Шынықсаң шымыр боларсың

Қазіргі таңда «Денсаулық – басты байлық» деген сөздің мәні бұрынғыдан да тереңірек сезіле бастағандай. Себебі, технология дамыған заманда,көп жастар уақытын смартфон мен компьютер алдында өткізеті рас. Осындай сәтте денемізді сергек, ойымызды таза ұстаудың ең тиімді әрі тексерілген жолы бар. Ол – спортпен шұғылдану.
Спорт-  тек салмақ тастау немесе бұлшықет өсіру ғана емес. Бұл — өмір сапасын жақсартудың және өзіңді жеңудің басты құралы.
Ең алдымен, тұрақты жаттығулар адамның физикалық күйін жақсартады. Жүгіру, жүзу, командалық ойындар немесе жай ғана таңертеңгілік бой жазу жаттығулары болсын — бәрі де ағзаға орасан зор пайда әкеледі. Белсенді қозғалыс кезінде қан айналымы жақсарып, жүрек-қан тамырлары жүйесі күшейеді. Сонымен қатар, тұрақты физикалық жүктеме ағзаның түрлі вирустар мен сыртқы инфекцияларға қарсы тұру қабілетін, яғни иммунитетті арттырады. Егер адам өзін үнемі шаршаңқы сезінсе, бұл көбіне қозғалыстың аздығынан болады. 
Мұнымен қоса, спорт тек денені емес, адамның ішкі болмысы мен мінезін де тәрбиелейді. Әр таңда ерте тұрып жүгіру, шаршап тұрсаң да жаттығуды тастамау — адамды ерік-жігерге, темірдей тәртіпке және мақсатқа ұмтылуға үйретеді. Салауатты өмір салтын ұстанатын жастар уақытты тиімді жоспарлауды ерте меңгереді. Ал волейбол, баскетбол, футбол сияқты командалық спорт түрлері адамдармен тез тіл табысуға, бірлесіп жұмыс істеуге және көшбасшылық қасиеттерді қалыптастыруға баулиды.

Спортпен шұғылдануды бастау үшін үлкен чемпион болу шарт емес. Ең бастысы - бүгіннен бастап кішігірім қадам жасау. Күніне 15-20 минут жаттығу жасаудың өзі сіздің болашағыңызға, денсаулығыңызға жасалған үлкен қадам. Сондықтан, сылтауларды ысырып қойып, дәл қазір қозғалысты бастау керек. Салауатты өмір салты - жарқын болашақтың бірден-бір кепілі.


Ұқсас тақырыптар

спорт Мотивация пайда
WhatsApp Telegram

Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)