Қазақ халқының ұлттық мұрасы саналатын тоғызқұмалақ – ұшқыр ой мен терең стратегияны талап ететін зияткерлік ойын. Ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан бұл ұлттық мұра бүгінде әлемдік деңгейде танылып, халықаралық аренада кеңінен дамып келеді. Осындай ұлттық спорттың абыройын асқақтатып жүрген тұлғалардың бірі – әлем чемпионы Қайыржанов Әсет Бауыржанұлы.
Әсет Қайыржанов 2022 жылы Ақтөбе қаласында өткен VI Тоғызқұмалақтан әлем чемпионатында тарихи жетістікке қол жеткізді. Әлемнің 20-дан астам елінен жиналған үздік спортшылар қатысқан дүбірлі додада ол блиц және рапид түрлері бойынша жеңімпаз атанып, екі дүркін әлем чемпионы болды. Бұл жеңіс оның спорттағы жоғары шеберлігі мен қажырлы еңбегінің жемісі еді. Сонымен қатар, Әсет Қайыржанов Батыс Қазақстан облысынан шыққан ересектер арасындағы тұңғыш әлем чемпионы ретінде өңір спортының тарихына өз есімін жазды.
Спортшының жетістігі көптеген жас өрендерге үлгі болды. Ол тек әлемдік додаларда ел намысын қорғап жүрген мықты спортшы ғана емес, жас спортшыларды тәрбиелеп жүрген білікті жаттықтырушы. Өзінің білімі мен тәжірибесін шәкірттеріне үйретіп, олардың үлкен жетістіктерге жетуіне жол ашып келеді.
Мен үшін Әсет Қайыржанов – үлгі тұтар тұлға. Себебі ол менің жаттықтырушым. Оның әрбір ақыл-кеңесі мені жаңа белестерге жетелейді. Жаттығу барысында тек ойынның қыр-сырын үйретіп қана қоймай, табандылықтың, еңбекқорлықтың және мақсатқа сенудің маңызын түсіндіреді. Әлем чемпионының жетістіктеріне қарап, мен де болашақта тоғызқұмалақтан әлем чемпионы атанып, Қазақстанның көк туын халықаралық ареналарда желбіретуді армандаймын.
Ұстаздың жетістігі – шәкірттің мақтанышы. Мен өз жаттықтырушыммен мақтанамын. Оның әлемдік деңгейдегі жеңістері бізге тек спорттық шеберлікті ғана емес, өз мақсатыңа адал болуды, ешқашан берілмеуді және үнемі алға ұмтылуды үйретеді. Осындай дара тұлғалардың арқасында ұлттық спортымыздың мәртебесі артып, тоғызқұмалақтың даңқы әлемге кеңінен таралуда.
Әлемді мойындатқан тоғызқұмалақ шебері – тек чемпион ғана емес, жас спортшылардың арманына жол көрсететін тәлімгер. Оның жетістіктері мен еңбегі талай жасқа шабыт сыйлап, жаңа жеңістерге жетелей беретіні сөзсіз.

- Уильям Шекспир
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі