Өлең, жыр, ақындар

Сиқырлы тас

Баяғы өткен заманда бір байдың жалғыз баласы болыпты. Бір күндерде бай баласына бір мың сом беріп, оны алыстағы жәрмеңкеге жіберіпті. Бала бірнеше күн жәрмеңкені аралайды да басқа ұнамды ештеңе таба алмай, әкесінің берген ақшасына бір мысық сатып алыпты.

Ол үйіне қайтқан соң, бай баласының келгенін естіп, не нәрсе сатып алып қайтқанын білуге келіпті.

— Қарағым, жәрмеңкеден не нәрсе сатып алып қайттың?

— Әке! Мен сіздің берген барлық ақшаңызға бір мысық сатып алдым. Мұның қасиеттілігі сондай жер-жүзіндегі тышқаннан тышқан қалдырмайды, – дейді. Баласының бұл сөзіне ешбір жауап қатпастан, бай үйіне қайтып кетеді.

Келер жылы сол уақытта бай баласына екі мың сом ақша беріп, тағы да базарға жібереді. Бұл жолы баласы барлық ақшасына бір бүркіт сатып алыпты. Үйіне қайтып келген соң, әкесі келіп сұраған екен, сонда бала:

— Ей, әке! Бұл жолы барлық ақшамды беріп, тамаша бір құс сатып алдым, сірә, бұл құстан құс қалдырмайтын қыран болу керек, – дейді. Әкесі баланың бұл сөзіне де еш жауап қайтармайды.

Келер жылы сол уақытта үш мың сом ақша беріп, әкесі баласын тағы да базарға жіберіпті. Бұл жолы баласы бір тазы сатып алып қайтады. Үйіне келіп, әкесіне мақтанып:

— Әке! Мен бұл жолы барлық ақшама бір тазы сатып алып қайттым, мұның өнері сол: жер жүзіндегі қоян мен түлкіден, қасқырдан түк қалдырмайды, – депті. Әкесі бұған да ештеңе айтпастан кетіп қалады.

Төртінші жылы төрт мың сом беріп, баланы тағы да базарға жіберіпті. Баласы бұл жолы бір үлкен сандық сатып алыпты. Оның ішінде не бар, не жоғын білмейді. Сатқан кісі бұған:

— Бұл сандықты ашпа, бір өте қиын уақытта ғана ашарсың. Егерде жай уақытта ашсаң, зиян келтіреді, – депті.

Байдың баласы сандықты үйіне алып келіп, қуаныш қып, әкесіне:

— Бұл жолы берген ақшаңызға бір сандық сатып алып қайттым, – дейді. Малжанды бай жауап бермей, баласын өз үйінен біржолата қуып жібереді. Оның сатып алғап мысығын, бүркітін, тазысын, сандықты өзіне береді. Байдың баласы жылай-жылай, сандықты арқалап жүре-жүре шаршайды. Бір жерге демалуға отырады да сандығын жерге қойып, өзі ойға кетеді. Осы сандықты сатқан сатушының айтқан сөзі ойына түседі. Сандықты сол жерде ашып қараса, ішінде бір үлкен жылан жатыр екен. Жыланды көріп, ол талып қалыпты. Көптен соң көзін ашып қараса, жылан адамның тілімен сөйлеп отыр:

— Ей, жігіт, мені сатып алғаныңа көптен-көп рақмет! Енді сен мені өз үйіме жеткіз. Ондағы менің аталарым сенің істеген жақсылығыңа қарай шамасы келгенінше жақсылық істер, – депті.

Байдың баласы олай ойлап, бұлай ойлап: «Не болса да бағымды сынап көрейін!» – деп, сандықты арқалайды да жыланның айтқан жеріне келеді. Ол бір терең құз екен, құздың іші толған жылан екен. Адамзатты көріп, жыландар бәрі басын көтеріп алып, ысқырыпты. Туғаннан бері мұндайды көрмеген сорлы бала қорыққанынан арқасындағы сандықтың аузын ашып, ішіндегі жыланды қоя беріпті. Жылан сандықтан шығып, өз тілінде ысқырған екен, жаңағы жыландар қайтадан өз орындарына жатыпты. Сонан соң қасындағы жылан баланы өз ініне ертіп келіпті де оны сыртқа тастап, өзі ініне кіріп кетіпті. Аздан соң жылан інінен қайта шығып, адам тілімен көп-көп рақмет айтыпты да балаға бір жасыл тас беріп:

— Бұл тастың кереметі сондай - көңіліңдегіге қолыңды жеткізеді, бірақ бос жерге тастаушы болма, – депті.

Бала бұған қуанып: «Мені көзді ашып-жұмғанша құсым мен тазыма жеткіз!» – дейді тасқа. Жыланның айтқаны рас екен. Көзді ашып-жұмғанның арасында баланы айтқан жеріне жеткізіпті. Тастың кереметіне көзі жеткен бала: «Енді бізді ешкім білмейтін патшаның жеріне жеткіз», – депті. Тас оның айтқанын орындап, көзді ашып-жұмғанша, бір жерге алып келеді. Бала жан-жағына қараса, алыстан бір үлкен шаһар көрінеді. Бала итін, мысығын алып, шаһарға келіп, ең шеттегі бір үйге кірсе, үйде шал мен кемпірден басқа ешкім жоқ екен. Шал мен кемпір оны бала қылып алыпты. Бала күнде таңертең аңға шығып, құс әкеліп, шал мен кемпірді асырап жүріпті. Бір күні ол күн шықпай далаға аңға шығып бара жатып, күннің екі бөлек болып шығып келе жатқанын көреді де шал мен кемпірге қайтып келіп, мұның себебін сұрайды.

— Қарағым! Бұл жерде күн біреу-ақ. Екінші күнмен қатар таласып шыққан хан қызының нұры, – дейді кемпір.

Сол жерде бала хан қызына ғашық болыпты. Келер күні:

— Ханның қызын маған айттырып кел! – деп кемпірді жібереді. Туғалы мұндайды естімеген кемпір әуелі шошып, баласы жалынып болмаған соң, амалсыз бармақшы болыпты. Баласы оған:

— Ертең ерте таң атпай сен ханның ордасына барып, есігінің алдын сыпырып тұрғайсың. Хан тұрған соң: «Бұл не қылып жүрген кемпір?» – деп сұраса, сен: «Ханның қызын балама айттырғалы жүрмін», – дегейсің. Сонан хан ашуланып, сені: «Зынданға сал!» – деп, құлдарына бұйырар. Құлдары сені зынданға тастап жібергенде, сен аман-есен үйге келесің, – дейді.

Сонымен бишара кемпір ертеңіне ерте орнынан тұрып, ханның ордасына барады. Хан оянған соң, кемпірді көріп:

— Неғып жүрген кемпірсің? – деп сұрайды.

— Мен сіздің қызыңызды айттырғалы келген едім, дейді кемпір.

Хан бұған ашуланып, құлдарына:

— Кемпірді зынданға сал! – деп бұйырады. Құлдары кемпірді қолынан ұстан апарып, зынданға тастап жіберген екен, кемпір зынданға түспей, аман-есен өз үйіне қайтып келіпті. Баласы ертеңіне тағы да кемпірді ханның қызын айттыруға жібереді. Кемпір ханның үйіне келіп, тағы да есігінің алдын тазалап жүргенін хан көреді. Кешегі кемпір екенін білген соң, құлдарына сенбей, зынданға тастауға ханшаларын қосып жібереді.

Құлдары ханшалардың көзінше кемпірді зынданға тастап жіберіпті, бірақ кемпір тағы да өз үйіне қайтып келіпті. Келесі күні кемпір тағы барыпты. Үшінші рет барғанда, ханның өзі шығып, кемпірді өз қолымен кескілеп, отқа жандырып жіберіпті. Баласы мұны біліпті де жасыл таспен кемпірдің өртенген сүйегін жиып алып, тағы да тірілтіп, өз үйіне келіпті. Кемпір өлместігін білген соң, ертеңіне тағы да барып, ханның қызын сұрапты. Хан кемпірді көріп, мұның өлместігіне көзі жеткен соң: «Мұнан құтылмаспын. Онан да қалың малды көп сұрап, шошытып құтылайын », – деп, кемпірге:

— Ей, кемпір! Мен саған қызымды берейін, бірақ қалың малыңа қырық кара жорға, қырык қара жүйрік ат бер, түсі бірдей болсын, қырық нар түйе бер, түсі бірдей болсын, бір түсті қырық сиыр, қырық қой бер, түсі бірдей болсын, қырық ешкі бер, өңі, түсі бірдей болсын. Онан соң бір түннен қалдырмай, жерде де емес, көкте де емес, бір алтын сарай жаса. Екі бәйтерек орнат, оның бірі алтыннан, бірі күмістен болсын. Ол екі бәйтеректің түбінен бұлақ ағызып қой. Сонда қызымды беремін, – депті.

Хан: «Осы сөзіммен кемпірден құтылдым» – деп ойлайды. Кемпір үйіне келіп, баласына бастан-аяқ ханның сұраған қалыңмалын айтқан екен, баласы далаға шығыпты да жасыл тасты алып, бастан-аяқ ханның сұраған қалыңмалын айтып, тасты қоя беріпті.

Ертеңіне бала орнынан тұрса, бәрі де айтқанындай орындалған екен. Хан тұрып қараса, кешегі сұраған қалыңмалының бәрі ордасының жанында жүр екен. Не көкте емес, не жерде емес, алтыннан жасалған сарай күнмен шағылысып төбеде тұр; гауһар тас пен күмістен жасалып орнатылған екі бәйтерек тұр, ол екеуінің түбінен бұлақ ағып жатыр. Хан қырық күн тойын, отыз күн ойын қылып, кемпірдің баласына қызын беріпті. Баланы өзінің орнына хан қылып, біраздан соң, кәрі хан дүниеден қайтыпты.

Хан болса да бала жасынан үйренген әдетімен ерте тұрып, итін ертіп, құсын алып, аң аулап жүреді екен. Бір күні далада аң аулап жүргенде, оған қуаяқ кемпір кез болады. Кемпірді көріп, хан аяп, өз үйіне қызмет қылуға әкеп қояды. Кемпір ханның үйінде ханымынан басқа адамды көрмейді. Не жұмыс болса да өзі істеліп, өзі бітіп тұрғанын көреді. Кемпір мұны көріп, ханға айтуға батпай, ханымнан сұрапты. Ханша:

— Ханның бір жасыл тасы бар, осы жұмысты сол істейді, – депті.

Сонда кемпір:

— Маған жұмыс істеткенше, бәрін сол тасқа істетейік, хан аң аулап кеткенде, тасын үйге тастап жүрсін. Соны сұрап алып қал, – дейді. Ханым мұны мақұл көріп, тасты ханнан сұрап алып қалған екен, бір күні тас кемпірдің қолына тиген соң, тасты алып кемпір: «Осы ханымды, алтын сарайымен, менімен Қарақұл деген ханның жұртына көзді ашып-жұмғанша апар!» – дейді. Тас айтқанын орнына келтіреді. Кемпір Қарақұл деген ханның жіберген жансызы екен. Ханның ханымына Қарақұл қыз күнінен ғашық болып жүреді екен. Кемпірді соны қалай да болса алып келу үшін жіберген екен. Қарақұл хан ғашығы келген соң, қырық күн тойын, отыз күн ойын қылады.

Мұндағы қалған бала хан аңнан қайтса, үйінің орнында жұрты ғана қалған екен. Зар жылап, ел-жұртынан айырылып, бүркітін, итін, мысығын алып, айдалаға шығып, адам жүрмейтін, құлақ естімейтін жердегі бір үлкен өзеннің бойына барып, балық аулап, тамағын асырап тұрады. Арада неше айлар, неше күндер өтеді. Бір күні мысығы мен иті екеуі отырып өздері ақылдасып:

— Бұл сорлы бізді өлімнен алып қалып еді, осы күнге дейін асырап сақтап келеді. Біз бұған бір жақсылық көрсеткен жоқпыз. Енді біз мұның жоғалтқан тасын тауып берейік, – десіпті.

Сонымен иесі ұйықтап жатқанда, ит пен мысық екеуі тасты іздеуге сапар шегеді. Көп күндер, көп айлар өткен мезгілде ит пен мысық бір үлкен шаһарға келіпті. Шаһардың ішін аралап жүрсе, не көкте емес, не жерде емес, баяғы өз иесінің сарайын көреді. Бір күні Қарақұл хан мысық пен итті көріп, тамақ бергізіпті. Ит пен мысық сол үйді бірі ішінен, бірі сыртынан күзетіп жүріпті. Сөйтіп жүргенде, мысықты Қарақұл хан жақсы көріп, тамақ ішкенде жанына отырғызатын болыпты. Мысық тастың ханның өзінде екенін біліп, итке айтады, ит бұған ақыл үйретеді:

— Сен бір күні хан тамақ ішіп отырғанда, бір тышқанды ұстап алып, тірідей жұтып қой. Хан мұны көріп мырс етіп күліп, сені қабырғаға түртіп жіберер. Сонда тышқанды қайтадан құсып жібер. Сонда ханның жүрегі айнып, «һак» дегенде, аузындағы жасыл тас ұшып жерге түсер, сонда тасты сен тез қағып ал да маған жеткіз, мен үйден ала қашып кетермін, сені арқама мінгізермін. Сонан соң тасты иемізге апарын береміз, – дейді.

Иттің үйреткенін мақұл көріп, мысық иттің айтқанындай, бір күні тамақ ішіп отырғанда, осының бәрін істепті. Мысық тасты ала қашып, итке беріпті. Ит мысықты арқасына мінгізіп, ала қашып, көп күннен соң баланың балық аулап жатқан жеріне келіпті. Өзеннің бойына келген соң, ит пен мысық дауласыпты. Судан өткен соң мысық айтыпты:

— Сен маған бер, сен үлкенсің, шаршағанда тілің салақтап, аузың ашылып кетеді, тас суға кетер, – депті.

Ит бұл ақылға көнбей, судың ортасына келгенде, мысықтың айтқаны келіп, иттің аузынан тас түсіп кетіпті. Сол уақытта ұшып келе жатқан үйрек тасты қағып алып, жұтып қойып, ұшып кете беріпті. Арғы жақтағы баланың бүркіті мұны көре сала, үйректі іліп түсіпті де иесіне беріпті. Ит пен мысық судан шыққан соң, өзді-өзі ұрсысыпты. Бала ит пен мысығына риза болып, үйректі сойып жіберсе, үйректің ішінде тас жатыр екен. Бұған қатты қуанып, сол жерде тасқа: «Көзді ашып-жұмғанша Қарақұл ханның қатынын, кемпірін, өзін барша алтын сарайымен баяғы орнына алып кел!» – депті.Тас бәрін алып келеді.

Бала баяғы өзінің хандық құрған еліне келіп, Қарақұл ханды, өзінің әйелін, кемпірді өлтіріпті де өзінің орнына бір жақсы адамды хан қылып отырғызып, өзі итімен, мысығымен, бүркітімен, тасымен жаһан кезіп кетіпті.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (8)

Мунират

Маған ертегі ұнады. Бірақ соңында әйелін бекер өлтірді. Мен" ол әйелімен өз сарайында бақытты өмір сүріпті " деп аяқталар деп ойлап ем. Бірақ сөз жоқ КЕРЕМЕТ, әрі мәні бар ертегі екен.

Азат

Әйелің не үшін өлтірді?Түсінбедім...

Айбатыр

Керемет ертегі сөз жоқ

Айбатыр

керемет сөз жоқ

Еркін

керемет ертегі

Гаухар

Айели де сол ханға бағынып айел бола салганы ушин,саткындыгы ушин олтирди ау менин ойымша. Жақсы ертеги екен.

Сезім

Өте керемет ертегі екен!!!

АҚЖАРҚЫН

Сиқырлы тас туралы қызы ертегі

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз