Өлең, жыр, ақындар

Ыдыста ырыс бар

Шешесін көріп – қызын ал,

Ыдысын көріп – асын іш.

Ата-бабаларымыз ұлт тұрмысында ас сақталатын ыдыс-аяққа үлкен мән берген. Олар ыдысты көбіне ағаштан (еменнен, қайыңнан), малдың (жылқының, ешкінің) терісінен, металдан (мыстан, жезден) жасаған.

Ыдыс – ас құятын, сақтайтын мүлік.

Аяқ – ағаштан жасалған, көлемі шұңғыл табақтан кіші, әсем, сырлы ас құятын ыдыс.

Аяққап – киізден, былғарыдан істелген, кереге басына ілетін, аяқ сақтайтын ыдыс.

Астау – ет салатын, көлемі табақтан үлкен, ұзынша ағаш ыдыс.

Бұлқыншақ – жылқының, ешкінің бітеу сойылған сан терісінен жасалған сұйық құятын ыдыс.

Бақыраш – су құйып алуға арналған темір ыдыс.

Бүйен – мал бүйенінен жасалған, май сақтауға арналған ыдыс.

Жанторсық – жолаушы жанында жүретін, сусын құятын шағын тері ыдыс.

Жуаз – май шайқайтын ағаш ыдыс.

Зерен – шара тәріздес, беті қақпақты, күміспен сүйекпен шекетулеген кәделі ағаш ыдыс.

Күбі – талдан, аршадан қиып жасалатын, айран, қымыз пісуге арналған іші кең ыдыс.

Кеспек – еменнен жасалып, сырты темірмен құрсалған, су немесе іркіт құятын үлкен ыдыс.

Кепсер (қалақ) – сүзгіш.

Керсен – ағаштан жасалған шұңғыл табақтың үлкені.

Кесеқап (теркеш) – кесе сақтайтын аяққап тәріздес ыдыс.

Көзе – қыштан жасалатын, түбі кең, аузы тар сұйық құятын ыдыс.

Көнек – теріден қатырып жасаған, шүмегі бар бие сауатын шелек.

Қазан – шойыннан жарты шар үлгісінде құйылған, ұстауға қолайлы, төрт құлағы бар, көлемі әр түрлі, бетінде қақпағы бар тамақ пісіруге арналған қасиетті ыдыс.

Қарын – бұзаудың, қойдың қарнынан жасалған май сақтайтын ыдыс.

Қасық – ағаштан, темірден жасалған сұйық тамақ ішетін ыдыс.

Құты – су, сусын құятын шағын ыдыс.

Құмыра – қыштан жасалған, сұйық ас құятын ыдыс.

Құман – қолға су құятын шәйнектің бір түрі.

Құманша (ақ құман) – шай бұқтыратын шағын ыдыс.

Ожау – сұйық құятын сапты ыдыс.

Мес – ас құятын, сақтайтын тері ыдыс.

Леген – мыстан, темірден жасалған, қол жууға арналған ыдыс.

Саба – жылқы терісінен тігілетін, қымыз құятын кәделі ыдыс.

Самаурын – шай қайнататын ыдыс.

Табақ – ет тартатын кәделі, жиекті ағаш ыдыс.

Табақша – фарфордан, қыштан, шыныдан жасалатын жайпақ ыдыс.

Таба – отқа салып, нан көметін екі бетті ыдыс.

Торсық – су, сусын құятын шағын тері ыдыс.

Тостаған – ағаш аяқтың шағын түрі.

Тегеш – металдан жасалатын мескенің бір түрі.

Тегене – ағаштан жасалатын шұңғыл тік жиек ыдыс.

Топатай – су, сүт құятын кішкене ыдыс.

Түйемойнақ –түйенің мойын терісінен жасалған, су құятын тозбайтын үлкен ыдыс.

Піспек – сабадағы, күбідегі асты шайқайтын дөңгелек басты сапты құрал.

Шөген – шойыннан жасалған шұңғыл қазан тәріздес ыдыс.

Шелек – су таситын, мал сауатын қаңылтыр не ағаш ыдыс.

Бие шелек – тек бие сауатын шелек.

Шәугім – ағаштан ойып жасаған қымыз немесе сұйық ас құятын шұңғыл тік жиек ыдыс.

Шара – ағаштан ойып жасаған қымыз немесе сұйық ас құятын шұңғыл тік жиек ыдыс.

Шәйнек – жезден, мыстан жасалған құманның бір түрі.

Шөміш -  қазаннан ас құятын ыдыс, ожаудың бір түрі.

Шанаш – тұз сақтайтын тері қапшық.

Шылапшын – қол жуғанда пайдаланатын легеннің бір түрі.

Қауға – құдықтан су тартатын шелек.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз