Кіріспе
Бүгінгі таңда ақпараттық ағындардың қарқын алуы діни медианы тек ақпарат тарату құралы емес, құндылықтарды трансформациялайтын және адамның рухани бірегейлігін қалыптастыратын жаһандық феноменге айналдырды. Кеңістіктегі діни мазмұн адамның санасына «жұмсақ күш» (soft power)[1] ретінде әсер ете отырып, оның әлемге деген көзқарасына, ұстанымдарына, мінез-құлқына және дүниетанымының қалыптасуына тікелей ықпалын тигізеді. Анимация осы ауқымды діни медианың құрылымдық өзегі ретінде стратегиялық маңызға ие.
Цифрландыру және білім беру стандарттарының өзгерісі дәуірінде анимация балалар мен жастардың бос уақытын өткізуге арналған құрал болу аясынан шығып, тұлғаны қалыптастыратын негізгі идеологиялық-педагогикалық құралға айналды. Егер бұрын діни медиа негізінен ересек аудиторияға бағытталған болса, қазіргі діни анимация жас ұрпақтың тілінде сөйлеп, олардың қиялы мен эмоциясына тікелей әсер ететін интеллектуалды кеңістік болып табылады. Діни мазмұндағы мультфильмдер мен анимациялық жобалар — бұл жай ғана «суреттер тізбегі» емес, бұл сакралды (қасиетті) тарихты, пайғамбарлар өмірін және әулиелердің ғибратты жолын жастардың санасына заманауи визуалды тілмен түсіндірудің тиімді әдісі. Осы тұрғыдан алғанда, діни медиадағы анимацияның рөлін зерттеу – заманауи дінтану мен медиа-қауіпсіздік мәселелерін шешудің өзекті бағыты болып табылады.
Анимация (лат. anima – жан, одушевление) - экранда арнайы жасалған және "анимацияланған", салынған, боялған немесе 3D қуыршақ бейнелерінің тізбекті сериясына негізделген өнер түрі.[2, 3] Анимацияның жастар психологиясына әсері оның синтетикалық табиғатымен айқындалады: мұндағы визуалды бейне, музыкалық сүйемелдеу және сюжеттік динамика бала санасына кешенді түрде ықпал етіп, жастарға әсер ететін ең күшті бейресми құралдардың біріне айналып отыр. Ю. Норштейн[4] атап өткендей, анимациялық бейне — бұл «жан біткен» сурет, ол көрерменнің ішкі рефлексиясын оятып, терең эмоциялық байланыс орнатады. Әсіресе, діни мазмұндағы анимация жас аудитория үшін күрделі теологиялық концепцияларды (иман, этика, сакралды тарих) қолжетімді визуалды тілге аударатын «жұмсақ күш» (soft power) қызметін атқарады.
Анимацияның психологиялық әсер ету механизмін талдау барысында көрерменнің экрандағы кейіпкермен өзін теңестіру (идентификация)[10] арқылы оның құндылықтар жүйесін ешқандай критикалық сүзгісіз қабылдайтынын ескеру қажет. Н.Н. Королева мен И.М. Богдановскаяның[5] зерттеулері көрсеткендей, қазіргі жасөспірімдердің 74%-ы өзіндік «Образ Я» құрылымын қалыптастыруда медиа-кейіпкерлердің қасиеттерін негізге алады. Бұл тұрғыда діни анимацияның рөлі зор: ол жастарға бұқаралық мәдениеттегі агрессивті немесе нигилистік образдарға балама ретінде «рухани қаһарман» моделін ұсынады. Мәселен, исламдық анимациядағы («Мухаммад — Соңғы Пайғамбар») немесе христиандық жобалардағы («Серафима») кейіпкерлер жастардың санасында имандылықты, сабыр мен әлеуметтік жауапкершілікті ерлікпен ұштастыратын жаңа символдық нысандарды қалыптастырады.
Алайда, анимация тек конструктивті арнада ғана көрініс таппайды, ол сонымен қатар деструктивті мақсаттарға да қызмет етуі мүмкін. Қазіргі медиа-ортадағы «стихиялық» контент тұтыну процесі антропологиялық дағдарысқа әкеліп соқтыруда. Зерттеулер (А.В. Шариков[7]) балалардың басым бөлігі анимацияны ерте жастан тұтына бастайтынын, ал кәмелет жасына толмаған жасөспірім балалардың сыни ойлауы жоқтығы оларды кез келген визуалды манипуляцияға осал ететінін дәлелдейді. Агрессивті және мағынасыз мазмұндағы мультфильмдер баланың психоэмоционалдық дамуын тежеп, мотивацияланбаған ашушаңдық пен эмпатияның жоғалуына соқтырады. Діни анимация бұл жерде «этикалық сүзгі» ретінде әрекет етіп, экран алдындағы уақытты мағыналы мазмұнмен толтыруға мүмкіндік береді.[6]
Діни мазмұндағы анимациялық дискурстың ерекшелігі – оның символикалық тілінде. Жастар визуалды архетиптер арқылы (жарық пен көлеңке, сакралды музыка, мистикалық сюжеттер) рухани әлемнің эстетикасын қабылдайды. Егер дәстүрлі діни тәлім-тәрбие көбіне вербалды (сөздік) формада жүрсе, анимация оны эмпирикалық (сезімдік) деңгейге көтереді. Бұл жастардың («зумерлер» мен «альфа» ұрпағы) клиптік ойлау ерекшелігіне сай келеді, олар ақпаратты мәтіннен гөрі образ арқылы жылдам қабылдайды. Осылайша, діни анимация жастардың рухани ізденістеріне жауап бере отырып, оларды деструктивті ағымдардың визуалды манипуляцияларынан қорғайтын «иммунитет» қалыптастыруға қауіпсіз негіз қалайды.
Заманауи медиамәдениет контексінде исламдық анимация жай ғана визуалды өнім емес, мұсылман үмбетінің рухани құндылықтар жүйесін жаңа цифрлық тілде сөйлеткен күрделі құбылыс болып табылады. Бұл бағыттың даму тарихы теологиялық канондар мен көркемдік ізденістердің өзара диалогынан бастау алып, уақыт өте келе кемелденген медиа-индустрияға айналды. Исламдық анимация эволюциясының шешуші сәті ретінде 2004 жылы жарық көрген «Мухаммад — Соңғы Пайғамбар» мультфильмін атауға болады; мұнда Пайғамбардың ﷺ жүзін көрсетпей-ақ, оның рухани болмысын субъективті камера мен визуалды символизм арқылы жеткізудің бірегей үлгісі қалыптасты. Бұл кезеңнен бастап исламдық анимация тек діни уағыз құралы болудан қалып, балалар мен жастарды тәрбиелейтін, сакралды тарихты бейнелеудің жаңа эстетикасын ұсынатын қуатты құралға айналды.
Қазіргі таңда исламдық анимациялық кеңістік мазмұндық тұрғыдан айтарлықтай кеңейіп, Құран хикаяларын визуалды интерпретациялаудың сан алуан формаларын ұсынып отыр. Бұған IslamTV порталындағы көрермендер белсенділігі мен Руслан (Абдуль-Басит) Микушкин[14] сияқты зерттеушілердің деректері айқын дәлел болады. Статистикалық көрсеткіштер бойынша жоғары сұранысқа ие «Отважный джигит» жобасы мұсылмандық қаһарман образының жастар психологиясына ықпалын көрсетсе, үш бөлімнен тұратын «Зуль-Карнайн» циклы мен «Талут пен Джалут» сериялары тарихи-діни сюжеттердің танымдық әлеуетін аша түседі. Сонымен қатар, балаларға арналған «Әли және Зейна» және қазақ тіліндегі «Құрандағы оқиғалар» секілді анимациялардың көбеюі, жастардың діни анимацияға деген қызығушылығының артқанын көрстеті. Бұл жобалар балаларға тек діни ақпарат беріп қоймай, олардың бойындағы жауапкершілік сезімі мен терең адамгершілік негіздерін қалайды.
Діни анимацияның эволюциялық дамуы тек тарихи тұрғыдан өткенге көз салумен шектелмей, бүгінгі күннің рухани сұрақтарына жауап беру қабілетімен сипатталады. «Нур и Рара», «Сауд и Сара» және «Билал» сияқты халықаралық деңгейдегі жобалар исламдық әдепті (адаб) цифрлық ұрпақтың дүниетанымына сай бейімдеп, мұсылман баласының бірегейлігін қалыптастыруда шешуші рөл атқаруда. Пайғамбарлардың, соның ішінде Иса, Салих, Нұх, Ибраһим, Адам, Юнус, Юсуф, Әйюб және Дәуіт пайғамбарлардың ғибратты ғұмырына арналған циклдік анимациялар жас көрерменді жақсылық пен жамандықты ажыратуға, шыдамдылық пен имандылыққа тәрбиелейді. Осылайша, исламдық анимациялық дискурс — бұл техникалық прогресс пен теологиялық канондардың үйлесімінен туған, жастардың психоэмоционалдық саулығын сақтауға бағытталған және оларды деструктивті медиа-ықпалдардан қорғайтын қуатты рухани-педагогикалық ресурс ретінде толық қалыптасты.
Христиандық анимация парадигмасы әлемдік медиакеңістікте мазмұны жағынан ең бай және жанрлық тұрғыдан ең әртүрлі бағыт болып табылады. Оның эволюциясы библиялық сюжеттерді жай ғана иллюстрациялаудан бастап, күрделі рухани-психологиялық драмаларға дейінгі жолды қамтиды. Әлемдік тәжірибеде «Суперкнига» (Superbook) және «Летающий дом» сияқты классикалық анимациялық циклдер бірнеше ұрпақ үшін христиандық этиканың әліппесіне айналды. Бұл жобалар «уақыт бойынша саяхат» форматын қолдана отырып, балаларды ежелгі пайғамбарлар дәуіріне апарып, Киелі кітап оқиғаларын заманауи интерактивті деңгейде түсіндіреді. Осы қатарда «Удивительное путешествие» (2019) және «Чудотворец» (2000) сияқты туындылар да ерекше орын алады. Әсіресе, «Чудотворец» (The Miracle Maker) мультфильмінде қолданылған куклалық анимация мен суретті анимацияның синтезі Иса Мәсіхтің өмірін тарихи дәлдікпен және терең эмоционалдық бояумен жеткізудің озық үлгісін көрсетті.[8]
Христиандық мазмұндағы анимацияның ауқымы Голливудтың ірі жобаларымен («Принц Египта», «Царь сновидений») шектелмейді. Мұнда рухани ізденіс пен тәубеге келу тақырыбын терең қозғайтын «Рождественская история» (2009) мультфильмі сияқты туындылар адамның ішкі трансформациясын шебер бейнелейді. Сонымен қатар, православиелік анимациялық мектептің өзіндік қолтаңбасы («Василий Блаженный», «Пересвет и Ослябя») халықтық стиль мен рухани ерлікті ұштастырады. Мысалы, «Необыкновенные приключения Серафимы» (2015) мультфильмінде әулие Серафим Саровскийдің бейнесі арқылы қиындықтарға қарсы тұру, кешірімді болу және иманның күші туралы маңызды тәрбиелік ойлар айтылады.
Зерттеу барысында қарастырылған И. Кодюкованың «Святочные рассказы» циклы, атап айтқанда «Девочка со спичками», «Притча о Рождестве», «Сестра и брат» сияқты бөлімдері христиандық мейірімділік пен жанашырлықты анимация тілімен жеткізеді. Христиандық бағыттағы «Азбука о православии», «Повесть о Петре и Февронии», «Князь Владимир» сияқты тарихи-ағартушылық жобалармен де толыға түседі. Осы туындылардың барлығы дерлік Петер Хазенберг атап өткендей, тек діни догмаларды ғана емес, адамның құдайға ұмтылысын, күнәдан тазаруын және рухани махаббатты іздеуін басты тақырып етіп алады. Осылайша, христиандық анимация бүгінде 30-дан астам ірі циклдік жобалар мен жүздеген авторлық фильмдер арқылы әлемдік медиакеңістіктегі ең ықпалды рухани-тәрбиелік ресурс болып қала береді.
