Махаббат белесі

Басты бет / Әңгіме мен мақала / Махаббат белесі

Асүйдің үстелінде суып қалған шай тұр. Сағат түнгі үш. Телефон үнсіз. Үйде тыныштық, бірақ ішімде дауыл соғып тұр. Қай жерден қателестім? Қай жерде асықтым? Алланың сынағы ма әлде өзімнің қателігім бе? Абыройым кірлемесін деп, арымды сақтайын, осы отбасыға судай сіңейін деп талпындым ғой.  Мына жатқан кішкентай ғана бөбектің не кінәсі бар?  

Жан дүнием алай-дүлей. Өзіме, оған тағы бір мүмкіндік берейін бе? Берсем, бұрынғының желі қайта соқпасына кім кепіл болады?

Отбасы құратын жасқа жеткенде, Аллаға адалынан, хайырлысын жолықтыршы деп тілеп едім. Адалынан болды, бірақ бір уақытта менің иллюзиям шынайы өмірмен сәйкес келмеді.

Әңгімені басынан бастайын. Мен ешқашан да жігітпен жүрмеп едім. 24 жасыма дейін он екіде бір гүлі ашылмаған қыз едім. Мен махаббаттың мәнісін түсінбейтінмін, ешкім бұл жасыма дейін жүрегімнің түбінен орын алмады. Мен махаббатқа сенбейтінмін, себебі оқыған кітаптарымда, фильмдерімде махаббат тым мінсіз көрінетін, ондай махаббат шынайы өмірде болмайды ғой. Жоқ, сенбеймін, нанбаймын.

Алайда 24 жасыма дейін махаббатты аңсамады, ыстық сезімнің селі болмады, бір адаммен бір жастықта қартаюды қаламады дейсіз бе? Аңсадым, қаладым, жүрегімнің шөлі қанбай, суалды.  Алайда кеудеме нан пісіпті, «мен өзім», «маған көмек керек емес» деген ұстанымдар жүрегім мен сезімімді торлап алыпты. Күндердің бір күнінде періштелердің құлағына тілегім шалынып, Аллаға жеткен болар, болашақ жарыммен сол 24 гүлінде отбасын құрдым.

Серікпен біз бала кезімізде бір партада отырып, бір нанды бөліскен сыныптастар едік. Мектеп кезінде балалық махаббатым болды, иә, рас. Ағымыздан жарылатын достар едік. Одан артық ештеңе жоқ, махаббаттың ұшқыны алауламады. Студенттік шағымды Атырау қаласында өткіздім, сол жаққа оқуға түсіп, өз туған ауылымнан алшақтаған едім. 24 жасыма туған ауылыма қайта оралдым, ыстық сағыныштың буы ма, білмеймін, ұшқан ұямда Серікпен қайта кездесіп, сезімнің оты алаулап, көп ойланбай біз отау құрдық. Екеуміздің тойымыз карантин уақытына сәйкес келді. Екі жақ өзара келісіп, той жасамай, үйден шағын ғана жиын жасалып, ұзатылдым. Бізде бәрі жақсы болатын, мен оның отбасының бір мүшесі болып, келіндік қызметімді адал істегім келді. Ол да мені аялаймын деп жігіттік уәдесін берді. Қазір қарап отырсам, ең басты қателігіміз – екеумізде ортақ мақсат болмапты, екеуміз бір дастарқанда дәм татқанда, бір-бірімізбен шынайы, ашық әңгіме құрмаппыз. Серік өзінің идеал әйелінің бейнесін жүрегінің түбіне салып, соны менен көруге тырысыпты, мені түзеткісі келіпті. Ал мен болсам өзімнің идеал күйеуімнің бойындағы қасиеттерді сол Серіктен іздеп, бір-екі жері сәйкес келмесе, ашуға булығып, ешкімге тіс жармай, сезімімді іште өлтіре беріппін. Ол да маған сен идеалыма сәйкес келмейсің деп тіс жарған емес. Алғашқы айымыз өте тамаша өтті. Еркелетті, еркеледім. Мен ата-енеммен бірге тұрдым. Атам марқұм қой аузынан шөп алмайтын адам болатын. Ал енем біздің әрбір ісімізге араласты. Араласпаған шаруасы қалмады. Аяғым ауыр кезімде де үйдің еденін екі рет жуатынмын, қанша жусам да, қаншама еңбек етсем де, енемнің көңілінен шықпадым. Ол біртіндеп, өзінің ұлын маған қарсы қоя бастады. Мен де сонда өзімді қорғауды ойламаппын ғой. Қалай өзімді сыйламағанмын? Қор қылса да, дымымды қалдырмай, ұрысса да, ләм-мим демеппін. Кейін жүрегім сыздап, көңіліме қаяу түсіп, енемнің мейірімінен әбден үмітім үзілген шағымда қарсы шыға бастадым. Екеуміз де билікке таласқандаймыз, мен жолдасымды, ол ұлын бөле алмадық. Қазір қарап отырсам, менен де жолдасыма байланысты, енеме байланысты көптеген ағаттық кеткенін түсінемін. Жастықтың алауымен ақыл-мизанға салмай, эмоцияның жетегінде кеткен кездерім де баршылық. Алайда бетімнен бір салатындай, маған қол көтеретіндей не жаздым?

