Экологиялық алаң

Басты бет / Әңгіме мен мақала / Экологиялық алаң

Көпшілік экологиялық мәселелерді сөз еткенде, ең алдымен климаттың өзгеруі, орман өрттері немесе мұздықтардың еруі туралы ойлайды. Алайда күн сайын әрқайсымыз бетпе-бет келетін, бірақ көбіне байқалмайтын тағы бір үлкен қауіп бар. Ол — ауа сапасының нашарлауы. Адам бірнеше күн сусыз, бірнеше апта тамақсыз өмір сүре алады, ал ауасыз небәрі бірнеше минут қана тіршілік етеді. Сондықтан тыныс алатын ауаның тазалығы денсаулық пен өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды фактор екенін ұғынамыз. 

Қазақстанда ауа ластануы соңғы жылдары ең өзекті экологиялық мәселелердің біріне айналды. Ірі қалаларда көлік санының артуы, көмірмен жұмыс істейтін жылу электр орталықтары, өнеркәсіптік кәсіпорындардың шығарындылары және жеке сектордағы көмір жағу атмосфераға тарайтын зиянды заттардың көлемін көбейтуде. Жаздың ыстық,желсіз күндері түтін ауада ұзақ сақталып, тұрғындардың денсаулығына кері әсерін тигізеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, ауадағы РМ2.5 деп аталатын өте ұсақ бөлшектер адам ағзасы үшін аса қауіпті. Олар өкпенің терең қабаттарына дейін еніп, қан айналымы арқылы басқа мүшелерге таралуы мүмкін. Ғалымдар мұндай ластану жүрек-қан тамырлары ауруларының, тыныс алу жүйесі сырқаттарының және өкпе обырының даму қаупін арттыратынын анықтаған. Ең қиыны бұл қауіп бірден байқалмайды. Ластанған ауаның әсері жылдар бойы жиналып, кейін ғана түрлі созылмалы аурулар түрінде көрінуі мүмкін.Қазақстандағы экологиялық бақылау нәтижелері де алаңдатарлық жағдайды көрсетіп отыр. Кейбір өнеркәсіптік қалаларда атмосферадағы зиянды заттардың мөлшері рұқсат етілген деңгейден бірнеше есе асып кететін кездер болады. Қазақстан аумағынла ол үлкен кен орындары бар қалалар және мегаполистер. Тіпті кей қалалардың ластану деңгей әлемдік рейтингтарда көш бастауда. Бұл мәселені тек мемлекет шешеді деп күту дұрыс емес. Әр азаматтың да табиғат алдындағы жауапкершілігі бар. Қоғамдық көлікті жиі пайдалану, жаяу немесе велосипедпен жүру, ағаш отырғызу, қоқысты ашық жерде өртемеу сияқты қарапайым әрекеттердің өзі қоршаған ортаға оң әсер етеді. Әрине, ең негізгі міндет өндіріс орындарының экологиялық талаптарды сақтауын қадағалау, заманауи сүзгі жүйелерін енгізу және қалаларды жасыл желекпен көбейту.

Қорытындылай келе таза ауа тренд пен сан-салтанат емес, адамның негізгі қажеттілігі. Біз оны көзбен көрмегендіктен оның қадірін жиі ұмытып кетеміз. Алайда бүгін жұтып жүрген ауаның сапасы ертеңгі денсаулығымыздың көрсеткіші. Сондықтан ауа ластануымен күресу тек экологтардың немесе мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші жұмылсақ жұдырық боламыз.

 


Ұқсас тақырыптар

экология ауа мәселе

WhatsApp Telegram

Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)