Әлемдік діни анимацияның ауқымы тек авраамдық діндермен шектелмей, шығыстық діни-философиялық жүйелердің, атап айтқанда буддизм мен индуизмнің бірегей визуалды парадигмаларымен толыға түседі. Буддистік анимацияның эволюциясы мен қалыптасу тарихы тікелей Жапониядағы «аниме» индустриясының дамуымен және Осаму Тедзука сияқты шеберлердің шығармашылығымен тығыз байланысты. Тедзуканың он жылдан астам уақыт бойы жасаған «Будда» (Buddha) анимациялық трилогиясы Сиддхартха Гаутаманың ханзададан рухани ұстазға дейінгі өмір жолын тарихи және философиялық тереңдікпен бейнелеудің классикалық үлгісіне айналды. Бұл туындыда буддизмнің негізгі қағидалары — азап шегуден арылу, реинкарнация және мейірімділік концепциялары анимациялық метафоралар арқылы көрермен санасына жол табады. Сонымен қатар, буддистік сарындар Хаяо Миядзакидің («Унесенные призраками», «Принцесса Мононоке») туындыларында жаңа эстетикалық деңгейге көтерілді. Бұл мультфильмдерде діни уағыз тікелей айтылмағанымен, табиғат рухтары (ками), жанның тазаруы және өмірдің циклдік табиғаты сияқты терең рухани астарлар визуалды образ арқылы беріліп, көрерменді медитативті рефлексияға жетелейді.
Индуизм анимациясындағы парадигма негізінен эпикалық жырлар мен тәңірлердің ерліктерін дәріптеуге («иконографиялық анимация») бағытталған. «Рамаяна: Рама ханзада туралы аңыз» (1992) және қазіргі заманғы «Кішкентай Кришна» (Little Krishna) сериалдары индуизм пантеонындағы күрделі мифологиялық сюжеттерді жас ұрпаққа қолжетімді тілде баяндаудың озық үлгілері болып табылады. Мұндағы анимацияның басты ерекшелігі — жарқын түстер мен динамикалық қимылдар арқылы құдайлық энергияны (шакти) және жақсылықтың зұлымдықты жеңуі (дхарма) идеясын паш ету. Сондай-ақ, жапондық «Святые юноша» (Saint Young Men) сияқты туындылар Будда мен Иса Мәсіхтің бейнелерін заманауи тұрмыстық контексте бейнелей отырып, дінаралық диалог пен толеранттылық идеяларын комедиялық жанр арқылы жастар аудиториясына ұсынудың ерекше тәсілін көрсетті.
Осылайша, басқа діндердің анимациялық дискурсы діни сенімнің тек догматикалық емес, сонымен қатар философиялық және мәдени-эстетикалық қырларын ашуға бағытталған. Бұл туындылар әлемдік діни анимацияның мазмұнын байытып, адамзаттың рухани ізденістерін әртүрлі визуалды тілдерде сөйлетіп қана қоймай, жаһандық медиакеңістіктегі мәдениетаралық түсіністіктің нығаюына ықпал етеді. Шығыстық анимациядағы бейнелер көрерменді тек сыртқы оқиғамен ғана емес, адамның ішкі әлеміндегі өзгерістермен, табиғатпен және Жаратушымен (немесе абсолютпен) үйлесім табу мәселелерімен таныстырады. Бұл бағыттағы эволюция анимацияның діни танымды кеңейтудегі әмбебап мүмкіндіктерін тағы бір мәрте дәлелдейді.
Діни анимацияның визуалды тілі заманауи әлемде маңызды миссионерлік құралға айналды. Анимацияның бұл қасиеті оның психологиялық «инвазивтілігінде», яғни адамның бейсаналық қабаттарына символдар мен архетиптер арқылы кедергісіз енуінде жатыр. Көптеген дәстүрлі діндер анимацияны позитивті әлеуметтану құралы ретінде пайдаланса, деструктивті ағымдар оны «жұмсақ вербовка» (soft recruitment) тетігі ретінде қолданады. Бұл феноменнің ең қауіпті әрі тарихи айқын мысалы — «Аум Синрикё» тоталитарлық деструктивтік ағымының анимациялық тәжірибесі. 1991 жылы жарық көрген «Трансцендентті әлем» (Chouetsu Sekai) анимесінде ұйым көшбасшысы Сёко Асахараның мифологиялық бейнесі жасалды. Семиотикалық тұрғыдан талдасақ, мұндағы «левитация» (ауада ұшу), құдайлық қуатты паш ететін жарқылдар мен гипноздық монотонды дыбыстар жастардың сыни ойлауын бұғаттап, эмоционалдық бағыныштылықты қалыптастыруға бағытталған. Бұл — анимацияның «якорная технологиясын» деструктивті мақсатта пайдаланудың классикалық көрінісі. [9, 12]
Діни анимацияның феноменін зерттеу оның тек визуалды формасын сипаттаумен шектелмей, адам болмысына әсер етуінің механизмдерін талдауды талап етеді. Бұл тұрғыда феноменологиялық тәсіл анимацияны жай ғана техникалық өнім емес, көрерменнің санасында сакралды кеңістікті қайта жаңғыртатын «тірі тәжірибе» ретінде қарастырады. Анимациялық образдың шарттылығы көрерменге материалдық әлемнің шекарасынан шығып, трансцендентті әлеммен виртуалды байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Сондықтан да, діни анимацияны тұтыну процесі — бұл жай ғана көру емес, бұл экзистенциалдық деңгейдегі «қатысу» (сопричастность) феномені. Бұл жерде анимация литургиялық немесе мифологиялық кеңістіктің цифрлық реинкарнациясы ретінде көрініс табады.
Семиотикалық талдау діни анимацияны күрделі таңбалық жүйе ретінде ашады. Мұндағы әрбір түс, дыбыс, ракурс немесе кейіпкердің қимыл-қозғалысы нақты бір теологиялық мағынаны жүктейтін «семиотикалық код» болып табылады. Мәселен, исламдық анимациядағы нұр мен көлеңке контрасты, христиандық анимациядағы иконалық стиль элементтері немесе буддистік анимациядағы табиғат метафоралары — бұл көрерменнің бейсаналық қабаттарына бағытталған ақпараттық хабарламалар. Анимацияның бұл «кодталған» табиғаты оның миссионерлік қуатын арттырады. Алайда, дәл осы семиотикалық тиімділік деструктивті ағымдардың, атап айтқанда «Аум Синрикё» сияқты ұйымдардың қолында қауіпті қаруға айналды. «Трансцендентті әлем» анимесіндегі таңбалық жүйе (левитация, Сёко Асахараның мессиялық атрибуттары) жастардың санасындағы дәстүрлі архетиптерді бұрмалап, оларды манипулятивті тұрғыда бағыттау үшін қолданылды.
Антропологиялық аспектіде діни анимацияның рөлі тұлғаның рухани және психологиялық тұтастығын қалыптастыру мәселесімен ұштасады. Н.Н. Королева мен И.М. Богдановскаяның тұжырымдамаларына сүйенсек, анимация жасөспірімнің «Образ Я» құрылымына тікелей әсер ететін антропологиялық конструктор қызметін атқарады. Кейіпкермен эмоционалдық теңесу (идентификация) арқылы көрермен оның рухани этикасын өзінің ішкі заңы ретінде қабылдайды. Бұл жерде анимацияның «жақсы» және «жаман» жақтарының аражігі ашылады: жасампаз анимация тұлғаның антропологиялық өсуіне (рухани кемелденуіне) ықпал етсе, деструктивті контент адамды «объект» деңгейіне түсіріп, оның еркіндігін шектейді.
Әлеуметтік тұрғыдан қарастырғанда, діни анимация заманауи «медиа-қауымдастықтардың» пайда болуына түрткі болады. Ол дәстүрлі діни институттар мен цифрлық ұрпақ арасындағы коммуникациялық алшақтықты жоятын көпір іспеттес. Анимациялық дискурс діни құндылықтарды жаһандық бұқаралық мәдениеттің тіліне аудара отырып, оларды жастар үшін тартымды әрі өзекті етеді. Дегенмен, бұл процестегі басты проблема — діни білім берудің үстірттенуі (поверхностность) және визуалды эффектілердің рухани мазмұннан басым түсіп кету қаупі. Осылайша, діни анимацияны кешенді ғылыми деконструкциялау — бұл жай ғана медиа-талдау емес, бұл заманауи адамның рухани бірегейлігі мен мәдени қауіпсіздігін зерттейтін іргелі гуманитарлық мәселе.
Кинематограф пен дін арасындағы өзара байланысты зерттеу барысында анимациялық дискурс заманауи медиакеңістіктегі ең қуатты рухани-идеологиялық құрал екені айқындалды. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, анимация жай ғана техникалық бейнелер тізбегі емес, ол Ю. Норштейн негіздеген «жан біткен» визуалды магия арқылы адамның бейсаналық қабаттарына, оның ішінде жастар мен балалардың дүниетанымына тікелей жол табатын феномен болып табылады. Семиотикалық және антропологиялық талдау анимацияның «якорная технологиясы» арқылы көрерменнің «Образ Я» құрылымына әсер етіп, оның рухани бірегейлігін трансформациялауға қабілетті екенін дәлелдеді. Бұл үдерісте анимациялық кейіпкермен идентификация орнату — жас ұрпақтың этикалық және діни құндылықтарын қалыптастырудағы негізгі психологиялық тетік болып табылады.
Діни анимацияны қарастыру барысында исламдық, христиандық, индуизмдік және буддистік парадигмалардың әрқайсысы өзіндік визуалды тіл мен эстетикалық жүйе қалыптастырғаны байқалды. Исламдық анимация парадигмасы теологиялық канондарды сақтай отырып, сакралды тарихты бейнелеудің сапалы әрі терең («Мухаммад — Соңғы Пайғамбар», «Билал») үдерісін қалыптастырды. Христиандық және шығыстық анимациялар да миссионерлік және философиялық рефлексияның заманауи үлгілерін ұсына отырып, әлемдік рухани мұраны цифрлық форматта сақтаудың маңыздылығын паш етті.
Дегенмен, анимацияның осы зор сендіру қуаты деструктивті діни ағымдардың (мәселен, «Аум Синрикё») қолында манипуляциялық қаруға айналу қаупін де тудырады. Бұл мәселе феноменологиялық және әлеуметтік тұрғыдан алғанда, медиа-сауаттылық пен рухани қауіпсіздік мәселесінің өзектілігін арттырады. Анимациядағы «жақсы» және «жаман» жақтардың аражігі оның мазмұнындағы этикалық жүктеме мен тұлғаның антропологиялық еркіндігін сақтауымен айқындалады. Қорыта айтқанда, діни анимация — бұл жай ғана ойын-сауық емес, ол цифрлық дәуірдегі адамзаттың рухани жауапкершілігі, мәдениетаралық диалогы және ұлттық тәрбие жүйесінің стратегиялық ресурсы. Анимациялық дискурсты ғылыми деконструкциялау арқылы біз болашақ ұрпақтың рухани иммунитетін нығайтуға және жаһандық медиа-ортадағы деструктивті ағымдарға қарсы «интеллектуалды қалқан» құруға мүмкіндік аламыз.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Zhumadil, B., Ibrayeva, E. E., & Zhanysbaeva, A. (2023). Концепция мягкой силы в глобальной информационно-имиджевой политике: в контексте челленджей. Herald of Journalism, 69(3), 41–51. https://doi.org/10.26577/HJ.2023.v69.i3.04
- Эстетика: Словарь. — М.: Политиздат. Под общ. ред. А. А. Беляева. 1989.
- Иткин В. Что делает мультипликационный фильм интересным / В. Иткин // Искусство в школе. – 2006. – № 1. – С. 50–54
- Норштейн Ю. Изображение должно смотреть. // Искусство в школе. - 2007, т.в. 4
- Королева Н. Н., Богдановская И. М., Луговая В. Ф. Воздействие современной информационной и медиасреды на «Образ я» подростков / Н. Н. Королева, И. М. Богдановская, В. Ф. Луговая // Universum: Вестник Герценовского университета. – 2014. – № 2. – С. 87–94
- Муртазина, М. А. Исследование предпочтений мультфильмов в младшем школьном возрасте. Выпускная квалификационная работа. — Екатеринбург: УрФУ, 2017. [Электрондық ресурс]. — URL: https://elar.urfu.ru/bitstream/10995/55403/1/m_th_m.a.murtazina_2017.pdf
- Шариков А. В. Место анимации в жизни младших дошкольников. / А. В. Шариков // Культурно-историческая психология. – 2014. – Т. 10. – № 4. – С. 72–79
- Овчинникова, Н. Что показать детям: лучшие мультфильмы о религии и милосердии // Фома. — 2024. [Электрондық ресурс]. — URL: https://foma.ru/30-hristianskih-multfilmov.html
- Артёмов, Р. Ю. Религиозные компоненты в современной японской анимации // Христианское чтение. — 2015. [Электрондық ресурс]. — URL: https://cyberleninka.ru/article/n/religioznye-komponenty-v-sovremennoy-yaponskoy-animatsii
- Мусин, А. Мотивационные факторы аниме и манга в контексте идентификации личности // Аль-Фараби. — 2022. — № 2 (78). [Электрондық ресурс]. — URL: https://alfarabijournal.org/index.php/journal/article/view/744
- El.kz порталы. Подростки повально увлечены аниме в Казахстане: как тренд влияет на психику. — 2025. [Электрондық ресурс]. — URL: https://el.kz/ru/podrostki-povalno-uvlecheny-anime-v-kazahstane-kak-trend-vliyaet-na-psihiku-i-chto-govoryat-psihologi_400043765/
- Артёмов, Р. Ю. Аум Синрикё и японская анимация // Богослов.ru. — 2015. [Электрондық ресурс]. — URL: https://bogoslov.ru/materials/article/aum-sinrikyo-i-yaponskaya-animatsiya
Қосымша қаралған дереккөздер
- Чернышёва, А. Топ-5 мультфильмов о вере // Gubkin City. — 2026. [Электрондық ресурс]. — URL: https://gubkin.city/news/society/240331/
- Medina School. Исламские мультфильмы для детей. [Электрондық ресурс]. — URL: https://medinaschool.org/library/semya/deti/islamskie-multfilmy
- IslamTV. Мультипликациялық фильмдер жинағы (видео-каталог). [Электрондық ресурс]. — URL: https://www.islamtv.ru/video-cat-50.html
- Pravfilms. Православные мультфильмы: каталог. [Электрондық ресурс]. — URL: https://pravfilms.ru/index/pravoslavnye_multfilmy/0-290
- Shikimori. Религиозные аниме: тематическая коллекция. [Электрондық ресурс]. — URL: https://shikimori.one/collections/8724-religioznye-anime
- Shikimori. Трансцендентный мир / Chouetsu Sekai (Аналитика). [Электрондық ресурс]. — URL: https://shikimori.one/animes/38196-chouetsu-sekai
- Bogvideo. Христианские мультфильмы (Онлайн-кинотеатр). [Электрондық ресурс]. — URL: https://bogvideo.com/multfilmy/
- Magnific. Религиозные анимационные видеоролики. [Электрондық ресурс]. — URL: https://www.magnific.com/videos/религиозная-анимация/
- Хомякова Н. С. Возможности влияния СМИ на воспитание и социализацию школьника // Эксперимент и инновации в школе. – 2011. – №3. – С. 28.

-
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі