тұрғыдан да ауқымды зерттелген.

Ағылшын тіл білімінде plural category noun inflection аясында дәстүрлі және қазіргі морфология еңбектерінде кеңінен қарастырылады. F. Katamba ағылшын тіліндегі көптік форманы зат есімнің негізгі флексиялық категориясы ретінде сипаттап, regular және irregular plural үлгілерін ажыратады [6, 64]. M. Parrott, M. Haspelmath пен A. Sims, L. Bauer сияқты ғалымдар ағылшын тіліндегі көптік формалардың жасалу жолдарын, орфографиялық және фонологиялық ерекшеліктерін, сондай-ақ zero plural, pluralia tantum, collective noun сияқты күрделі құбылыстарды жүйелеп көрсетеді [7, 211] Cambridge grammar материалдарында ағылшын тіліндегі countable және uncountable nouns, singular/plural opposition, сондай-ақ collective nouns-тың agreement ерекшеліктері жеке қарастырылады [8, 18]. Осы еңбектер ағылшын тіліндегі көптік категориясын таза қосымша жалғану деңгейінде ғана емес, лексика-грамматикалық жүйе ретінде тануға негіз болады.

Қазақ және ағылшын тілдеріндегі көптік категориясын салыстыра қарастырудың ғылыми және практикалық маңызы зор. Біріншіден, бұл салыстыру агглютинативті және аналитикалық сипаттағы тілдердің грамматикалық ортақ және дара белгілерін айқындайды. Екіншіден, екі тілдегі сан есім мен зат есімнің байланысы, жалғаудың қолданылу нормасы, жинақтық және жалпылық мәндері тіл үйретуде жиі кездесетін интерференциялық қателерді түсіндіруге көмектеседі. Үшіншіден, аударма ісінде plurality категориясының тура баламасы әрдайым формалдық жағынан сәйкес келе бермейді.

Әдіс

       Зерттеу барысында сипаттамалы әдіс (descriptive method) қолданылды. Бұл әдіс тілдік бірліктерді табиғи күйінде қарастырып, олардың құрылымдық, семантикалық және сөзжасамдық ерекшеліктерін талдауға мүмкіндік береді.

Нәтиже мен талқылануы

       Қазақ және ағылшын тілдеріндегі көптік категориясы екі тілдің де грамматикалық жүйесінде маңызды орын алады. Алайда олардың берілу жолдары, морфологиялық құрылымы және функционалдық қызметі бірдей емес. Қазақ тілінде көптік мағына негізінен зат есімге жалғанатын арнайы аффикстер арқылы берілсе, ағылшын тілінде көптік категориясы көбіне -s, -es жалғаулары арқылы жасалады. Сонымен қатар ағылшын тілінде тұрақты модельден тыс irregular plural, zero plural, pluralia tantum, collective noun тәрізді құбылыстар кездеседі. Бұл ерекшелік екі тілдің типологиялық табиғатымен байланысты: қазақ тілі – агглютинативті тіл, ал ағылшын тілі – аналитикалық белгілері басым тіл. Қазақ тілінде көптік жалғауының негізгі үлгісі -лар/-лер, -дар/-дер, -тар/-тер тұлғалары арқылы көрінеді. Зерттеулерде көптік категориясының негізгі мағыналары төмендегідей көрсетіледі:

  1. Заттың көптік мағынасын;
  2. Іс-әрекеттің атқарушысының көп екенін;
  3. Заттың көптеген қимыл иелеріне (субъективті) тәуелділігін білдіреді [9].

Ал, ағылшын тілінде ең жиі үлгі book – books, class – classes, box – boxes тәрізді формалар болып табылады.

      Мысалы: «Біз екеу едік.» (Б.Майлин «Шұғаның белгісі»), «It had no pictures or conversations in it.» (Lewis Carroll, Alice’s Adventures in Wonderland). Мұнда ағылшын тіліндегі pictures, conversations сөздері арқылы көптік мағынаның -s жалғауы арқылы берілетіні көрсетілген. Ал қазақ тіліндегі «Біз екеу едік» сөйлемі көптік жалғауының нақты морфологиялық көрсеткіші емес, тек субъектінің саны екі екенін білдіреді. 

     Қазақ тіл білімінде көптік жалғауы заттың не құбылыстың бір емес, бірнеше екенін білдіретін грамматикалық көрсеткіш ретінде танылады. Академиялық грамматикада көптік жалғауының варианттары түбірдің соңғы дыбысына және буын үндестігіне қарай өзгеретіні көрсетіледі. Мысалы, бала – балалар, үй – үйлер, адам – адамдар, мектеп – мектептер формаларында көптік жалғауы түрлі нұсқада келгенімен, ортақ грамматикалық мағына сақталады. Бұл қазақ тіліндегі көптік категориясының жүйелі және бірізді екенін дәлелдейді. Көптік жалғауы сөзге сырттай жалғанып, түбірдің ішкі құрылымын бұзбайды. Сондықтан қазақ тіліндегі көптік категориясы агглютинативті морфологияның айқын үлгісі ретінде қарастырылады. Duke University жариялаған A Grammar of Kazakh еңбегінде де көптік форманың негізгі көрсеткіші [-LAr] екені және оның фонетикалық ортаға сай -лар/-лер, -дар/-дер, -тар/-тер болып түрленетіні нақты берілген [10, 97]. Тағы бір мысал: «Бірен-саран шалшық сулардың басында ұйлығып отырған топ-топ қаздарды көресің.» (Б.Майлин «Шұғаның белгісі»)

«They were filled with cupboards and book-shelves.» (Lewis Carroll, Alice’s Adventures in Wonderland). Бұл мысалдар екі тілде де көптік мағынаның нақты зат атаулары арқылы берілуін көрсету үшін алынды. Қазақ тілінде сулардың, қаздарды тұлғалары, екінші сөйлемде cupboards, book-shelves тұлғалары көптік мағынаны білдіріп тұр. Яғни бұл мысалдар екі тілде де зат есімнің көпше формада жұмсалатынын, бірақ қазақ тілінде қосымша үндестікке бағынып өзгерсе, ағылшын тілінде көбіне -s арқылы жасалатынын көрсетеді.

      Ағылшын тілінде көптік категориясы зат есімнің жекеше және көпше түрлерінің қарама-қарсылығы негізінде танылады. Бұл тілде көптік мағына, негізінен, -s және -es жалғаулары арқылы беріледі: student – students, cat – cats, bus – buses, church – churches. Алайда ағылшын тіліндегі көптік формалар қазақ тілімен салыстырғанда біркелкі емес. Себебі ағылшын тілінде regular plural формаларымен қатар irregular plural деп аталатын ерекше үлгілер де кең таралған. Мысалы, man – men, woman – women, child – children, foot – feet, tooth – teeth сияқты сөздер жалпы ережеге бағынбайды. Бұл формалар тілдің тарихи дамуымен байланысты қалыптасқан. Сондықтан ағылшын тіліндегі көптік категориясы сырттай қарапайым көрінгенімен, ішкі жағынан күрделі жүйе құрайды [11, 33]. Cambridge Grammar ағылшын тілінде көпше түрдің негізгі тәсілі -s/-es болғанымен, топтық атаулар мен ерекше тұлғалардың да маңызды орын алатынын көрсетеді. «The Queen turned crimson with fury, and, after glaring at her for a moment like a wild beast, screamed ‘Off with her head!» (Lewis Carroll, Alice’s Adventures in Wonderland). Сөйлемде -es жалғану арқылы ғана емес the, with арқылы да көпше мағына жасалатынына мысал көрсетілді.

     Екі тілдің арасындағы негізгі айырмашылықтардың бірі – сан есіммен тіркесу ерекшелігі. Қазақ тілінде есептік сан есімнен кейін зат есім әдетте жекеше тұлғада қолданылады: екі кітап, бес адам, он оқушы. Мұнда көптік мағына сан есімнің өзінен аңғарылып тұрғандықтан, көптік жалғауын қосу артық саналады. Ал ағылшын тілінде сан есімнен кейін зат есім міндетті түрде көпше формада келеді: two books, five students, ten houses. Бұл – қазақ және ағылшын тілдері арасындағы елеулі грамматикалық айырмашылықтардың бірі. Тілді үйренушілер дәл осы тұста жиі қате жібереді: қазақ тілді студент ағылшын тілінде two book деп, ал ағылшын тілді үйренуші қазақ тілінде екі кітаптар деп айтуы мүмкін. Сондықтан көптік категориясын салыстыра оқытуда бұл ерекшелік арнайы түсіндірілуді қажет етеді. Cambridge Grammar сан есімдерден кейін countable noun көпше түрде келетінін нақты көрсетеді [12]. «Three gardeners were lying round the rose-tree.» (Lewis Carroll, Alice’s Adventures in Wonderland).

      Қазақ тіліндегі көптік жалғауы тек сандық көптікті ғана емес, кейде жалпылау, топтау, жинақтау, құрметтеу мағыналарын да білдіреді. Мысалы, қазақтар ежелден қонақжай халық деген сөйлемде қазақтар сөзі нақты бірнеше адамды ғана емес, тұтас халықты жалпылап білдіріп тұр. Сол сияқты ағайлар, апайлар, әкемдер тәрізді қолданыстарда көптік жалғауы құрметтеу немесе сыпайылық реңкін үстейді. Кей жағдайда жалқы есімдерге жалғанып, белгілі бір адамның айналасындағы топты білдіреді: Абайлар келді дегенде Абайдың өзі ғана емес, онымен бірге келгендер де қоса ұғынылады. Бұл құбылыс қазақ тіліндегі көптік категориясының семантикалық ауқымы кең екенін көрсетеді. Яғни көптік жалғауы әрдайым тек «екіден көп» деген тікелей сандық ұғымды ғана білдірмейді, ол сөйлеу жағдаятына қарай прагматикалық қызмет те атқара алады. Мысалы: «…он-он бесі жиналып қарақұс, қарға, өгіз шағалалар той-тойлап жатыр…» (Б.Майлин «Шұғаның белгісі»). «The players all played at once without waiting for turns.»  (Lewis Carroll, Alice’s Adventures in Wonderland). Бұл екі мысал көптік категорияның қимыл иелерінің көптігін және топтық әрекетті білдіруін көрсету үшін алынды. Шағалалар тұлғасы арқылы көптік жалғау нақты көрініп, бірнеше құстың бір мезеттегі әрекеті беріліп тұр. Ал players сөзі көпше формада келіп, әрекетті орындаушылардың көп екенін білдіреді. Яғни екі мысал да көптік форманың тек заттың санын емес, көп субъектінің ортақ, қатар қимылын да аңғартатынын дәлелдеу үшін талданған. 

     Ағылшын тілінде көптік категориясының мұндай прагматикалық қыры қазақ тіліндегідей айқын емес. Бірақ ағылшын тілінде collective nouns деп аталатын жинақтық мәнді зат есімдер бар. Бұларға family, team, committee, government, audience сияқты сөздер жатады. Бұл сөздер бір топ адамды немесе затты бір бүтін бірлік ретінде де, жекелеген мүшелер жиынтығы ретінде де білдіре алады. Мысалы, британдық қолданыста The team are playing well деген сөйлемде топ мүшелері жеке-жеке әрекет етуші ретінде қабылданса, The team is successful дегенде біртұтас ұйым ретінде қаралады. Қазақ тілінде мұндай грамматикалық құбылыс осы деңгейде жүйеленбеген. Қазақ тілінде жинақтық мағына көбіне лексикалық немесе контекстік жолмен беріледі [13, 112]. Сондықтан collective nouns ағылшын тіліндегі көптік категориясының өзіндік арнайы ерекшелігі ретінде қарастырылады. Cambridge Grammar collective nouns кейде singular, кейде plural verb-пен қолданылатынын нақты көрсетеді. Мысалы, «Елдің жұртында…» (Б.Майлин «Шұғаның белгісі»). «The jury were all writing on slates.» (Lewis Carroll, Alice’s Adventures in Wonderland). Бұл мысалдар жинақтық мән мен көптік ұғымның арақатынасын көрсету үшін алынды.«Елдің жұртында…» тіркесінде көптік жалғауы тікелей көрінбегенімен, мағына тұтас бір қауымның, көпшіліктің, елдік ортаның жалпыланған бейнесі арқылы беріледі. Ал ағылшын тіліндегі сөйлемде jury сөзі сыртқы тұлғасы жағынан жекеше болғанымен, баяндауыштың were writing түрінде келуі сол топтың мүшелері жеке-жеке әрекет етуші көп субъект ретінде қабылданғанын аңғартады. 

      Ағылшын тіліндегі тағы бір ерекше құбылыс – zero plural, яғни жекеше және көпше түрі бірдей болатын зат есімдер. Бұған sheep, deer, fish сияқты сөздер жатады. Мысалы, one sheep – five sheep, one deer – several deer түрінде қолданылады. Қазақ тілінде мұндай морфологиялық үлгі тұрақты жүйе ретінде қалыптаспаған. Дегенмен қазақ тілінде контекст арқылы көптік мағына берілуі мүмкін: көп адам келді, ел жиналды, мал өріске шықты деген сөйлемдерде зат есімге арнайы көптік жалғауы жалғанбаса да, мағына көптікке негізделеді. Бірақ бұл ағылшын тіліндегі zero plural сияқты морфологиялық құбылыс емес, семантикалық-контекстік тәсіл болып табылады. Осыдан қазақ тілінде көптік мағына мен көптік жалғауының арасы толықтай бір емес екені байқалады. Irregular және zero-like plural үлгілердің ағылшын тіліндегі тарихи қалдық формалармен байланысты екенін түсіндіреді.

     Ағылшын тілінде pluralia tantum деп аталатын, тек көпше түрде ғана қолданылатын зат есімдер де бар. Бұған scissors, trousers, glasses, shorts, jeans сияқты сөздер жатады. Бұл сөздер сыртқы формасы жағынан көпше түрде тұрғанымен, нақты бір затты да білдіре алады. Мысалы, These scissors are sharp немесе My trousers are new сөйлемдерінде грамматикалық жағынан көптік сақталады. Ағылшын көркем әдебиетінде көпше тұлғада жұмсалатын зат атауларының қолданысы Lewis Carroll шығармасында да ұшырасады. Мысалы, «Run home this moment and fetch me a pair of gloves and a fan! Quick, now!» (Lewis Carroll, Alice’s Adventures in Wonderland) деген сөйлемде gloves сөзі көпше формада берілген. Алайда бұл қолданыс strict pluralia tantum үлгісінен гөрі, көпше тұлғалы зат атауының көркем мәтіндегі қолданысын көрсетеді.  

       Қазақ тіліне аударғанда бұлар көбіне жекеше ұғыммен берілуі мүмкін: қайшы, шалбар, көзілдірік. Бұл – екі тілдің зат атауларын грамматикаландыру тәсіліндегі айырмашылықты көрсетеді. Қазақ тілінде заттың жұпты немесе күрделі құрылымды болуы оның міндетті түрде көптік тұлғада қолданылуын талап етпейді. Ал ағылшын тілінде кейбір заттардың атауы тарихи қалыптасқан дәстүр бойынша тек көпше формада ғана жұмсалады.

      Қазақ және ағылшын тілдеріндегі көптік категориясының ұқсастықтары да бар. Екі тілде де бұл категория зат есімнің негізгі грамматикалық категорияларының бірі болып табылады. Екі тілде де арнайы морфологиялық көрсеткіштер бар: қазақ тілінде -лар/-лер, -дар/-дер, -тар/-тер, ал ағылшын тілінде -s, -es. Сонымен бірге екі тілде де көптік мағына тек механикалық сандық өсуді емес, кей жағдайда жалпылау не жинақтау реңкін бере алады. Алайда негізгі айырмашылық қазақ тілінде көптік жүйесінің фонетикалық және морфологиялық жағынан бірізді болуы, ал ағылшын тілінде regular және irregular үлгілердің қатар өмір сүруінде жатыр. Қазақ тілінде көптік жалғауы агглютинативті құрылымға толық сәйкес келсе, ағылшын тілінде plural forms тарихи даму нәтижесінде аралас жүйе түзген.

