Жастарға үлгі болар феномен

Басты бет / Спорт / Жастарға үлгі болар феномен

Кейде адамның жасына қарап, оның мүмкіндігін бағалап жатамыз. Алайда өмірде жасына емес, жігері мен табандылығына сүйеніп, биік белестерді бағындырып жүрген, жастарға үлгі болар жандар аз емес. Солардың бірі – Кочергин Александр Иванович.

Радиоспорт - әскери-техникалық спорт түрлерінің бірі. Бұл спорт байланыс құралдарын меңгеруді, техникалық сауаттылықты, жылдамдық пен ұқыптылықты талап етеді. Радиоспорттың негізгі бағыттарына қысқа және ультрақысқа толқынды радиобайланыс, радиограммаларды қабылдау және жіберу, «түлкі аулау» және радистердің көпсайысы жатады. Осындай күрделі де қызықты спорт түрінде жоғары жетістікке жету оңай емес. Ол үшін терең білім, үздіксіз дайындық, үлкен еңбек пен мықты төзімділік қажет.

Кочергин Александр Иванович 1946 жылы 24 қазанда Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласында дүниеге келген.Александр Ивановичтің спорттағы жетістіктері ерекше құрметке лайық. Ол – КСРО-ның радиоспорт бойынша спорт шебері, Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері, сондай-ақ радиоспорттан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы.

Спорттық мансабында 27 мәрте Қазақстан чемпионы атанып, 11 рет Азия чемпионы болған. Сонымен қатар әлем және Еуропа чемпионаттарының бірнеше дүркін жүлдегері. Оның қоржынында әлем чемпионаттарының күміс және қола медальдары, Еуропа чемпионаттарының алтын және қола жүлделері бар.Алпыс жылдан астам уақыт бойы радиоспортпен айналысып келе жатқан Александр Ивановичтің 200-ден астам медалі бар. Оның табыстары қажырлы еңбектің және спортқа деген ерекше құштарлықтың айқын дәлелі болып табылады.

Александр Ивановичтен спорттағы жетістігі мен бүгінгі күнге дейінгі белсенділігінің сыры сұралғанда, ол қысқаша: «Мені алға жетелейтін күш – радиоспорт»,- деп жауап берді. Оның айтуынша, бұл спорт түрі адамды тек физикалық жағынан ғана емес, ойлау қабілеті жағынан да дамытады. Радиоспорт үнемі ізденуді және үздіксіз дайындықты талап етеді. Сонымен қатар ол адамды тез шешім қабылдауға және жауапкершілікке үйретеді.

Александр Иванович үшін радиоспорт – өмір салтына айналған сүйікті іс. Ол осы спорт арқылы талай жетістікке жетіп, үлкен тәжірибе жинақтаған. Бүгінде ол жастарға үлгі болып, өз білімі мен тәжірибесін бөлісіп келеді. Сондықтан оның өмір жолы табандылық пен еңбекқорлықтың жарқын көрінісі болып саналады.



WhatsApp Telegram

Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)