Өлең, жыр, ақындар

Қарлығаш

Ертеде бір бес ағайынды жігіт бар екен. Бесеуі бір байтеректің қасына жарты жер салған екен. Егіні піскен соң, түнде келіп біреу жеп кетеді екен. Сонан соң олар егінін күзетіпті. Әуелі үлкен ағасы күзетіпті, бірақ ешкімді көрмепті. Солайша төрт ағасы - төрт күн күзетіпті. Бесінші күні ең кішісі күзетіпті, аты Қарағылыш екен, Қарағылыш күзеткен күні көктен бір қара бие келіпті; егінді жеп жатқанда Қарағылыш оны ұстап алыпты. Сонда әлгі қара бие айтыпты:

- Ей бала, мені жібер деді; менің бес құлыным бар, бесеуін бесеуіңе берейін - деді. Қарағылыш оны қоя берді. Сонан соң қара бие құлындарын алып келіп, ең кішісін Қарағылышқа берді, бөтен төртеуін төрт ағасына берді. Сонда бәрі жарысқанда Қарағылыш озады екен. Бір күні Қарағылыш жұлындай жерден түтін көріпті; көрген соң соған барыпты, барса - бір жалмауыз кемпірдің үйі екен. Ол кемпірдің бес қызы бар екен; қыздарының ойнайтын, жататын, тамақ ішетін үйлері бөлек-бөлек екен. Сонда Қарағылыш қыздардың ойнайтын үйіне барып, кілемнің астына жатыпты. Қыздар келе бергенде кілемді көтеріп қалыпты. Сонда қыздар ойбайлап, шешесіне барыпты. Шешесі ұрысып жіберіпті. Сонан соң қыздар келіп ойнап отырғанда, Қарағылыш қыздарды ұстап алып, төртеуін екі қолтығына тығып, біреуін иініне тығып, атына мініп қашыпты; қашқанда кемпір Қарағылышқа жылап айтыпты:

Қарлығаш туралы ертегі

- Қыздарымды ертең ұзатайын, бүгін өзің қон! -депті. Сонан соң Қарағылыш қыздарын өзіне беріп, өзі қоныпты. Кеш болған соң Қарағылышқа ұйықта деп, төсек салып беріпті. Қарағылыш тысқа шықса, аты бір көзінен қан, бір көзінен жас ағып тұр екен. Сонда аты айтыпты:

-Сен бүгін ұйықтама, ұйықтасаң сені өлтіреді, жалмауыз кемпір темір тіс соқтырып жатыр - деді. Қарағылыш үйге келіп ұйықтамай жатыпты. Сонда кемпір келіп, есікті қарап айтыпты Ұйықта шырағым!-депті де, кетіп қалыпты. Біраздан соң тағы келіпті. Сөйтіп жүргенде таң атып қалыпты. Сонан соң кемпір қыздарын ырғап-жырғап ұзатыпты, сонда айтыпты:

- Осы жерде үш бел бар, екеуіне қонбаңдар, ең шетікісіне қоныңдар - депті. Күн кеш болған сон төрт ағасы ең ортадағысына қоныпты. Қарағылыш жаңғыз өзі ең шеткісіне барып қоныпты. Қарағылыш ертең тұрған соң, төрт ағасы жылап жатыр екен, есітіпті оларға бір кісі айтады екен:

-Қарағылышты әкеп берсеңдер, жіберейін - деп. Соны Қарағылыш есітіпті де, соған келіпті; келсе -бір айдаһар екен. Ол айдаһар бөтен ағаларын қоя беріп, Қарағылышты алып қалыпты. Сонан соң Қарағылышқа айтыпты:

- Берімес ханның өлімес қызын акеп бер! -депті. Қарағылыш жарайды деп кетіпті. Келе жатса бір тауды бір тауға қосып [жатқан] кісіге жолығады. Сонда Қарағылыш сұрапты:

- He ғылып жүрсін? - деп. Ол кісі айтыпты:

- Қарағылышқа жолдас болайын деп жүрімін-депті. Сонымен жүргенде Қарағылыш тағы бір көлді көлге қосып [жатқан] кісіні жолдас қылып алыпты және бір мергенді және бір шапшаңды; шапшаң сонша асқан екен: екі отырған сауысқанның бірінің құйрығын біріне кесіп алып жалғайды екен. Солармен бір атқа мінісіп келіпті. Келсе бір екі тау көріпті: сол таудың бүйірінен ірің ағып жатыр екен. Мұның астында ханиық ауылы бар екен. Қарағылыш ханға барып айтыпты:

- Сенің кызыңды алайын деп келдім - депті. Сонан соң хан айтыпты:

- Бес айла қыламын, бесеуін де тапсаң қызымды беремін, таба алмасаң өлтіремін! -деді. Әуелі ат жарыстырамыз деп, ат жарыстырыпты. Сонда Қарағылыштың аты алдымен келіпті. Сонан соң хан жаяу кісі жарастырамын депті. Сонда Қаралығыш манағы жүйрікті шығарыпты; хан бір кемпірді шығарыпты. Ол кемпір бір шелек бал алыпты. Жарысардың алдында ол кемпір жүйрігіне балды беріп-беріп мас қылыпты, ұйықтатып тастап өзі кетіп қалыпты. Сонда жер тыңдаушы да айтыпты.

- Сол біреу адам келеді - депті. Сонда Қаралығыш мергенге:

- Ат! - депті. Мерген басындағы шелекті атыпты; шелектің дыңғырлаған дауысымен [жүйрік] оянып тұра салып, орнынан біір уыс топырақ ала салып жүгіріпті. Кемпірге жеткен соң [ол]:

- Шеше! - депті. Сонда кем.пір артқа қарағанда, көзіне топырақ шашып қалғанда, кемпір ойбайлап қалыпты. Сөйтіп жүйрік алдымен келіпті. Сонан соң хан барлығын бір темір үйге қамапты да, жан-жағынан берік басыпты. Сонда манағы көл ұрттағыш екі ұртына екі көлдің суын ұрттап әкеліп, үйге шашыпты. Сонан соң хан қызын ұзатыпты. Манағы Қарағылыштың жолдастары орнында қалыпты, оларға Қарағылыш киім берген екен, олар алмапты. Сонан соң Қарағылыш қызды айдаһарға әкеліп беріпті де, өзі кетіп, келе-келе жатып, өзінің ағаларын тауып алыпты.

Ыбырай Алтынсарин

Сәбиге өмір сыйлаған құдірет

Өлі мен тірінің достығы туралы аңыз


Пікірлер (2)

айзере азатхан

жаксы тамаша

Роза

Ыбырай Алтынсариннің Қарлығаш ертегісі ұнады

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз