Өлең, жыр, ақындар

Мыстан кемпір

Баяғы өткен заманда Ұшар хан деген хан болыпты. Сол хан жас кезінде ай десе аузы, күн десе көзі бар, асқан тамаша бір сұлу қызға ғашық болады. Қызды іздеп, жер бетінен еш таба алмайды. Хан қызды іздеп таба алмаған соң, бір өнерпаздан оқып, аспанға ұшу өнерін үйренеді. Сол өнері бойынша аспанға ұшып, қызды отыз жыл іздеп, қолына түсіре алмайды. Қыздың ұстатпайтынына көзі жеткен соң, хан қыздың суретін іздеп тауып алады да: «Қой, жас болса өтіп барады, енді әйел алып, үй болатын уақыт жетті», – деп, басқа әйелге үйленіп, өмір сүре береді.

Күндерде бір күн алған әйелінен бір ұл туады. Ұлының атын Жандыбатыр деп қояды. Жандыбатыр ержетіп, он бес-он алтыға келеді. Сол кезде бала ешбір теңдесі жоқ, мықты батыр болады, мықтылығы сондай, оны отырған орнынан жетпіс кісі тұрғыза алмайтын болады. Бір күні Жандыбатырға ой түседі: «Осы мен әкемнің үлкен қорғанының сарайларын ашып, не заттары бар екен, бәрін көріп, қазына-дүниелерінің түс-тұрпатын байқасам не қылады?» – дейді. Сонсоң әкесінен қырық  үйдің кілтін сұрап алып, тамам есіктерін ашты, сарайдың ішіндегі қазыналарын көрді. Отыз тоғыз үйді тегіс ашып көріп, енді қырқыншы үйді ашуға келгенде, бұл үйдің кілті жоқ болып шықты. Әрі айналдырып, бері айналдырып, қырқыншы үйдің есігін аша алмады. Жандыбатыр жылап шешесіне келді:

— Апа, ана қырқыншы үйдің кілті қайда? Әрі айналдырып, бері айналдырып аша алмадым. Сендер менен үйдің кілтін жасырыпсыңдар, – дейді.

— Шырағым, міне, менің әкеңе қосылғаныма жиырма жыл болды, осы өмірімде ол үйдің кілті түгіл, қасына барып көрген емеспін. Ол үйдің кілті әкеңнің төсқалтасында сақталады. Қазір ұйқыда жатыр, ептеп алмасаң, оңайлықпен бермес, – деді. Әкесі қатты ұйықтап жатыр екен, бала әкесінің төсқалтасынан кілтті алды. Сонан барып бала есікті ашып жіберсе, бала өмірінде көрмеген, сезбеген, үйдің төрінде ілулі тұрған сұлу қыздың суретін көреді. Қыздың сұлулығына қайран қалып, бала талып жығылады. Әкесі ұйқысынан оянып, орнынан тұрып, кілтін қараса, кілті жоқ. Баласы Жандыбатырдың қалтасына түскенін сезеді де жүгіріп сарайға келеді. Келсе, баласы талып жатыр екен. Әлдене уақытта баласы есін жиып, әкесіне:

— Маған осы қызды алып бермесеңіз, мен сізден безем, – дейді. Әкесі:

— Шырағым! Бұл қызды іздеп мен сендей кезімде отыз жыл аспанда ұшқанмын, сонда да ұстай алмағанмын, ақыры таба алмаған соң, осы суретті түсіріп алғанмын. Сондықтан мен «Ұшар хан» атандым, – дейді. Бала әрі-бері әкесінен сұрап көріп еді, одан еш нәрсе шықпайтын болды. Сосын бір түнде екі етегін беліне түріп алып, үй ішін тастап, кетті де қалды. «Сол қызды іздеп қаңғырып жүріп өлсем де арманым жоқ!» – деп, елінен безіп кетеді. Күндер өтеді, бала бір шаһарға қарай жол тартып жүріп келе жатса, ағаш атқа мінген, екі аяғы жер сызған бір дәуге кез болады. Жандыбатыр дәуге сәлем береді. Дәу сәлем алып:

— Жол болсын! – дейді маңғазданып.

— Әлей болсын! – дейді Жандыбатыр.

— Ұшар хан деген ханның шаһарында Жандыбатыр деген шығыпты, сол батырмен күрескелі бара жатырмын, – дейді дәу.

— Олай болса, мені жықсаңыз, Жандыбатырды да жыққаныңыз, ең әуелі менімен күресіңіз, – дейді бала.

— Әй, сенімен күресіп әуре болғанша, анау таудан асып кетпеймін бе? – деп, баланы менсінбей, тарта жөнеледі.

— Дәуім, босқа әуре болуға барасың-ау, жолың болсын! – дейді де жүре береді бала. Бұл сөзге намыстанып, дәу балаға қайта келеді. Баламен күреске түскенде, бірінші кезекті: «Қандай болып, арманда кетерсің», – деп балаға береді. Бала дәуді аспанға үш рет лақтырып атып жіберіп, үш рет қағып алады. Кезек дәуге келгенде, дәу баланы көтере алмай, екі мұрнынан қан кетеді дір-дір етіп. Сонан кейін дәу шошынып, балаға бағынады да жөн сұрайды. Бала перінің қызын іздеп келе жатқанын айтады. Ал дәу өз жайын айтқанда, бойында бар қасиеті: аспандағы жұлдызды санаумен кімнің қашан өлгенін, жоғалғанын іздеп табатын өнерінің барлығын айтады. Содан кейін екеуі қол ұстасып, ілгері қарай тарта береді. Екеуі күн жүреді, түн жүреді, ашығады, тарығады. Нелер қиын-қыстау жолдардан жортып өтіп келе жатқанда, екі ағаш атқа қатар мінген, екі аяғы жолды сызып келе жатқан бір дәуге тағы кез болады.

— Жолыңыз болсын! – дейді бала. Дәу үндемейді.

— Қайда барасыз? – дейді бала. Дәу тағы үндемейді. Бала ашуланып кетіп:

— Тіліңіз күрмелген мылқаусыз ба? – дейді. Сонда дәу ашуланып:

— Тарт тіліңді, мен мылқау емеспін. Жандыбатыр деген дәумен күресуге бара жатқан дәумін, – дейді. Бала бұл дәуге де:

— Алдымен мені жықсаң, Жандыбатырды да жығасың, ол үшін тәуекелге бел байлап, менімен күрес, – дейді.

— Мен саған ұқсаған қаңбақтай адамдармен күреспейтін дәумін, сендермен күресу маған ұят, соған бола атымнан түсіп, әуре болар жайым жоқ! – дейді дәу. Сонда бала тұрып:

— Сорлы дәуім, артық бейнет көріп, аяғыңның басы ұстараның жүзіндей болып кайтқың келсе, жолың болсын! – дейді.

— Олай болса, сені бір өлім түртіп тұрған шығар, кел! – деп, дәу атынан түседі. Бірінші кезек тағы да балаға тиеді. Бала маңызданып тұрған дәуді көкке үш рет лақтырып жіберіп, үш рет қағып алды да жерге қойды. Ендігі кезек дәуге тиді. Дәу баланың белінен ұстап, әрі тартып, бері тартып, баланы орнынан қозғалта алмай, екі мұрнынан шүмектеп қаны сорғалайды. Сонан соң дәу:

— Мен саған ризамын. Мен дәумін деп жүрсем, менен де зор дәулер бар екен. Ықтиярың өзіңде, не қылсаң да өзің біл! – деп, балаға жалынады. Бала оған ешқандай жауап қатпай, келе жатқан сапарын айтып, бұл екінші дәудің кім екенін, қай шаһардан келе жатқанын және қандай өнерінің барлығын сұрайды. Дәу оған өз жерінде аты шығып, күресте өзіне ешбір дәу шақ келмеген соң, әдейі сол Жандыбатырмен күрескелі бара жатқанын және өзінің кітапқа қарап біреудің өлген-тірілгенін, күніне жержүзінде қанша кісі өліп, қанша кісі туатынын біліп отыратын өнері барлығын баяндайды. Мұны естіген бала дәудің өнеріне таң-тамаша қалып, тарыққан кезде бір іске жарар деген оймен бұл дәуді де өзіне дос қылып алады. Үшеуі тағы да кете барады. Нелер күн, нелер жұмалар, нелер айлар өтеді. Бұлар бірнеше шөлдерден, неше таулардан, сулардан өтеді. Бұлар келе жатып, жазық жолға шықты. Алдарынан көз көрім жерде бір тау көрінді. Бұлар енді сол тауға қарап жүре бастады. Тауға жақындаған сайын, жаңағы тау да бұларға қарай жүріп келе жатқан сияқты. Бұл үшеуі тауға жақындап келгенде, тау дегені нақ таудай үлкен дәу болып шықты. Бұл дәуге жеткен соң, үшеуі оған сәлем береді.

— Жол болсын, дәуім! – дейді бала.

         — Жандыбатыр деген ермен күрескелі барамын, – дейді дәу.

— Олай болса Жандыбатырдан бұрын менімен күресіңіз, мені жықсаңыз, оны да жығасыз, – дейді бала. Оған дәу ашуланып:

— Сендей қаңбақпен күресіп уақыт өткізбеймін, – деп, жауабын бір-ақ қайырды да жүре берді.

— Күшіңді жинап, күресуге бара жатқан кісіңді таба алмай, оны іздеп сергелдеңге түсіп қайтуға асықсаң, жолың болсын! – деп бала мазақ қып күледі. Дәу баланың сөзіне шыдамай ашуланып:

— Әй, не дейсің? Бері келші, жағаңнан сілкіп, жерге тығып жіберейін! – деп күресуге ыңғайланды. Бірінші кезекті бала алмай, дәуге берді. Дәу баланы аспанға үш рет лақтырып атып жіберді. Бірақ қағып ала алмады. Кезек балаға келгенде, бала ашумен дәудің белінен ұстап жерге соққанда, дәу тізесінен жерге кіреді. Дәуді суырып алғанда, дәу есеңгіреп қалды. Өмірінде мұндай соққы көрмеген дәу баланың күшіне риза болып, қол беріп, дос болуды сұрайды. Бала ашуын басып, дәудің кім екенін, қай шаһардан келе жатқанын, қандай өнерінің барлығын сұрайды. Дәу басынан кешкен өмірбаянын тегіс айтып шықты және өзінің суға түсіп кеткен нәрсені тауып аларлық өнері бар екенін айтты. Сонымен бұл екеуі қол алысып, төс соғысып, дос болады. Енді Жандыбатыр төрт кісі болып ілгері жолға шығады. Бұл төртеуі бірнеше күн жүргеннен кейін, бір шаһарға келеді. Шаһардың шет жағындағы бір шайханаға түседі. Күн бата жолаушылар шайхананың түбіне тігілген отауды, оның ішіне жиналған жасауларды, байланған он шақты қой, тағы басқа да нәрселердің әкелініп қойғанын көреді. Бала шайханашыдан:

— Мынау не қылған заттар, мұны не үшін істеп жатыр? – деп сұрайды.

— Мұны білмейтін кімсіңдер? – дейді шайханашы.

— Біз бір жүрген мүсәпірміз, – дейді бала.

— Олай деп айтушы болмаңдар, айдаһардың аузына түсіп кетесіңдер, өйткені мынау берілейін деп отырған заттар - патшаның жұмасына бір рет беріп тұратын борышы. Бұл заттарды жұма сайын, таң ата, елең-алаңда айдаһар келіп жұтады, егер бұл қарызды өтеп тұрмаса, бүкіл елді жұтып жіберуден тайынбайды, – дейді шайханашы. Мұны естіген бала, түні бойы ұйқылы-ояу жатып, таң атар мезгілде жолдастарына білдірмей, айдаһардың келетін жолына қарай сытылып шығып кетті де айдаһардың жолын тосып отырды. Бір уақытта борандатып, дауылдатып келе жатқан айдаһардың дауысы естілді, артынша айдаһар да келіп жетті. Сол кезде Жандыбатыр ұлтарағының астына салып сақтайтын қырық кұлаш семсерді суырып алып, қарама-қарсы айдаһардың алдынан шықты, айдаһар да аранын ашып келе жатыр екен, баланы көрген жерден семсер-мемсермен жұтып жіберді. Бала қырық құлаш семсерін көлденең ұстап тұра қалған еді, семсер айдаһарды екі бөліп түсті. Бала айдаһарды өлтіргенінің белгісі үшін оның жонынан екі тілім таспа алып, қалтасына салып алды. Сөйтті де еш адамға білдірместен, жолдастарының қасына келіп жатты. Таң атты. Жұрт ай-жай болды. Кешегі тігулі тұрған үйлер, онда байланған малдардың бәрі де аман-сау тұр. Көшедегі халықтың бәрі де қуанышты. Біреулер қолдарына айыр, балта, шоқпар ұстаған. Енді біреулері қолдарындағы қаруларын қанға бояп алған, «айдаһарды мен өлтірдім» деген дауыстар гу-гу етеді.

Айдаһардың өлтірілгендігі, мал-мүліктің аман қалған хабары ханға барып жетті. Айдаһарды кім өлтіргенін білу үшін хан жар салып, халықты жиды. Айдаһарды өлтірген адамда қандай белгісі барлығын сұрағанда, біреу қаруын, біреу қанданған киімін көрсетті. Бірақ ешкімнің айдаһарды  өлтірген белгісі дәлелді болмады. Сонда хан тұрып:

— Бұл шаһарда адам баласынан ешкім қалды ма? – деп сұрады. Біреулер:

— Ешкім қалған жоқ, бірақ шайханада үш-төрт мүсәпір жатса керек, оларды жиынға шақырғанымыз жоқ, – дейді.

— Олай болса, олар да адам баласы ғой, шақырыңдар! – деді хан. Шайханадағы кісілер шақырылды. Жандыбатыр патшаның өзіне:

— Тақсыр, айдаһарды өлтірген адам мен едім, – деп, айдаһардың бір тілім таспасын ұстатады. Патша:

— Мен хан емес екем, сен хан екенсің! – деп, халқының алдында тағынан түсіп, өзі уәзір болып, бір қызын Жандыбатырға қалыңдыққа беріп және дүние-мүлік, қазынасының жарымын қоса береді. Жандыбатыр хандықты өзінің досы бірінші дәуге береді. Дәу хан болады. Екі-үш күн тыныққан соң, Жандыбатыр бірінші дәумен қош айтысып, қалған дәулермен қызды іздеп, тағы жол тартады. Күндерден күн өткізіп, бұлар екінші шаһарға жетті. Бұл шаһардан да өткен шаһарда болған уақиға шықты. Бірақ ондай емес, бұл шаһардағы тігіліп жатқан отаулар, байланып жатқан адамдар мен малдар өткен шаһардағыдан екі есе үлкен және көп екен. Бұлар бұл шаһардың шайханасынан барып орын алды. Шайханашыдан мына тігілген үйлер мен байланған мал-жанның мәнін сұрады.

— Мұны білмейтін неткен жансыздар? – деді шайханашы.

— Біздер жолымызды әрең тауып келе жатқан мүсәпір кісілерміз, – деді жолаушылар.

— Олай болса, сіздер мынау сөздеріңізді менен басқа ешкімге айта көрмеңдер, әйтпесе бұл сөздеріңізді хан я ханның уәзірлері естісе, мынау болып жатқан топалаңға салып жібереді.

Бұл топалаңның жайы мынау деп, шайханашы әңгімесін бастады. «Осы жерде, үш патшалық елдің ортасында, бір тажал жылан бар, ұзындығы қырық құлаш, аузының үлкендігі сондай, көшкен ел қалай болса, солай сыйып кетеді. Міне, сол жыланның бүгін бізден алым алатын кезегі келіп, соған дайындап жатқан жәйіміз осы. Бұл заттар кешке тұрғанымен, түн ортасы ауа жоқ болады. Шулаған мал, жылаған адамдардың дауысы шаһардың ішін жаңғыртады. Сөйтіп, осындай зор бір пәлеге, үлкен апатқа кездесіп, неше жыл бойы осы жыланның зардабын бастан кешіріп жатқан елміз», – деп шайханашы сөзін тоқтатты. Түн болды. Жолдастары ұйықтаған кезде, Жандыбатыр жыланның жолын тосуға аттанды. Түн ортасы ауа бастағанда, бір сасық желдің иісі Жандыбатырдың мұрнын жара бастады. Алпыс-жетпіс кісі орнынан тұрғыза алмайтын Жандыбатырды тай шаптырымдай жерден-ақ жыланның демі орнынан қозғалтып қояды. Қырық құлаш семсерін қолына алып, жыланның алдына кезей ұстап тұра қалды. Аш қарыны жалаңдап келе жатқан жылан баланы жұтып жіберді. О да жұтып болды, бұ да тіліп, жыланды қақ жарып, құйрығынан бір-ақ шықты. Өткен айдаһардан бұл жылан басым екен. Бала жыланның уытына уланыңқырап, ет пісірім уақыт талып жатты. Бірақ, аздан соң суға түсіп, жыланның жонынан таспа тіліп алды да ешкімге сездірместен, орнына келіп жатты. Ертеңіне, өткен шаһардағыдай, бұл шаһарда да жиын болды. Хан тағын, хандығын Жандыбатырға берді. Жандыбатыр хандықты екінші дәу кітапшы досына беріп, қалған дәумен екеуі тағы да жолға түсті.

Бұлар сапар шегіп тағы бір шаһарға кез болды. Бұл шаһардың халқы басқа шаһардың халқына қарағанда, өзгеше болып шықты. Шаһардағы барлық халықтың өңдері сап-сары, бірде-бір адамның түсі ақ, қызыл шырайлы, қара емес. Үлкені де, кішісі де, әйелі де, баласы да бірін-бірінен айыра алмайтын сап-сары. Бұлар біраз күн шаһарда болып тынықты, жөн сұрасты.

Ақырында халықтың барлығының сары болуы мынау болып шықты: шаһар халқының пайдаланатын үлкен дариясын бір дәу аударып-төңкеріп, бір шұқырдан екінші шұқырға ұрттап қойып отырады екен де судың ішіндегі балық, түрлі жәндіктерді, ең аяғы өсімдік атаулыны дәу ылғи жұтып жеп қояды екен. Судың бәрі дәудің ішіне түсіп, ішек-қарнын аралап, дарияға қайта құяды екен. Өмірінде таза су ішпей, өне бойы сасық су ішкендіктен, шаһар халқы осындай сап-сары болып кеткен екен. Мұны естіген Жандыбатыр жыландарға істегеніндей етіп, түн ортасы ауа дәудің сапырыстыратын  суына келеді. Келсе, дәу жаңа ғана жұмысына кірісіп жатыр екен. Бер жағынан барған баланы қоса жұтайын деп, Жандыбатырға жақындай бергенде, Жандыбатыр қырық құлаш семсерді қолына ұстап, тұра қалады. Сөйтіп, дәуді жарып өлтіреді де дәудің жонынан бір тілім таспа алып, жолдасының жанына келіп жатып қалады. Таң ата бір бала суға келсе, су тұп-тұнық. Бала бір тостаған суды құйып алып, балтасын ұстап, ханға келіп:

«Дәуді мен өлтірдім. Нанбасаңыз суды қараңыз!» – деп, суды көрсеткенде, мұндай суды өзі туып, хан болғалы ішіп көрмеген хан алтын тақтан атып тұрады. Көшеге халық сыймай, шелек-шелек суды алып:

«Мен өлтірдім, мен өлтірдім», – деп даурығысады. Хан бүкіл халқын тегіс жинап:

«Қалада қалған ешкім бар ма?» – деп сұрағанда: «Шайханада бір-екі мүсәпір жатыр», – деген дауыстар шықты.

— Адам баласы ғой, шақырыңдар? – дейді хан. Жандыбатыр келген беттен дәудің жон таспасын ханның қолына ұстата береді. Хан:

«Неше жылдан бері хандық құрып, шаһарды билеп отырып, бір дәуге күш көрсетіп, жеңе алмай, сасық, лай су ішіп, халықты сарғайтып, бекер хан болып жүр екенмін!» – деп, халықтың алдында тағынан түсіп, бір қызын және мал-мүлкінің жарымын Жандыбатырға беріп, өзі уәзір болады. Неше ай, неше жыл сапар шегіп, іздеген мақсатына жете алмай келе жатқан Жандыбатыр тақты да, қызды да, малды да жанындағы үшінші дәу-досына беріп, қош айтысып, құшақтасып айырылады.

Ол шаһардан жалғыз шығып, басқа жаққа бет алады. Жандыбатыр жолдастарымен қош айтысып шыққаннан кейін, нелер азап, қиыншылықтарды басынан өткізіп, тағы бір шаһарға келіп кірді. Бұл шаһарда біраз күн өмір өткізіп, ақыры бір ақылды шалға бала болады. Сонымен, Жандыбатыр күндерде бір күн дарияның басына келіп шомылып жатса, су бетіне айнаның сәулесіндей бір жарық сәуле түседі, анықтап қараса, баяғы әкесінің ұдайы отыз жыл қуып іздеген пері қызының суреті болып шықты. Әдейі осы қыз үшін әке-шешесінен безіп, неше жыл қиыншылық азапты басынан кешірген бала жанағы сәулені бас салады. Бір уақытта сәуле жоқ болып барып, судың шетіне түсті. Бала судан шығып, сәулені тағы бас салады. Сәуле тағы суға түсті. Осындай ретпен неше рет жерге түскен сәулені ұстай алмай, бала ақыры судың шетіне келіп, ес-түсін білмей талықсып құлап жатты. Өгей бала болса да өзінің баласындай болған Жандыбатырды аласұрып іздеп, таба алмай, жылаған шал талып жатқан баланың үстінен шықты. Бала есін жиды. Өзінің іздеп келе жатқан қол жетпесінің дерегі шыққан соң, бала атасына былай деді:

— Ата, мен әке-шеше, ел-жұртымнан безіп, неше жыл бойы азап шегіп, жер кезіп, осы перінің қызын іздеп жүрген едім. Енді сол қыздың тұрақты жері осы болса керек. Сондықтан маған осы қызға қол жететін амалын айтсаңыз екен? – деді. Шал әрі ойлап, бері ойлап, айтар-айтпасын білмей, ақыры баланың көңілін қимайды.

— Олай болса, тыңда, балам! – деді.

— Сонау тұрған ақ мешіт - көзге жақын, жүріске он күндік жол. Сол мешітке барардағы оң жақтағы дуалдың түбінен тесіп түс те ешкімге дыбыс білдірмей, сол түскен бұрышыңда жат. Қыз келетін мезгілде қарауылшы маймылы келіп, кім бар, кім жоғын байқау үшін, бұрыш-бұрышта шит-шит етіп жүгіріп жүреді. Сол кезде маймылды дыбысын шығармай өлтір де үндемей жата бер. Оның артынша қыз да келеді. Қыз келіп намаз оқып отырғанда, келе иығынан асыла кет де екі қолыңмен екі емшегін мықтап ұста. Сонан соң қыз сені қырық кез мешіттің төбесіне апарып үш рет соғады. Егер сол соққаннан аман қалсаң, ісіңнің оңғаны. Ол үштен артық ұра алмайды, жерге құлайды. Сол кезде қыз: «Босат!» – деп жалынар.

Сен: «Қойныңдағы кітабыңды бермесең жібермеймін!» – де. Содан ақыры қыз өкпесі қысылып өлетін болған соң, қойнындағы кітабын ұстатады. Міне, сол кезде қолыңды босат, қыздың өнері де, өмірі де сол кітапқа байланысты. Мұны қолға түсірсең, қызға үйленгенің, – дейді де шал жылап-сықтап қоштасып, баласын жолға салады. Жандыбатыр мешітке де жетті. Шал айтқандай, барлығын да істеді, дуал да тесілді, маймыл да өлтірілді. Қыз келіп намазға бас қойғанда, бала шалдың айтқанын істей салды. Қыз ашумен баланы қырық кез мешіттің төбесіне апарып екі соқты, үшіншіге келгенде әлі құрып, төмен түсіп, қыз жерге құлады. Есі ауып қалса да бала ұстаған жерінен айырылмады.

Қыз шаршады: «Сен мендік, сен мендік!» – дей берді. Бала: «Кітабыңды бермесең жібермеймін!» – деді. Біраз алысып, ақыры қыз баланың мықты екенін сезген соң: «Мә!» – деп, кітапты қойнынан алып, балаға ұстата берді. Сөйтіп, екеуі сүйісіп қосылды. Неше жыл іздеп жүрген сұлуына қолы жетіп, баланың көңілі жай болды. Күндерде бір күн Жандыбатыр құс салып, ит жүгіртіп, аң аулауға кетеді. Келіншегі Зәузәмір дарияның шетіне барып басын жуса, бір тал шашы суға кетеді. Келіншек артынан қуса да ұстай алмай қалады. Шаш аққаннан ағып отырып, төменгі жақта тұратын ханның қол астындағы бір балықшының қармағына ілінеді. Алтын шашты іліктірген балықшы оны ханға тарту қылады. Хан сыйлыққа қап-қап дүниелер береді.

Мұндай ғажап шашты көрген хан бүкіл уәзірлерін, сегіз санаттарын, манаптарын, ақылгөйлерін, қармағындағы қулардың бірін қоймай жинайды.

— Осы шаштың иесін кім біледі және кім маған соны әкеліп береді? Егер де кімде-кім әкеліп берсе, соған не тілесе, сонысын берейін! – деп, хан жұртқа жар салады. Бұған жиылғандардан шешіліп: «Мен білемін я болмаса мен алып келіп берем», – деп ешкім жауап қайырмайды. Бір уақытта сол топтың ішінен басы мүйіз, түріне адам қарағысыз сұмпайы, қарға тұмсық, қара аяқ бір мыстан:

«Мен білемін, маған бір желмая бер, қызды алып келемін», - дейді. Сосын желмаяға мініп, Жандыбатырдың жатқан жерін іздеп келеді. Кемпір бір-екі күн батырдың жолын тосып жатады. Үшінші күннің кешінде желмаяның төрт аяғын байлап тастап, бақыртып ұрып жатқан мыстанға Жандыбатыр кез болады.

— О, шеше, неге әлек болып, желмаяңызды тұрғызбай, әуреленіп жатырсыз? – дейді Жандыбатыр.

— Шырағым, мынау бір жақтан келе жатыр едім, мына түйесі құрғыр шаршап, орнынан тұра алмай жатыр. Күн болса батып барады, не істерімді білмей, сергелдеңге түсіп отырмын, – дейді мыстан.

— Олай болса, кеш батқанда қайда барасыз? Бүгін бізге қоныңыз, – дейді Жандыбатыр. Соны естіп отырған мыстан қуанып күліп:

— Қонсам қонайын, өркенің өссін, шырағым-ай! – деп, Жандыбатырдың үйіне келеді. Кемпір бір-екі күн тынықты. Жандыбатырдың жайларымен танысты, үшінші күні келіншегі Зәузәмірді айналдыра бастады.

— Осы Жандыбатыр, Жандыбатыр дейсің жігітіңді, соның жаны қай жақта болар екен, сен өмірлік доссың, соны білесің бе? – дейді кемпір.

— Жанының қайда екенін білмеймін, – дейді Зәузәмір.

— Оны сұрап алуың керек емес пе? – дейді кемпір.

— Шеше-ау, ол маған жанының қайда тұратынын айтушы ма еді? – дейді Зәузәмір.

— Кешке аңнан қайтқан соң сұра, егер айтпаса, онда сенімен өмірлік болмағаны. Өкпеле де теріс қарап жатып, біраз жыла. Сонда өзі-ақ айтады, – дейді кемпір. Кешке Жандыбатыр төсекке келіп жата бергенде Зәузәмір:

«Осы сенің жаның қайда болады? Бір-бірімізді білместен Жандыбатыр, Зәузәмір дейміз де жүре береміз», – дейді.

— Менің жанымның саған не керегі бар? – дейді Жандыбатыр. Зәмзәмір мыстан айтқандай, теріс қарап, ыза болып еді, Жандыбатыр «батыр аңқаудың» кебін келтіріп, сүйген әйелін қимай, мынаны айтып салды.

— Оң етігімнің астында қырық құлаш семсер бар, міне, сол семсер - менің жаным. Ол семсерді далаға тастасаң да, отқа май салып жандырсаң да, өлмеймін, қайта отқа салғанда, күшім тасиды, бірақ суға тастаса, өлемін, – дейді. Оны естіген мыстан жұрт ұйқыға кеткен кезде, дереу ұлтарақтың астындағы семсерді алып, дарияға тастап жібереді. Таң атты, жұрт тұрды, шай құйылды, батырдың барлық киім-кешектері қағылып, енді оятуға келсе, батыр бұрынғы батыр емес, ол дүниеге жөнеп кеткен. Мұны көрген Зәузәмір батырдың қойнындағы кітапты алып, ұшып үйден шыға бергенде, аңдып тұрған мыстан пышағын сілтеп қалып, бір қанатын кесіп түсіреді. Сөйтті де қызды желмаяның артына таңып, ит қорлығын көрсетіп, ханның қолына әкеліп табыс қылды. Зәузәмір ханның алдына барған соң, бір-ақ тілек қояды, ол тілегі:

«Мені он жеті күн той қылып алсаңыз екен», - дейді. Зәузәмірдің ойы: «Он жеті күннің ішінде Жандыбатырдың ешқандай хабары болмас па екен?» – деген үміт болып еді. Жандыбатырдың баяғы бірінші дәу досының сол күні ерігіп отырып жұлдыздарға көзі түскен еді.

Дәл маңдайында жарқырап тұрған досы – Жандыбатырдың жұлдызы өшкенін көзі шалып кеткенде, «ой, бауырымдап» алтын тақтан қалай құлап түскенін өзі де сезбей қалады. Ол сол сәтте аттан салып, екінші дәу кітапшы досына жетті. Кітапшы досы кітабына қарап жібергенде, кітапқа:

«Досы Жандыбатыр басы мүйіз, бөксесі киіз, қара тұмсық, қара аяқ мыстанның қолынан пәлен күні қаза тапты», – деген жазу қалыпты. Екеуі аттан салып, Жандыбатырдың үшінші дәуі, сушы досына, келеді. Келіп, болған оқиғаны баяндап, үшеуі Жандыбатырдың қаза тапқан жеріне қарай жөнеледі. Келсе, досы өліп жатыр. «Бауырымдап» жылаған үш кісінің даусына қырық кез мешіт күңіреніп, дауыс қосқандай болды. Үшеуі кітапты оқып қараса: «Мұның жаны қырық құлаш семсерде, ол семсер пәлен дарияның түбінде жатыр», – депті. Мұны көрген достар жалма-жан семсерді іздеуге кіріседі. Келіп судан әрі қарайды, бері қарайды, ешқандай дерек табылмайды. Ақыры болмаған соң, бірін-бірі кезекпен дарияға түсіреді. Үшінші сушы дәудің көзіне инедей жылтыраған зат көрінгендей болады. Байқап қараса, шеті көрініп жатқан семсердің басы екен, ырғап-ырғап жұлып алады. Семсер де табылады. Енді не істеу керек? Кітапқа және қарады. Қараса, семсерді отқа салып қыздырып, тотын тазаласа, Жандыбатыр тірілмек екен. Мешітке лаулатып отты жағып, семсерді қыздырып, балқыта бастағанда, Жандыбатырға жан пайда бола бастайды. Бір мезгілде:

«Ой, қатты ұйықтап қалыппын ғой», – деп батыр орнынан тұра келсе, достары қасында, от жағып әуре болып жатқанын көреді. Достары Жандыбатырға болған оқиғаны бастан-аяқ тегіс баяндап өтті. Сонда барып батырдың ойына мыстан кемпір түсті. Енді ол: «Сол мыстан Зәузәмірді алып кеткен екен ғой», – деді де тездетіп аттанып, мыстанның, Залым ханның шаһарына тартты. Бұлар Зәузәмірдің тойы аяқталып, дәл сол күні кешке Залым ханның тырнағына түсейін деп отырған үстінен шықты. Бұлар келісімен, бесікке бөлеген мыстанды бесігінен алып, жеті қырдың ар жағына асыра лақтырды.

Залым ханның басын кесіп, орнына Жандыбатырдың баяғы өгей атасын хан қояды. Жандыбатыр өзі ел қайда, жұрт қайда деп, бүкіл достарын ертіп, жолға шығады. Жолшыбай үш досының үйіне үш айдан қонақ болып, төртінші айда өз еліне, әке-шешесіне жетеді. Бұрынғы әке-шешесі емес, кәрілік басып, оның үстіне баласының қайғысы қосылып, бір көзінен қан, бір көзінен жас ағып отырған әке-шешесін көрді.

Сөйтіп, Жандыбатыр барша мұратына жетіп, алған сұлу әйелімен бала-шағалы болып, дүниеден армансыз болып өткен екен.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (2)

Ақниет

Жақсы ертегі ұнады

Али

Мыстан кемпір туралы қызық ертегі

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер