Фастфудтың жас ағзаға тигізетін зияны

Фастфудтың жас ағзаға тигізетін зияны

 

Сабақтан кейін қарныңыз ашқанда ең алдымен не ойыңызға келеді? Әдетте жастардың көбі бургер, фри картобы немесе газдалған сусындарды таңдайды. Олар дәмді, тез дайындалады әрі қолжетімді. Алайда бірнеше минуттық ләззаттың артында жас ағзаға төнетін үлкен қауіп жатқанын бәрі бірдей біле бермейді.

 

Қазіргі таңда фастфуд жасөспірімдердің күнделікті ас мәзірінің ажырамас бөлігіне айналып барады. Оның құрамындағы артық май, қант және түрлі жасанды қоспалар ағзаның қалыпты дамуына кері әсер етіп, болашақта денсаулыққа байланысты күрделі мәселелердің туындауына себеп болуы мүмкін. Сондықтан жастар сүйіп тұтынатын мұндай тағамдардың ағзаға әсері мен оның салдарына назар аудару маңызды.

 

Бүгінде тек жастар ғана емес, ересектер де жылдам дайындалатын тағамдарды жиі пайдаланады. Мұндай өнімдерге әуестік адам денсаулығына айтарлықтай зиян келтіретіні белгілі. Соған қарамастан, оларды күнделікті тұтынатын адамдар аз емес. Адам ағзасы үнемі күтім мен дұрыс қоректенуді қажет етеді. Дәрумендерге бай, пайдалы ас адамның өмір сүру ұзақтығын арттырып қана қоймай, өзін сергек әрі жақсы сезінуіне ықпал етеді.

 

Донер, бургер, пицца немесе сушидің орнына көкөніс салаттарын, жұмыртқа, сүт және сүт өнімдерін тұтынған әлдеқайда пайдалы. Сонымен қатар, соңғы жылдары жастар арасында кең таралған энергетикалық сусындардың да зияны зор. Мамандар олардың жүрек жұмысына кері әсер етіп, денсаулыққа қауіп төндіретінін айтады. Елімізде соңғы уақытта жастардың арасында орын алған кейбір қайғылы жағдайлар осы сусындарды шамадан тыс пайдаланумен байланысты екені де айтылып жүр.

 

Egemen.kz сайтында жарияланған деректерге сәйкес, әлемдегі 65 жасқа дейінгі өлім-жітімнің 12%-ы дұрыс тамақтанбаудан туындайтын аурулармен байланысты. Қимыл-қозғалыстың азаюы мен артық калория семіздік деңгейінің өсуіне әсер етуде. Ғалымдардың мәліметінше, артық салмақтың 98%-ы дұрыс емес тамақтанудан, ал тек 2%-ы эндокриндік және жүйке жүйесі ауруларынан туындайды. Сонымен қатар, әрбір 4 килограмм артық салмақ адамның өмір сүру ұзақтығын шамамен бір жылға қысқартады.

 

Өкінішке қарай, артық салмаққа шалдыққандардың басым бөлігін балалар мен жасөспірімдер құрайды. Әлем бойынша 170 миллионнан астам баланың салмағы 100 килограмнан жоғары. Мамандар мұның негізгі себептерінің қатарында фастфуд өнімдерін, газдалған сусындарды, қаныққан майлар мен трансмайларға бай тағамдарды шамадан тыс тұтынуды атайды.



 

Фастфуд өнімдері уақытты үнемдеп, қарынды тез тойдырғанымен, олардың адам денсаулығына тигізетін зияны орасан зор. Әсіресе, өсіп келе жатқан жас ағза үшін мұндай тағамдарды жиі тұтыну семіздікке, жүрек-қан тамырлары ауруларына, ас қорыту жүйесінің бұзылуына және басқа да денсаулық мәселелеріне әкелуі мүмкін. Сондықтан әр адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыруы қажет.

 

Ұсыныстар

 

1. Фастфуд пен газдалған сусындарды тұтынуды мүмкіндігінше азайту.

2. Күнделікті ас мәзіріне көкөніс, жеміс-жидек және сүт өнімдерін көбірек енгізу.

3. Энергетикалық сусындардың орнына таза су мен табиғи шырындарды таңдау.

4. Белсенді өмір салтын ұстанып, спортпен тұрақты айналысу.

5. Мектептер мен жоғары оқу орындарында дұрыс тамақтану туралы ақпараттық жұмыстарды күшейту.

 

Денсаулық – адам өміріндегі ең қымбат байлық. Оны сақтау әркімнің өз қолында.


WhatsApp Telegram

Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)