ӨСІМДІК АУРУЛАРЫН ТЕЖЕЙТІН ФИТОНЦИДТІК ОРГАНИКАЛЫҚ ТЫҢАЙТҚЫШТАРДЫ ӘЗІРЛЕУ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ТИІМДІЛІГІН ЗЕРТТЕУ

Аңдатпа. Бұл ғылыми мақалада тұрмыстық органикалық қалдықтар — пияз және сарымсақ қабықтары негізінде экологиялық таза фитонцидтік органикалық тыңайтқыш әзірлеу технологиясы мен оның мәдени өсімдіктердің өсуіне тигізетін әсері қарастырылады. Зерттеу нәтижесінде алынған биопрепараттың физика-химиялық көрсеткіштері (TDS, pH) стандартталып, салат және үрмебұршақ өсімдіктерінің саңырауқұлақ ауруларына төзімділігі мен өнімділігі артатыны тәжірибе жүзінде дәлелденді.
Кіріспе. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы саласында өсімдік ауруларымен күресу үшін химиялық пестицидтер мен синтетикалық фунгицидтер кеңінен қолданылады. Олар зиянкестерді жылдам жойғанымен, топырақтың табиғи микрофлорасын бұзып, жер асты суларын ластайды және көкөністер арқылы адам ағзасына жиналады. Осыған байланысты химиялық препараттарды экологиялық таза баламалармен алмастыру және тұрмыстық органикалық қалдықтарды тиімді кәдеге жарату — қазіргі экология ғылымының өзекті мәселесі болып табылады. Көрнекті ғалым Б. П. Токиннің фитонцидтер іліміне сүйене отырып, пияз бен сарымсақ қабығының құрамындағы аллицин және кверцетин сияқты табиғи белсенді заттарды өсімдік қорғауда пайдалануға болады.

Зерттеу әдістемесі. Фитонцидтік органикалық тыңайтқышты әзірлеу үшін  тұндыру  әдісі қолданылды. Бұл температуралық режим ұшқыш фитонцидтердің термиялық ыдырауына жол бермейді. Ерітіндінің минералдану деңгейі сандық TDS-метр құрылғысымен, ал қышқылдық-сілтілік ортасы pH-индикатор арқылы тексерілді. Тәжірибелік бөлімде жапырақты салат және үрмебұршақ  дақылдары «бақылау тобы»  және «тәжірибе тобы» болып екіге бөлініп өсірілді. 

Зерттеу нәтижелері және талқылау. Зертханалық өлшемдер таза ауыз суының минералдануы 145 ppm болса, пияз қабығы тұнбасында — 311 ppm, ал сарымсақ қабығы тұнбасында — 291 ppm-ге дейін өскенін көрсетті. Бұл ерітіндінің калий, фосфор және күкірт иондарына бай органикалық тыңайтқыш екенін дәлелдейді. Индикаторлық талдау нәтижесінде ерітіндінің әлсіз сілтілік ортаға (pH 8,0–9,0) ие екені анықталды, бұл қышқыл ортада көбейетін зең саңырауқұлақтарының дамуын табиғи жолмен тежейді.

Тәжірибелер нәтижесінде фитонцидтік ерітінді қолданылған жапырақты салаттың биіктігі  бақылау тобынан  28,9%-ға жоғары болды. Жазғы және күзгі кезеңдерде егілген үрмебұршақтардың өсу қарқыны 29,7–47,0%-ға артып, өнімділігі 24%-ға өсті. Бақылау тобында ақұнтақ және зең дақтары байқалса, тәжірибе тобындағы өсімдіктер ауруларға мүлдем шалдықпады. Жасанды интеллект талдауы тәжірибе тобы жапырақтарының саулық индексі 94%-ды (бақылау тобы — 68%) құрайтынын растады. 

Қорытынды. Әзірленген «PHYTO-AGRO» фитонцидтік био-спрейі — әрі өсімдікті қоректендіретін, әрі аурулардан қорғайтын тиімді отандық өнім. Оны мектеп жылыжайларында, бөлме өсімдіктерін баптауда және органикалық егіншілікте химиялық пестицидтердің қауіпсіз баламасы ретінде кеңінен қолдану ұсынылады.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Асанов Н. Г., Соловьева А. Р., Ибраимова Б. Т. Биология: 9-сыныпқа арналған оқулық. — Алматы: «Атамұра», 2019. — 272 б.
  2. Токин Б. П. Целебные яды растений: Повесть о фитонцидах. — Ленинград: Лениздат, 1980. — 280 с.
  3. Құрманбаева М. С., Әбішева Г. Ө. Өсімдіктердің биологиялық белсенді заттары // ҚазҰУ Хабаршысы. Экология сериясы. — 2021. — № 2 (67). — Б. 45–52.

WhatsApp Telegram

Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.