ҚазҰУ – білім мен мүмкіндіктер мекені

Басты бет / Ғылым және техника / ҚазҰУ – білім мен мүмкіндіктер мекені

ҚазҰУ – білім мен мүмкіндіктер мекені

 

   Қазіргі қоғамда сапалы білім - табысты болашақтың басты кепілі. «Бәсекеге қабілетті болу үшін, біз жоғары, білімді ұлт болуымыз қажет»,- деп елбасымыз Н.Назарбаев айрықша атап айтқандай, білімге ие болу жас ұрпақтың қолында тұрған қазіргі кездегі өзекті мәселелердің бірі. Осы тұрғыдан алғанда, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті - еліміздегі жоғары білім кеңістігінде ерекше орны бар, тарихы терең, беделі биік оқу орны. Ғасырлық тарихы бар ҚазҰУ бүгінде тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орталық Азия кеңістігіндегі ең беделді жоғары оқу орындарының біріне айналды. 

   Қазақстандағы жоғары білім беру саласының көшбасшысы саналатын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті - сан мыңдаған жастың арманына айналған білім ордасы. Университет қабырғасында студенттердің жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін көптеген инфрақұрылымдар қалыптасқан. Заманауи оқу ғимараттары, цифрлық технологиялармен жабдықталған аудиториялар, ғылыми-зерттеу орталықтары, бай кітапхана қоры, кең көлемді интернет орталығы - барлығы студенттердің сапалы білім алуына бағытталған. Сонымен бірге студенттер сарайы, тарихи мұражай және түрлі шығармашылық алаңдар жастардың рухани әрі мәдени тұрғыдан дамуына ықпал етеді. Оқу ордасы 2022 жылдан бастап ресми түрде “зерттеу университеті” мәртебесіне ие болып, даму стратегиясын әлемдік стандарттарға сәйкестендіру бағытын ұстануда. 

   ҚазҰУ-дың халықаралық беделі де жоғары деңгейде. Университет әлемдік QS рейтинг жүйесінде Қазақстанның жетекші жоғары оқу орны ретінде тұрақты түрде алдыңғы орындардан көрініп келеді және жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті оқу орындарының қатарында бағаланады. Бұл көрсеткіш университеттің білім сапасы, ғылыми өнімділігі және халықаралық байланыстарының жүйелі дамығанын дәлелдейді.

   Университеттің құрылымында 15-тен астам факультет жұмыс істейді. Олардың әрқайсысы өз саласы бойынша маман даярлауда маңызды рөл атқарады. Соның ішінде журналистика факультеті - елдің ақпараттық кеңістігін қалыптастырып отырған кәсіби медиамамандарды даярлайтын жетекші білім беру бағыттарының бірі. Мұнда студенттер тек теориялық біліммен шектелмейді. Атап айтсақ, телестудия, мультимедиалық жобалар, сондай-ақ радио бөлімінің қызметтері арқылы тәжірибелік дағдыларын дамытады. Факультет түлектері бүгінгі күні еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарының барлық саласында еңбек етуде. Олар республикалық және аймақтық газеттерді, телеарналар мен радиоларды, баспа үйлерін басқарып, мемлекеттік деңгейдегі қызметтерде де жауапты лауазымдар атқарып келеді. 

   Бүгінде ҚазҰУ әлемдік академиялық кеңістікте өз орнын айқындап, Қазақстанның интеллектуалдық әлеуетін қалыптастырып отырған жетекші университет ретінде бағаланады. Сондықтан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті - болашаққа жол ашатын, мүмкіндіктерді ұсынатын және елдің дамуына тікелей ықпал ететін іргелі білім мекені.

 

Материалды дайындаған: Шамшатова Ақерке

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 3-курс студенті

 Жетекшісі: Сейтжанова Ж.С. 

 

   



WhatsApp Telegram

Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)