150 теңгелік жолақы: студент бюджетіне қалай әсер етпек?

Басты бет / Қызықты әрі пайдалы / 150 теңгелік жолақы: студент бюджетіне қалай әсер етпек?

      2026 жылғы 5 қазанда Астана қаласының әкімдігі қоғамдық көлікте қолма-қол ақшасыз төлем кезіндегі жолақыны 110 теңгеден 150 теңгеге көтеруді ұсынды. Жаңа тарифті 1 желтоқсаннан бастап енгізу көзделген. Бұл шешім қала тұрғындарының шығынына әсер етуі мүмкін. Әсіресе ай сайын 52 372 теңге шәкіртақы алатын студенттер үшін күнделікті бюджетті жоспарлауда маңызды факторға айналмақ.

     Әкімдік мәліметіне сәйкес, Астанада қоғамдық көлік тарифі 2014 жылы 90 теңге болып белгіленген. Содан бері жолақы бір рет қайта қаралып, 110 теңгеге жеткен. Осы кезеңде тасымалдаушылардың негізгі шығындары да айтарлықтай өскен. Мәселен, дизель отынының бір литрі 2014 жылғы шамамен 107 теңгеден 329 теңгеге дейін қымбаттаған. Бұл - үш еседен астам өсім. Сонымен қатар әкімдік жүргізушілердің орташа жалақысы бұрынғы 100-150 мың теңгеден автобус класы мен жұмыс режиміне қарай 700 мың теңгеден басталатынын хабарлады. Cоңғы үш жылда тасымалдаушылар 1 127 жаңа көлік сатып алған. Бұл қоғамдық көлік жүйесін жаңартуға бағытталған инвестиция көлемінің маңызын көрсетеді. Алайда жанармай, жөндеу, қосалқы бөлшектер мен еңбекақы шығындарының өсуі тасымалдаушылардың қаржылық жүктемесін арттырады. Сондықтан тарифті қайта қарау туралы ұсынысты тек қымбатшылық ретінде емес, көлік қызметінің өзіндік құны мен оны пайдаланушылардың төлем қабілеті арасындағы тепе-теңдік тұрғысынан бағалау қажет.

     Тарифтің өзгеруі студенттердің бюджетіне қалай әсер ететінін нақты есеп арқылы қарастырайық. Ай сайын 52 372 теңге шәкіртақы алатын студент университетке қоғамдық көлікпен күн сайын барып-қайтса, 150 теңгелік тарифпен күніне 300 теңге жұмсайды. Айына 22 оқу күнін есептегенде, оның жол шығыны 6 600 теңгеге жетеді. Бұл айлық шәкіртақысының шамамен 12,6 пайызын құрайды. Ал қолданыстағы 110 теңгелік тарифпен дәл осындай қатынасқа айына 4 840 теңге қажет. Демек, тариф 150 теңгеге көтерілген жағдайда студенттің айлық жол шығыны 1 760 теңгеге артады. Экспресс-автобустарды пайдаланатын студенттердің шығыны бұдан да жоғары болуы мүмкін. Бір сапары 250 теңге тұратын экспресс-автобуспен күніне екі рет қатынаған студент айына 11 000 теңге жұмсайды. Бұл 52 372 теңгелік шәкіртақының шамамен 21 пайызын құрайды. Ал кейбір студенттер күніне бес-алты рет қоғамдық көлікке мінуге мәжбүр екенің ескерсек, шамамен алты сапардың барлығы 150 теңгелік тарифпен есептелсе, айлық шығын 19 800 теңгеге жетеді. Бұл шәкіртақының шамамен 37,8 пайызы. Ал алты сапардың барлығы 250 теңгелік экспресс-автобуспен жасалса, айына 33 000 теңге жұмсалып, шәкіртақының 63 пайызы жолға кетуі мүмкін. Бұл есептер студенттердің жол шығыны олардың күнделікті бағытына, көлік түріне және сапар санына байланысты екенін көрсетеді. Сондықтан тариф мәселесін талқылағанда тасымалдаушылардың экономикалық мүддесімен қатар, студенттердің төлем қабілеті мен қоғамдық көлікке қолжетімділігін де ескеру қажет.

       Осы тұста айлық жол жүру билеттерінің маңызы артады. City Transportation Systems мәліметінде «Қала + Экспресс» айлық абонементінің құны 10 000 теңге деп көрсетілген. Егер осы тариф пен оның қолданылу шарттары өзгеріссіз қалса, экспресс-автобусты жиі пайдаланатын студент үшін абонемент әр сапарды жеке төлеуден тиімді болуы мүмкін. Бірақ оның нақты тиімділігі студенттің қанша рет қатынайтынына және билетке кіретін маршруттарға байланысты.

       Жолақының өсуі туралы мәселені тек есеппен шектеу жеткіліксіз. Студенттердің күнделікті тәжірибесі де маңызды. Бірі университетке жақын тұруы мүмкін, екіншісі қаланың шетінен қатынайды. Кейбірі бір автобуспен жетсе, басқалары бірнеше маршрут ауыстыруға мәжбүр. Сондықтан тарифтің әсері барлық студент үшін бірдей емес.

           -              Мен университетке жету үшін бір автобустан екіншісіне ауысып мінемін. Алдымен 110 теңгелік кәдімгі автобусқа, кейін 250 теңгелік экспресс-автобусқа отырамын. Қайтарда да дәл солай жүремін. Қазір сабаққа барып-қайтуыма күніне 720 теңге жұмсаймын. Егер кәдімгі автобус тарифі 150 теңгеге көтерілсе, бұл сома 800 теңгеге дейін өседі. Ай сайынғы шәкіртақым -  52 372 теңге. Қазіргі тарифпен сабаққа қатынаудың өзіне айына шамамен 15 840 теңге жұмсаймын. Ал тариф өзгерсе, бұл шығын 17 600 теңгеге жетеді. Яғни шәкіртақымның 33,6 пайызы тек жолға кетеді. Бұған қоса, сабақтан тыс уақытта жұмыс істеймін. Кей күндері автобусқа алты-жеті рет мініп, жолға 1 500–1 600 теңгедей жұмсаймын. Бұл шамамен шәкірт ақымның 63%-67% пайызын құрайды. Сондықтан жолақының өсуі бюджетіме едәуір әсер етеді. Студенттерге арнайы жеңілдік тарифі қажет деп ойлаймын. Айлық абонемент те әрдайым тиімді бола бермейді, өйткені әр студенттің жүретін бағыты мен сабақ кестесі әртүрлі, — дейді Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 3-курс студенті.

       Студент тәжірибесі қоғамдық көлік тарифінің әсері әр адамға әртүрлі болатынын көрсетеді. Қала орталығына жақын тұратын студент пен бірнеше бағытты ауыстырып мінуге мәжбүр жолаушының шығыны бірдей емес. Әсіресе жұмыс пен оқуды қатар алып жүрген жастар үшін жолақы күнделікті бюджеттегі маңызды шығындардың біріне айналады.

         Экономикалық тұрғыдан қоғамдық көлік қызметінің сапасын сақтау үшін жеткілікті қаржы қажет. Тасымалдаушылардың шығындары өскен жағдайда тарифті қайта қарау мәселесінің туындауы түсінікті. Алайда бағаның өсуі жолаушыларға, әсіресе тұрақты табысы шектеулі студенттерге қалай әсер ететіні де назардан тыс қалмауы тиіс.

 


Ұқсас тақырыптар

Жолақы студент стипендия

WhatsApp Telegram

Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Ұқсас материалдар