Бүгінде адамзат баласы виртуалды әлемнің «тұтқынына» айналғандай. Таңның атысынан күннің батысына дейін қолымыздан түспейтін гаджеттер – тек байланыс құралы емес, тұтас бір өмір салтымызды айқындайтын құбылысқа айналды. Жаңалықтың бәрі -әлеуметтік желіде, елді елең еткізер оқиғалар - ғаламторда. Бұл – заманның еріксіз талабы ма, әлде қоғамның дерті ме? Тізгінді технологияға беріп қойған халықтың бұл тәуелділіктен арылар жолы бар ма?

Бұл жай ғана біздің жанайқайымыз емес, құрғақ цифрлар мен нақты деректердің дабылы. Халықаралық зерттеулерге сүйенсек, қазіргі жасөспірімдер күніне орта есеппен 7 сағаттан астам уақытын экран алдында өткізеді екен. Бұл – жылына 100 күннен астам уақыт виртуалды әлемнің еншісіне кетті деген сөз. Ал Common Sense Media мамандарының айтуынша, бұл көрсеткіш жыл санап артып келеді. Неліктен біз телефонға байланғанбыз? Бұл сұрақтың жауабын Гарвард университетінің ғалымдары нейробиология тұрғысынан түсіндіріп берді. Олардың зерттеуінше, әлеуметтік желідегі әрбір «лайк» пен хабарлама миымызда дофамин гормонының бөлінуіне әсер етеді. Бұл-құмар ойындарға тәуелділікпен тең процесс. Яғни, біз ақпарат іздеп емес, миымыз талап еткен кезекті «ләззат дозасын» алу үшін телефонға жармасады екенбіз. Бұл - цифрлық дәуірдің біздің санамызға құрған басты тұзағы.
Ұлыбританияның Корольдік қоғамдық денсаулық сақтау қоғамы (RSPH) жүргізген сауалнама Instagram-ның жастар арасында мазасыздық пен өзін төмен санау сезімін тудыратынын анықтады. Сонымен қатар, смартфоннан бөлінетін «көк жарық» ұйқы гормоны мелатониннің түзілуін тежейді. Демек, түн ортасына дейін телефонға үңілу — жай ғана жаман әдет емес, ағзамыздың биологиялық ырғағын бұзатын қауіпті фактор Телефонға үңіліп отырғанда мойын омыртқасына түсетін салмақ бірнеше есе артады. Бұл ерте жастан арқаның қисаюына, бастың жиі ауруына және бұлшықеттердің созылмалы шаршауына әкеп соғады. Одан бөлек экранға ұзақ қарау-көздің шырышты қабығын құрғатып, «компьютерлік көру синдромын» тудырады. Статистика бойынша, гаджетті шектен тыс қолданатын жастар арасында миопия (алыстан көрмеушілік) деңгейі күрт өскен. Денсаулыққа тигізген кері әсерінен бөлек адамдардың ой-санасына қатты әсер етуде Қолданушылар әсіресе жасөспірімдер мен жастар арасында «мінсіз өмірлерге» қарап отырып, өз өміріне көңілі толмай, депрессияға бой алдыруы мүмкін. Шынайы араласудың орнын басатын «лайктар» мен «комменттер» ішкі жалғыздық сезімін емдей алмайды. Экрандағы жылтырақ суреттер мен жасанды күлкілер – өмірдің шындығы емес, тек сәтті шыққан үзіндісі ғана екенін жиі ұмытып жатамыз. Өз тұрмысымызды өзгенің виртуалды жетістігімен салыстыру – өз бақытымызды өз қолымызбен ұрлаумен тең. Нағыз бақыт экранның жарығында емес, жаныңдағы жақын адамның жылы көзқарасы мен тірі дауысында екенін сезінетін кез келді. Атап айтылған гаджеттердің кері әсерінен бөлек жақсы жақтары жетерлік Технологияны тек «ғасыр дерті» деп кінәлау– біржақтылық. Дұрыс пайдаланған жан үшін смартфон-алақанға сыйған үлкен мектеп, шексіз кітапхана және әлемге ашылған терезе.
Телефон арқылы кәсіби деңгейде видео монтаждауды, сурет салуды немесе музыка шығаруды үйреніп, өз талантыңды әлемге паш етуге жол ашық. Бұрын бір деректі табу үшін кітапхана кезсек, қазір әлемнің ең үздік университеттерінің лекцияларын үйден шықпай-ақ тыңдауға мүмкіндік бар. Тіл үйрену, жаңа мамандық меңгеру немесе ғылыми жаңалықтардан хабардар болу-енді қолжетімді дүние. Технология бізді жақындарымызбен, тіпті олар жердің арғы бетінде болса да, жүзбе-жүз сөйлестіреді. Бұл –сағынышты басудың және ақпаратты шұғыл жеткізудің теңдессіз тәсілі.
Түйіндейтін болсақ мәселе технологияның зияндылығында емес, біздің оны қалай қолданатынымызда жатыр. Смартфон–біздің заманның басты мүмкіндігі, бірақ ол шынайы өмірдің орнын алмастырмауы тиіс. Біз-гаджетпен бірге өскен ұрпақпыз, сондықтан оны дұрыс пайдалану мәдениетін де өзіміз қалыптастыруымыз керек. Әр нәрсенің өлшемі барын ұмытпайық. Экранның арғы жағындағы «виртуалды әлемге» жұтылып кетпей, жанымыздағы жақындарымызға уақыт бөлу, таза ауада серуендеу, сүйікті ісімізбен айналысу — нағыз еркіндік деген осы.
Құрметті оқырман немесе Досым , келесі жолы телефонға қол созбас бұрын өзіңнен: «Қазір мен гаджетті басқарып отырмын ба, әлде ол мені басқарып тұр ма?» — деп сұрап көрші. Тізгінді өз қолыңа ал, өйткені нағыз қызық өмір — экранның сыртында!

- Азамат Төре(авторлық ой)
- Азамат Төре
- Рабиндранат Тагор
- Абдраманов Арсланбек
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі