Неге біз тіс дәрігерінен қорқамыз?

Басты бет / Денсаулық / Неге біз тіс дәрігерінен қорқамыз?

Елестетіп көріңізші: сіз стоматологиялық креслода отырсыз. Төбеңізде үлкен жарық жанып тұр. Дәрігер қолына темір құралдарын алып, бор машинасын қосқанда, оның шыққан дыбысынан-ақ денеңіз түршігіп, жүрегіңіз жиі соға бастайды. Бұл сезім балаға да, ересек адамға да таныс. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлем халқының 60%-дан астамы тіс дәрігеріне барудан қорқады. Бұл үрей ғылымда дентофобия деп аталады. Бірақ біз неге ең қатты осы дәрігерден қорқамыз? Оның 3 негізгі себебі бар. 1. Ауыз қуысы — адам денесіндегі ең сезімтал және ерекше қорғалған аймақ. Психологиялық тұрғыдан алғанда, біз бейтаныс адамды бұл аймаққа жақындатқымыз келмейді. Дәрігер біздің аузымызға құралдарын салған кезде, миымыз бұны «жеке шекараға шабуыл жасау» деп қабылдайды да, автоматты түрде қорғаныс (үрей) сигналын қосады. 2.Креслода жатқанда сіз дәрігердің не істеп жатқанын көрмейсіз. Ештеңені өзгерте алмайсыз, тіпті сөйлей де алмайсыз. Бұл «бақылауды жоғалту» сезімі адамды шарасыз күйге түсіреді. Беймәлімдік пен күтпеген жерден ауырсыну сезініп қалудан қорқу — стрессті екі еселейді. 3.Көпшілігіміздің қорқынышымыз бала кезден бастау алған. Бұрынғы бор машиналардың қатты дыбысы, ауырсынатын уколдар немесе дәрігерлердің қаталдығы есімізде сақталып қалған. Қазір медицина өзгерсе де, біздің миымыздағы ескі естеліктер әлі де қорқыныш тудырады. Қорқынышты жеңудің 3 қарапайым жолы • Дәрігермен келісімшарт жасасыңыз: Креслоға отырмас бұрын дәрігерге: «Егер маған ауырса немесе демалғым келсе, мен қолымды көтеремін, сіз тоқтайсыз» деп келісіп алыңыз. Бұл сізге бақылауды өз қолыңызға алуға көмектеседі. • Заманауи технологияға сеніңіз: Қазіргі стоматологияда ауырсынуды мүлдем сездірмейтін анестезиялар бар. Тіпті уколдың өзін салмас бұрын, қызыл иекке арнайы жансыздандыратын гель жағылады. • Құлаққап киіп алыңыз: Егер сізді бор машинаның дыбысы шошытса, емдеу кезінде құлаққаппен өзіңіз жақсы көретін әуенді немесе подкасты қойып қойыңыз. Бұл миды басқа нәрсеге алаңдатады. Тіс дәрігерінен қорқу — бұл ұят емес, қалыпты жағдай. Бірақ ең үлкен қорқыныш дәрігердің креслосы емес, ауруды асқындырып алу екенін ұмытпауымыз керек. Тісіміз сау әрі күлкіміз әдемі болсын!


Ұқсас тақырыптар

тіс дәрігері

WhatsApp Telegram

Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)