      Зерттеу барысында анықталған тағы бір маңызды жайт – қазақ тілінде көптік жалғауының қолданылуы әрдайым міндетті емес. Көптік мағына сан есім, жалпылау есімдіктері, мөлшер сөздер немесе контекст арқылы да берілуі мүмкін: көп адам, бірнеше күн, барлық студент. Ал ағылшын тілінде countable nouns көбіне singular/plural оппозициясына қатаң бағынады. Яғни жекеше-көпше қарама-қарсылығы зат есім жүйесінде айқын сақталады. Осы тұрғыдан қазақ тіліндегі көптік категориясы мағыналық икемділігімен ерекшеленсе, ағылшын тіліндегі көптік категориясы формальді грамматикалық қарама-қарсылыққа көбірек сүйенеді. Бұл ерекшелік екі тілді салғастыра зерттеуде және оқу үдерісінде маңызды қорытынды жасауға мүмкіндік береді.

Төмендегі кестеде екі тілдегі көптік категориясының негізгі ұқсастықтары мен айырмашылықтары жинақталып берілді.

1-кесте – Қазақ және ағылшын тілдеріндегі көптік категориясының салыстырмасы

Салыстыру өлшемі

Қазақ тілі

Ағылшын тілі

Негізгі көрсеткіш

-лар/-лер, -дар/-дер, -тар/-тер

-s/-es, сондай-ақ бірқатар irregular forms

Жүйе сипаты

Агглютинативті, формасы бірізді және өнімді

Аралас, regular және irregular үлгілер қатар жүреді

Сан есіммен тіркесуі

екі кітап, бес оқушы (зат есім жекеше тұлғада)

two books, five students (зат есім көпше тұлғада)

Ерекше үлгілер

Прагматикалық, жалпылау,топтау

zero plural, pluralia tantum, collective nouns

Фонетикалық бейімделуі

Қосымша буын және дыбыс үндестігіне тәуелді

Жазылуы шектеулі, бірақ айтылуы /s/, /z/, /ɪz/ болып өзгереді

Мағыналық қызметі

Сандық көптікпен бірге жалпылау

Негізінен singular/plural opposition, кейде лексика-грамматикалық ерекшеліктермен күрделенеді

Типологиялық қорытынды

Формалық тұрақтылығы жоғары

Варианттылығы мен тарихи қалдықтары көбірек

 

      Кестеде берілген мәліметтерден көрінгендей, қазақ және ағылшын тілдеріндегі көптік категориясының ортақ грамматикалық өзегі болғанымен, олардың жүзеге асу тетігі мен функционалдық ауқымы бірдей емес. Қазақ тілінде көптік жалғауы формалық жағынан тұрақты әрі фонетикалық ортаға икемделгіш жүйе құраса, ағылшын тілінде plural system тарихи, орфографиялық және лексика-грамматикалық ерекшеліктермен күрделенеді. Сондықтан салыстырмалы аспектіде қазақ тілі көптік категориясының бірізділігімен, ал ағылшын тілі оның көпқабаттылығымен ерекшеленеді.

Қорытынды

       Қорыта айтқанда, қазақ және ағылшын тілдеріндегі көптік категориясы – екі тілге де ортақ болғанымен, олардың грамматикалық табиғаты мен қызметтік ауқымы әртүрлі құбылыс. Қазақ тілінде көптік мағына көбіне -лар/-лер, -дар/-дер, -тар/-тер жалғаулары арқылы жүйелі түрде беріледі және бұл қосымшалар үндестік заңына сай түрленіп отырады. Қазақ тілінің агглютинативті сипатына байланысты көптік көрсеткіші түбірге анық жалғанады, сондықтан оның формасы мен мағынасы айқын ажыратылады. Сонымен қатар қазақ тіліндегі көптік жалғауы тек нақты көп санды білдіріп қоймай, жалпылау, топтау, жинақтау, кейде құрметтеу сияқты қосымша мағыналар да үстейді.

      Ағылшын тілінде көптік категориясы негізінен -s және -es арқылы жасалғанымен, бұл жүйе қазақ тіліне қарағанда күрделірек. Себебі ағылшын тілінде regular plural формаларымен қатар irregular plural, zero plural, pluralia tantum және collective noun сияқты ерекше грамматикалық құбылыстар қатар өмір сүреді. Бұл ерекшеліктер ағылшын тілінің тарихи дамуы мен морфологиялық құрылымының аралас сипатын көрсетеді. Әсіресе сан есімнен кейін көпше форманың міндетті түрде келуі, кей зат есімдердің тек көпше тұлғада жұмсалуы және ұжымдық атаулардың singular/plural verb-пен тіркесуі ағылшын тілінің көптік жүйесін дараландырады.

      Салыстырмалы талдау нәтижесінде екі тілдегі ұқсастық та, айырмашылық та айқын байқалды. Ұқсастығы – екі тілде де көптік категориясы зат есімнің негізгі грамматикалық категорияларының бірі және екеуінде де арнайы морфологиялық көрсеткіштер бар. Айырмашылығы – қазақ тілінде көптік категориясы формалық жағынан бірізді, фонетикалық заңдылықтарға толық бағынатын жүйе болса, ағылшын тілінде ол ережелі және ережесіз үлгілердің қатар келуімен ерекшеленеді. Сондықтан қазақ және ағылшын тілдеріндегі көптік категориясын салғастыра қарастыру морфологиялық типологияны түсіндіруде, аударматануда және шетел тілін оқытуда маңызды ғылыми әрі практикалық мәнге ие. 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

  1. Қазақ грамматикасы. – Астана: Астана полиграфия, 2002. – 784 б.
  2. Исаев С. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. – Алматы: Рауан, 1998. – 304 б.
  3. Қабылдина, Л. М. Көптік категориясының морфологиялық көрсеткіштері // ҚР ҰҒА Хабарлары. Филология сериясы. – 2006. – № 4. – 66–71.
  4. Шақаман, Ы. Көптік жалғауының көп қызметтілігі // Қазақ тілі мен әдебиеті. – 2002. – № 1. – 31–32.
  5. Әлкебаева, Д. А. Көптік жалғауының стилистикалық қызметі // ҚазҰУ хабаршысы. Филология сериясы. – 2003. – № 9 (71). – 99–102.
  6. Katamba, F. Morphology. – London: Macmillan Press, 1993. – 364 p. 
  7. Haspelmath, M., Sims, A. D. Understanding Morphology. 2nd edition. – London: Hodder Education, 2010. – 374 p.
  8. British Council. (n.d.). Compound word. Retrieved from https://www.teachingenglish.org.uk
  9. Әлкебаева Д. Көптік жалғауының стилистикалық қызметі // ҚазҰУ Хабаршы. – 2003. – № 9. – 99 – 102.
  10. Dotton, Z., Wagner, J. D. A Grammar of Kazakh. – Durham: Duke University, 2017. – 328 p.
  11. Aronoff, M., Fudeman, K. What Is Morphology? 2nd edition. – Oxford: Wiley-Blackwell, 2011. – 310 p.  
  12. Bauer, L. English Word-Formation. – Cambridge: Cambridge University Press, 1983. – 294 р.
  13. Beysetaev, R. Qazaq tilinde köptik mağınany zat esim men söz tirkesi arqyly berudiñ erekşelikteri // Bilig. – 2022. – №100. – 111–126.
  14. Майлин Б. Шұғаның белгісі. -Алматы: Самға баспасы, 2024.- 120 б.
  15. Carroll L. Alice’s Adventures in Wonderland / Lewis Carroll. – London : Macmillan, 1865.- 105 p.

 


WhatsApp Telegram

Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)