
IELTS сертификаты бүгінде жай ғана ағылшын тілін меңгергеніңді дәлелдейтін құжат емес. Ол – шетелде білім алуға, халықаралық компанияларда жұмыс істеуге, тіпті ҰБТ-да артықшылық алуға мүмкіндік беретін құрал. Сондықтан Қазақстанда бұл емтиханға қызығушылық жыл сайын артып келеді. Бұл, ең алдымен, елдегі көптілділік мәдениеті мен ағылшын тіліне деген сұраныстың күшеюімен байланысты. 2021 жылғы халық санағы бойынша, халықтың 28,63%-ы қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгерген.
Қазір жастар арасында IELTS тапсыру ағылшын тілі деңгейін анықтау ғана емес, трендке айналды. Жас буын жоғары ұпай үшін, бір-бірінен жоғары нәтиже көрсетуге тырысады. Алайда бұл бәсекелестік жайдан-жай емес, себебі IELTS сертификаты көптеген мүмкіндіктерге жол ашады. Адамдар жоғары білім алу, жұмысқа орналасу, басқа мемлекетке көшу мақсатында емтиханды тапсырады. IELTS – тыңдалым, оқылым, жазылым және айтылым дағдыларын бағалайтын халықаралық емтихан. Қазіргі таңда оның сертификатын әлемнің 140-тан астам еліндегі 12 мыңнан астам ұйым мойындайды.
IELTS сертификаты – көптеген шетелдік жоғары оқу орнына түсуге міндетті талаптардың бірі. Әр университеттің өзінің қойған шекті баллдары бар, ол оның рейтингтердегі орны мен білім беру сапасына тікелей байланысты. Шетелде білім алғысы келетін қазақстандықтар саны жылдан жылға өсіп келеді. Олар үшін IELTS тапсыру – ұзақ жолдағы алғашқы қадам.
Сонымен қатар, IELTS баллдарын бейіндік пән ретінде ағылшын тілін таңдаған талапкерлер ҰБТ ұпайына айналдыра алады. 6.0 – 50 балл, 5.5 – 46 балл, 5.0 – 42 балл түрінде конвертация жасау арқылы талапкерлер ҰБТ-да ағылшын тілін тапсырмайды. IELTS сертификаты 2 жылға жарамды болғандықтан, оны алдын ала ертерек тапсыратын талапкерлер аз емес.
IELTS елдер бойынша ресми рейтинг жасамаса да, бейресми деректерге сүйенсек, 2019 жылы қазақстандықтардың орташа баллы 6.1/9.0 болды. Бір қызығы, бұл – сол кездегі Корея (6.0), Қытай (5.8), Жапония (5.8), Өзбекстан (5.7) сияқты елдерден жоғары көрсеткіш.
Бәсекелестік тек емтихан тапсырушылар арасында емес, IELTS-ке дайындайтын білім беру орталықтары арасында да сақталып отыр. Орталықтар емтиханға дайындықты жеңілдететіні рас, алайда Бұл өз бетімен дайындалу мүмкін емес дегенді білдірмейді. Себебі ақыр соңында жоғары балл алуда басты рөл атқаратын – еңбек пен жүйелі дайындық.
Қазақстанда IELTS индустриясының дамып, танымал трендке айналуы бекерден-бекер емес. Бұл – заман талабына сай болып жатқан үдеріс. Сондықтан IELTS-ке деген қызығушылықты жай ғана тренд емес, жастардың білім мен халықаралық мүмкіндіктерге ұмтылысын көрсететін маңызды құбылыс ретінде қарастырған жөн.
*IELTS (International English Language Testing System ағылшын тілінің халықаралық тестілеу жүйесі) – ана тілі ағылшын тілі еместердің (non-native English speaker) тіл білу деңгейін тексеруге мұрсат беретін емтихан. (kk.wikipedia.org сайтынан)

- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі