Шаңырақ ішіндегі үнсіздік: Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылық неге көбейіп кетті?
Тұрмыстық зорлық-зомбылық – бір шаңырақтың төрт қабырғасындағы «отбасылық жанжал» емес, бүкіл қоғамның қауіпсіздігіне және мемлекеттің демографиялық болашағына қатер төндіретін әлеуметтік-құқықтық мәселе. Онжылдықтар бойы «үйдің сырын сыртқа жайма», «қыздың жолы жіңішке» деген стереотиптер жәбірленушілерді үнсіз қалуға мәжбүрледі. Бұл үнсіздік агрессорлардың жазасыз қалуына және зорлықтың өршуіне жол ашты.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, полицияға тұрмыстық жанжалдар бойынша жыл сайын жүз мыңнан астам қоңырау түседі. Алайда сарапшылар бұл көрсеткішті айсбергтің ұшар басы деп бағалайды. Жәбірленушілердің көбі қорқыныштан, ұяттан немесе құқық қорғау органдарына сенбегендіктен арыз бермейді. Бұрын мұндай құқықбұзушылықтар көбіне әкімшілік жауапкершілік аясында қаралып, 5–15 тәулікке қамаумен немесе ескертумен шектелетін. Бұл агрессорларға «жазасыз қаламын» деген сенім қалыптастырды.
2023 жылдың соңындағы Салтанат Нукенованың қазасы елдегі зорлық-зомбылыққа қарсы күресте бетбұрыс жасады. Бұл – тек бір отбасының қайғысы емес, құқықтық жүйедегі олқылықтарды көрсеткен оқиға. Сонымен қатар еліміздің түрлі өңірінде балаларды ұру, әйелдерді қудалау және психологиялық қысым көрсету фактілері әлі де тіркеліп отыр.
Соңғы жылдардағы қоғамдық резонанс тудырған қатыгез оқиғалар мәселенің тамыры тереңде жатқанын көрсетіп қана қоймай, мемлекетті, құқық қорғау органдарын, заңгерлер мен құқық қорғаушыларды және азаматтық қоғамды жүйелі өзгерістер жасауға мәжбүр етті. Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес – тек полицияның ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
Мәселенің күрделілігін Шымкент тұрғыны Түймегүл Мейірханның оқиғасы да көрсетеді. Оның айтуынша, жанжал күйеуінің қызғанышынан басталып, күш көрсетуге ұласқан, ал енесі оны жұмыс істеуге мәжбүрлеп, шашынан сүйреп үйден шығарып жіберген. Әйел екі жас баласымен (үш жаста және бір жас он айлық) әпкесінің үйіне паналаған. Сонымен бірге күйеуі оның атына 1 миллион 300 мың теңге несие рәсімдегенін де мәлімдеген. Ал енесі келіні оны пышақпен қорқытқанын айтып, полицияға арызданған. Шымкент полиция департаменті екі тараптың да дене жарақатын келтіру бойынша арызданғанын хабарлап, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын айтты. Істің түпкілікті шешімі жарияланбағандықтан, тараптардың мәлімдемелерін дәлелденген факт ретінде қабылдауға болмайды. Дегенмен бұл жағдай отбасындағы бақылау, экономикалық тәуелділік және бірнеше адамның қысымы қалай тоғысатынын айқын көрсетеді.
Заңгер Айгүл Сайынның пікірінше, бұрынғы заңдардағы агрессорға берілген жеңілдіктер мен «тараптардың татуласуы» институты қылмыскерлерді жігерлендіріп келді. Қабылданған түзетулерді ол үлкен жетістік санайды, алайда заңның қатаң болуы жеткіліксіз, оның полиция және сот деңгейінде бұлжытпай орындалуы маңызды екенін ескертеді.
Stan.kz мәліметі бойынша отбасылық психотерапевт Дәуренбек Жұмабаев зорлық-зомбылық махаббаттың белгісі емес, басқа адамның еркіндігін жаншып, билік пен бақылау орнатудың құралы екенін айтады. Оның сөзінше, көптеген жәбірленуші ұзақ жылдар бойы психологиялық манипуляцияның салдарынан өз бетімен шыға алмайтын «үйренген дәрменсіздік» күйіне түседі. Сондықтан ол әрбір ауданда тегін психологиялық көмек жүйесін қалыптастыруды ұсынады.
Әлеуметтанушы Гүлмира Әбілқасымова мәселенің тамыры патриархалдық стереотиптер мен әлеуметтік-экономикалық теңсіздікте жатқанын атап өтеді. Әйелдің қаржылық тәуелділігі оны зорлыққа көнуге мәжбүрлейтін ортада қалуға әсер етеді. Сондықтан тек полиция мен заңды күшейтіп қана қоймай, мектептен бастап гендерлік теңдікті, өзара сыйластықты және жеке шекараны құрметтеуді үйрететін білім беру реформасы қажет деп санайды.
Ғаламтордағы мәліметтерге сүйенсек Испанияда мамандандырылған соттар жұмыс істейді, ал агрессорға жәбірленушіге жақындауға тыйым салатын электронды білезіктер қолданылады. Франция мен Германияда қауіп төндірген адам үйден бірден аластатылады, жәбірленуші балаларымен үйде қалады, дағдарыс орталықтарын мемлекет қаржыландырады.
Осы тәжірибені ескере отырып, Қазақстанда 2024 жылы заңнама қатаңдатылды. Ұрып-соғу мен денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру қылмыс санатына қайта көшірілді. Тараптардың татуласу мүмкіндігі шектелді, балаларға қарсы зорлық үшін жаза күшейтілді.
Заңның қатаңдауы – маңызды қадам, бірақ жалғыз шешім емес. Қылмыстық жауапкершілік жәбірленушіні қорғайтын нақты тетіктермен – полицияның жедел әрекетімен, сот шешімдерінің орындалуымен, дағдарыс орталықтарымен және психологиялық көмекпен – толықтырылуы тиіс. Ең бастысы, қоғамдағы көзқарас өзгеруі керек. «Шаңырақты сақтау» деген желеумен әйелдің үнсіз қалуын ақтауға болмайды. Отбасының беріктігі қорқынышқа емес, өзара құрмет пен жауапкершілікке негізделгенде ғана мәнге ие. Зорлық-зомбылықтан хабардар болып, үнсіз қалмаған әрбір азамат – қауіпсіз қоғамға қосылған үлес.
Құлмырза Шапағат ҚазҰУ- дың 2-курс студенті.

- Мархабат Байғұт
- Мархабат Байғұт
- Мархабат Байғұт
- Азамат Төре
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі