Қазақ халқының ұлы ағартушысы, педагог, жазушы әрі қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсариннің мұрасы – ұлттық руханият пен білім беру тарихындағы баға жетпес құндылық. Оның қазақ даласында оқу-ағарту ісін дамытуға қосқан үлесін, педагогикалық қызметі мен шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау мақсатында 2026 жылғы 30 қазанда Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейінде ағартушының туғанына 185 жыл толуына арналған «Даланың алып қоңырауы» атты көрменің салтанатты ашылуы өтті.
Қазақ даласында білім мен ағартушылықтың шамшырағын жаққан, ұлт болашағын оқу-біліммен байланыстырған тарихи тұлғалардың бірі Ыбырай Алтынсарин. Оның есімі қазақ халқының қоғамдық ой-пікірі, мәдениеті мен әдебиеті тарихында жаңашыл педагог, ағартушы, этнограф, фольклоршы, ақын, жазушы және аудармашы ретінде мәңгілік орын алды.
1841–1889 жылдары өмір сүрген Ыбырай Алтынсариннің басты мақсаты қазақ балаларына заманауи білім беру, халықтың сауатын ашу және оқу-ағарту ісін дамыту болды. Ол қазақ даласында жаңа үлгідегі мектептер ұйымдастырып, жас ұрпақтың білім алуына жол ашты. Ағартушының 1864 жылы Торғайда алғашқы мектеп ашуы қазақ қоғамындағы білім беру тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі. Оның ұстаздық қызметі тек мектеп ашумен шектелмей, оқу бағдарламаларын әзірлеу, оқулықтар жазу және мұғалімдер даярлау ісімен де сабақтасты.
Ыбырайдың педагогикалық мұрасының маңызды бөлігі 1879 жылы жарық көрген «Қырғыз (қазақ) хрестоматиясы» және «Қырғыздарға (қазақтарға) орыс тілін үйретудің алғашқы басшылығы» атты еңбектері. Бұл оқу құралдары қазақ балаларына білім берудің жаңа мазмұнын қалыптастыруға ықпал етті. Сонымен қатар «Кел, балалар, оқылық!», «Өнер-білім бар жұрттар», «Өзен», «Жаз» секілді өлеңдері мен «Бай мен жарлы баласы», «Қыпшақ Сейітқұл», «Таза бұлақ», «Әке мен бала», «Мейірімді бала», «Бақша ағаштары», «Талаптың пайдасы» тәрізді әңгімелері тәрбиелік және танымдық маңызын бүгінге дейін жоғалтқан жоқ.
Ағартушының өмірі мен шығармашылығын кеңінен таныту мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейінде арнайы көрме ұйымдастырылды. Экспозиция Ыбырай Алтынсариннің жеке өмірінен, отбасынан, ағартушылық қызметінен және қазақ даласында білім беру ісін дамытуға қосқан үлесінен сыр шертеді.
Көрменің ашылу салтанаты мазмұнды әрі тағылымды кездесу форматында өтті. Іс-шараның алғашқы құттықтау сөзі Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Нұрлан Әділбекұлы Атығаевқа берілді. Ол өз сөзінде ұлт ұстазының тарихи мұрасын насихаттаудың, ағартушылық дәстүрдің сабақтастығын сақтаудың және жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды танытудың маңыздылығына тоқталды.
Келесі кезекте Қазақстан Республикасының халық әртісі, режиссер-драматург Ерсайын Төлеубай Жүнісбекұлы сөз сөйлеп, Ыбырай Алтынсариннің қазақ мәдениеті мен руханиятындағы орнына қатысты ой-пікірін білдірді. Сонымен қатар «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы – Алматы облысы бойынша Кәсіби даму институтының директоры Қайсар Көпжасарұлы Нұрлыбаев және Алматы қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы №159 гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Асхат Бекназарұлы Ералиев құттықтау сөз сөйлеп, ұлы ағартушының білім беру саласындағы өнегелі жолы мен мұрасының бүгінгі қоғам үшін маңызын атап өтті.
Салтанатты жиынның мазмұнын Алматы қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы №159 гимназияның 6-сынып оқушылары дайындаған музыкалық және әдеби-көркем бағдарлама жалғастырды. Жас өнерпаздар ұлы ұстаздың шығармашылығы мен қазақтың ұлттық өнерін ұштастыра отырып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Атап айтқанда, Рысбай Мансұр, Саят Аруна және Матаева Адияның орындауындағы «Ерке сылқым» күйі көпшілік назарына ұсынылды. Эдильбай Сафия «Қазағым-ай» әнін орындаса, Нұртай Айзере мен Бектимисиова Аяжан «Ақ көгершін» әнімен көрермен ықыласына бөленді. Ал Аймұхаммед Айбек Абай Құнанбайұлының «Айттым сәлем, Қаламқас!» әнін орындап, музыкалық бағдарламаға ерекше реңк қосты.
Әдеби-көркем бөлімде оқушылар Ыбырай Алтынсариннің өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Ержаппар Еркеназдың орындауындағы «Өнер-білім бар жұрттар» және Ермекұлы Ақбереннің «Кел, балалар, оқылық!» өлеңдері көрермендерге ұлы ағартушының білім мен ғылымды насихаттаған асыл мұратын тағы бір мәрте еске салды. Оқушылардың өнер көрсетуі көрменің тәрбиелік мәнін арттырып, ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісіне айналды.
Көрменің басты жәдігерлерінің бірі – ағартушының жеке қалта сағаты. «Павел Буре» зауытында жасалған бұл бұйымды 1989 жылы Ыбырай Алтынсариннің жерлесі Уақбаев Серік Жамантайұлы музей қорына тапсырған. Жеке зат ретінде бұл сағат ағартушының өмір жолын тарихи тұрғыдан танытатын құнды жәдігер саналады.
Экспозицияда Ыбырай Алтынсариннің отбасы мүшелеріне қатысты фотосуреттер де ұсынылған. Атап айтқанда, жары Айғаныс, ұлдары Абдолла мен Әбдірахман, қызы Шәрипа және немересі Нағима Абдоллақызының суреттері көрме мазмұнын толықтыра түседі. Сонымен қатар ұстаздың туған өңірінде әр жылдары салдырған мектептері, интернаттары мен училищелерінің түпнұсқа және көшірме фотосуреттері де келушілер назарына ұсынылған. Бұл материалдардың бірқатары 1959 жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінің Қостанай облысы, Амангелді ауданына ұйымдастырған экспедициясы барысында жинақталған.
Көрменің деректік құндылығын арттыратын маңызды материалдардың қатарында Ыбырай Алтынсариннің хаттары мен қолжазбалары бар. Олардың ішінде ағартушының 1864 жылы Н.И. Ильминскийге және 1880 жылы Орынбор генерал-губернаторына жазған хаттары ерекше орын алады. Бұл құжаттарда қазақ балаларын мектепке қабылдау, оқу үдерісін ұйымдастыру және ағартушылық қызметке қатысты мәселелер қозғалған. Сондай-ақ газетке жариялауға әзірлеген төрт беттік қолжазбасы, 1884 жылы Торғай өңірінде болыстық мектептер салу жөніндегі мәліметтер мен жат жұрт балаларына арналған бастауыш мектептер ашу туралы ережелердің көшірмелері де қойылған. Аталған құжаттар 1986 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясы кітапханасының Сирек кездесетін қолжазбалар мен басылымдар бөлімінен алынған.
Фотоматериалдар топтамасы да көрменің маңызды бөлігін құрайды. Мұнда Ыбырай Алтынсариннің Қостанайдағы екі сыныптық училище оқушыларымен бірге түскен суреті, Обаған болыстық мектебі мен өзі ашқан оқу орындарының шәкірттері бейнеленген фотосуреттері қойылған. Сонымен қатар ағартушының хаттары мен мұрасын зерттеген белгілі тарихшы Бекежан Сүлейменовтің, оның ізбасарлары Әбдіғали және Ахмет Балғымбаевтардың, сондай-ақ қазақтың көрнекті ағартушы-педагогі Нәзипа Құлжанованың фотосуреттері де экспозициядан орын алған.
Қазақ даласында білім беру ісінің дамуына үлес қосқан өзге де тарихи тұлғалар көрме мазмұнын кеңейте түседі. Атап айтқанда, Бөкей Ордасында мектеп ашу ісіне бастамашы болған Жәңгір хан, Жетісу өңіріндегі оқу-ағарту жұмыстарына қаржылай қолдау көрсеткен Есенқұл Маманов және ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының бейнелері арнайы таныстырылған. Сондай-ақ Ыбырай Алтынсариннің туысқаны, халық жазушысы, көрнекті ақын Мәриям Хакімжанованың жеке кешеніне де арнайы витрина арналған. Бұл тұлғалардың өмір жолы қазақ қоғамындағы ағартушылық дәстүрдің сабақтастығын көрсетеді.
Көрменің этнографиялық және иллюстрациялық мазмұнын толықтыратын жәдігерлер қатарында ұстаз ашқан оқу орындарының картасы, әулеттік шежіре, шәкірт киімінің атрибуттары, араб әліпбиі жазылған жылқы жауырыны, сиясауыт пен қауырсын қалам бар. Сонымен бірге Қостанай өңірінің Ақсуат ауылындағы С. Көбеев атындағы мектептің 1976 жылы музей қорына тапсырылған қоңырауы да ерекше назар аудартады. Музей кітапханасынан алынған Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен шығармашылығына арналған басылымдар көрме мазмұнын ғылыми-танымдық тұрғыдан байытады.
Жалпы, экспозиция Ыбырай Алтынсариннің жеке өмірін таныстырумен ғана шектелмейді. Ол – қазақ даласындағы білім беру жүйесінің қалыптасуы мен дамуын, алғашқы мектептердің тарихын, ағартушылық идеялардың таралуын және ұлттық педагогиканың негізін қалаған тұлғалардың қызметін кешенді түрде көрсететін тарихи-танымдық кеңістік.
«Кел, балалар, оқылық!» деп ұрпақты білімге шақырған Ыбырай Алтынсариннің арманы – көзі ашық, көкірегі ояу, өнер-білімге ұмтылған ұлт қалыптастыру еді. Оның «Өнер-білім бар жұрттар» өлеңінде көрініс тапқан өркениетке ұмтылу идеясы бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның білім мен ғылымды дамыту бағытындағы ұстанымдарымен де үндеседі.
Ұлы ұстаздың мұрасы – бір кезеңнің ғана емес, барша ұрпақтың рухани қазынасы. Оның өмір жолы адал еңбекке, ізденіске, адамгершілікке және ел болашағына қызмет етуге үндейді. Сондықтан Ыбырай Алтынсариннің есімі мен ағартушылық қызметі қазақ халқының тарихи жадында мәңгі сақталып, жас ұрпаққа өнеге бола бермек.
Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен ағартушылық қызметіне арналған көрме Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейінің 3-залында орналасқан.

- Азамат Төре
- Азамат Төре
- Али Акбар Деһхода
- Али Акбар Деһхода
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі