Бір айлық азық-түлік: студент бюджетіне сынақ

Студенттік өмірде қаржыны дұрыс жоспарлау маңызды. Шәкіртақының бір бөлігі тамаққа, енді бірі жолақыға, байланыс қызметтеріне және басқа қажеттіліктерге жұмсалады. Азық-түлік бағасының өзгеруі студенттердің айлық бюджетін жоспарлауын қиындатуы мүмкін. Осыған байланысты бір сұрақ туындайды: шәкіртақы студенттің күнделікті қажеттіліктерін өтеуге жеткілікті ме?

Қазақстан Республикасы Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2026 жылғы қыркүйекте жылдық инфляция 9,3%-ды, ал азық-түлік тауарлары бағасының жылдық өсімі 8,5%-ды құрады. Бұл көрсеткіштер азық-түлік шығындарын зерттеудің өзектілігін көрсетеді.

Ресми дереккөз: Қазақстан Ұлттық статистика бюросы. 2026 жылғы қыркүйектегі инфляция⁠.

Алайда барлық өнімнің бағасы бірдей өзгермейді. Сондықтан студенттердің шығынын бағалау кезінде жалпы инфляциямен қатар, күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімдерінің нақты бағаларын да ескеру қажет. 

Студенттің бір айлық бюджеті

Мағжан Жұмабаев атындағы Халықаралық жоғары колледждің 19 жастағы студенті Гарипов Илшаттың айтуынша, оның ай сайынғы шәкіртақысы 48 180 теңгені құрайды. Ол достарымен бірге ортақ азық-түлік сатып алуға айына шамамен 5 000 теңге жұмсайды. Сонымен қатар, дайын тағамды күн сайын кемінде бір рет сатып алатынын және шәкіртақысының өзіне жеткіліксіз екенін айтады.

Оның берген мәліметтері негізінде мынадай есеп жасауға болады.

Көрсеткіш  Сома
Айлық шәкіртақы 48 180 теңге
Ортақ азық-түлікке жұмсалатын қаражат     5 000 теңге
Шәкіртақыдағы үлесі     10,4%
Қалған қаражат      43 180 теңге

Ортақ азық-түлікке жұмсалатын 5 000 теңге шәкіртақының шамамен 10,4%-ына тең. Бірақ бұл студенттің тамақтануға жұмсайтын барлық шығыны емес. Дайын асты жиі тұтыну студенттің қалтасына кері әсерін тигізеді. Атап айтқанда, тамақтың бір мөлшері 1 500 теңге тұрса және студент оны 30 күн бойы күнделікті сатып алса, айына 45 000 теңге жұмсалады. Бұл нақты нарық бағасы емес, тек ықтимал шығын көлемін айқындайтын мысал.

Мәселені шешу жолдары

Студенттердің азық-түлік шығындарын азайту үшін бірнеше бағытта жұмыс жүргізуге болады. Біріншіден, колледждер мен жоғары оқу орындарында қолжетімді әрі құнарлы тағам ұсынатын асханаларды дамыту маңызды. Екіншіден, студенттердің азық-түлікке, жолақыға және басқа қажеттіліктерге жұмсайтын қаражаты туралы сауалнама жүргізу қажет. Мұндай зерттеу олардың орташа айлық шығынын анықтап, шәкіртақының күнделікті қажеттіліктерге сәйкестігін бағалауға мүмкіндік береді. Үшіншіден, студенттерге айлық бюджетін алдын ала жоспарлау, күнделікті сатып алуларын есепке алу және дайын тағам мен үйде әзірленген тамақтың құнын салыстыру пайдалы.

Бір айлық азық-түлік бюджеті - студенттің күнделікті өміріне әсер ететін экономикалық мәселе. Ұлттық статистика бюросының деректері азық-түлік бағасының жылдық өзгерісін көрсетсе, Гарипов Илшаттың мысалы шәкіртақыны күнделікті қажеттіліктерге бөліп жұмсаудың маңызын аңғартады.

Шәкіртақының жеткіліктілігін бағалауда оның көлемімен қатар, студенттің негізгі қажеттіліктеріне қанша қаражат жұмсайтыны да ескерілуі керек. Ресми статистика мен студенттердің нақты тәжірибесін ұштастыру бұл мәселені тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.


Ұқсас тақырыптар

студент шәкіртақы азық-түлік
WhatsApp Telegram

Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)