Алғаш рет Серіктің қол көтерген күні есімнен кетпейді, жүрегімнің түбінде ауыр жара болып жатыр, қазірдің өзінде еске түсірген сайын, жүрегімді тырмалағанбай боламын, жараға тұз сепкендеймін. Ұрыстың себебі – ұсақ-түйектен басталды. Екеуміз киім салатын сөреге киімдерді қалай саламыз деп дауласып қалдық. Мен оны естімеймін, ол мені естімейді.

  • Серік, мына сөреге баланың киімдерін салайын деп едім, сенің киімдеріңді міне мына жерге ауыстырайық.
  • Жоқ, бұл менің сөрем. Баланың киімдерін басқа жерге сал.
  • Мына жерден алу ыңғайлы болады, анау үстінен менің алуым қиын, ал сенің қолың жетеді ғой.
  • Жоқ, мынау менің сөрем. Бір сөремді көре алмай, балаңа өзің басқасын тап.
  • Жоқ, - деп киімдерін алып тастап едім, бетімнен қалай шапалақпен ұрғанын байқамай қалдым. Бірер секундтардан кейін ғана қызарып, ашып, сезіле бастады.

Бірден дәретханаға барып, есікті жауып алып, еңірей бастадым. Сол кезде енем:

  • Осыған да жылай ма? Не бопты? Қателік өзіңнен болар? Жылай бермей, тамақты ысытшы, шай ішейік, - деді.

Жүрегім мұздай түсті. Не дерімді білмедім, жылайын десем, көзімнің жауһарлары таусылып қалғандай. Сөз сүйегімнен өтіп, оқтай қадалды. Ләм-мим демедім. Бұл сонау мұзтаудың басы болатын. Іштегі өкпе жиналып, кейін сыртқа шығып, 5 жылдан кейін Серік екеуміздің жолымыз екі ажырады. Ол біздің алдымызға отбасымен 3 рет келді, кешірім сұрады. Алайда кешіре алмаған сәтте, жүрегіңе найзаның оғындай қадалатын, ауыр сөздерді хабарламамен жіберетін.

Құрметті сүйікті оқырманым, сіз «мына кісі неге өзін жәбірленуші көрсетіп, тым әсірелеп жатыр» деп ойлауыңыз мүмкін. Мен өзімді мінсізбін деп санамаймын, менен көптеген ағаттық кетті. Алайда күн сайын, сағат сайын қаншама әйел психологиялық, физикалық жараға ұшырап жатқанын білесіз бе? Кейде әйел адам отбасында мейірімсіз, қатал жандармен кезігеді. Олар үшін біз сүйікті келін, аяулы ана, асыл жар емес, кейде жай нүктедей боламыз. Бізді тіпті көрмеуі де, сезімімізді таптап, өзін биік ұстауы да мүмкін. Бұл шындық.

Содан мен ер адамның махаббатына, мейіріміне, ененің әлдилеуіне сенбейтіндей кезге жеттім.

         


Ұқсас тақырыптар

махаббат

WhatsApp Telegram

Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)