Өлең, жыр, ақындар

Үш тілді оқыту бастамасын мұғалімдер құр қиял деп отыр

Қазақстан Үкіметі жалпы білім беретін орта мектептерге енгізгелі отырған үш тілде оқыту жүйесіне тек ата-аналар ғана емес, мектеп мұғалімдерінің өздері қарсы болып отыр, - деп хабарлайды 31-арна.

Мектептерді қандай өзгеріс күтіп тұр?

Ал, көшуге қаншалықты дайынбыз?

Қазақша дұрыстап меңгере алмай жатқан балалар оны ағылшынша қалай меңгереді?

«Қазақ тілі эксперимент құралы емес, Сағадиев мырза!  Бұл - ұлтқа деген қарусыз, аштықсыз, тағы басқа физикалық түрмен емес, бірақ нақтылы рухани геноцид деп бағалауға әбден болатын жаһандық шара". Осындай білім және ғылым министрінің атына тікелей бағытталған, өткір мазмұндағы ашық хаттың ғаламтор бетіне жарияланып, азаматтардан қол жинала бастағанына бірнеше күн болды. Хаттың иесі осы кісі - Руза Бейсенбай-тегі.

РУЗА БЕЙСЕНБАЙ-ТЕГІ, Павлодар қаласының тұрғыны:

- 1300-ден астам жиналды. Бірақ та біз жинауымызды тоқтатпаймыз. Біздің программа минимум әр облыстан мың қол жинаймыз деп ойлаймыз.

 "Ашық хатқа" негіз болған Білім және ғылым министрлігі қолға алмақ өзгерістер. Оның біріншісі - мектептерге үш тілді оқыту жүйесін түбегейлі енгізуге қатысты. Яғни 10 - 11 сыныптан бастап,  информатика, химия, биология және физика пәндері ағылшын тілінде өткізілмек. Қазақ тілінде - қазақ тілі, қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы, орыс тілі мен әдебиеті біріктіріліп, бір пән ретінде оқытылуы мүмкін, осы пәндер және дүние жүзі тарихы сабағы орыс тілінде өткізілу жоспарлануда.

ГҮЛСИЛА МҰЗДЫБЕКОВА, Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің бас сарапшысы:

- 5 сыныптан бастап, жаңа атап өткендей, жоғары сыныптарға дейін терминологияны оқитын болады. 2018-2019 оқу жылында жалпы білім беретін мектептердегі 10-11 сыныптардың оқушылары жаратылыстану математика бағытындағы төрт пәнді ағылшын тілінде оқитын болады.

Бастамаларын әлемдік ғылыми-технологиялық ортаға еркін кіруге талпыныс ретінде бағалап отырған министрлік, бұл өзгерістер кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын қадап айтты. Алдымен 2017 оқу жылында информатика пәні ағылшын тіліне өтеді екен. Қалған пәндер  2020 жылға дейін біртіндеп көшірілмек. Қоғамда көп талқыға түскен екінші өзгеріс - мектептердің бес күндікке көшуі. Әсіресе, ата-аналардың басым бөлігі оқу жылының ұзарып кететіндегіне наразылық білдіріп жатты. Білім министрлігіне арнайы сауал жолдап, білгеніміз - бұл өзгеріс 2016-2017 оқу жылында жүзеге аспақ. Онда да әзірге бірінші сынып оқушылары жаңартылған бағдарламаға ауысуына байланысты,  бес күндік оқу аптасында оқиды екен.

АҚТОТЫ КЕМАЛОВА, Мектепке дейінгі орта білім департаментінің бас сарапшысы:

- Бес күн оқу аптасына көшкен жағдайда, оқу жылының ұзақтығы бір аптаға ғана созылады. Яғни оқу жылы бірінші қыркүйектен басталып, бірінші маусымда аяқталатын болады.

Қоғамдық наразылықтан соң ба, осы аптаның басында, басым бөлігі блогерлерден тұратын топтың басын қосыпты жаңа министр. Арасында ұстаздар да бар. "Министрдің реформаны ауылдан бастаймыз деген сөзі жаныма жаққанымен,  келіспейтін түйткілдерім де көп" дейді кездесуде болған астаналық ұстаз Аятжан Ахметжан.

АЯТЖАН АХМЕТЖАН, мұғалім:

- Келіспей шыққан бір түйінім бар - ол мұғалім даярлау мәселесі. Себебі мен Астана қаласындағы химиктердің жағдайын жақсы білем. Он мектепке шығатын шығар ағылшынша мұғалім. Ал 100 мектепті қамту өте қиын.

Дегенмен тіл білу - заман талабы. Ата-аналардың кейбірі, шама-шарқы келгенше, мектепте міндеттелмесе де, балаларына шет тілін қосымша оқытуға барын салып жатқаны да айдан-анық. Назарбаев зияткерлік мектептері мен дарынды балаларға арналған және  Қазақ-түрік лицейі, сондай-ақ бірқатар ақылы мектептердің басым бөлігінің оқушылары оқуын тәмамдағанда, бірнеше тіл меңгеріп шығатынының куәсі де болып жүрміз.

Ендеше, баламызға шет тілін тегін меңгерткісі келгенде, өре түрегелуіміздің себебі не? Мектеп, ұстаз мәселесіне қатысты үнемі өткір пікірлерін ашық айтып жүретін шымкенттік ұстаз Өмір Шыныбекұлы, бұндай жаңа жүйені енгізбес бұрын әзірлігімізді дұрыстап алу қажеттілігін айтады.

ӨМІР ШЫНЫБЕКҰЛЫ, мұғалім:

- 2019 жылға дейін қабылдау керек дейді, кадрларды дайындап біту мүмкін бе? О да қиын мәселе.  2019 жылға дейін мектептің материалдық базасын жаңарту мүмкін бе? Ауыл мектебі түгілі қала мектептері интернетке қол жеткізе алмай отыр ақша жоқ деген желеумен.

Интернет демекші,  жоғарыда айтып өткен жиында, министр мырза мұғалімдерді оқыту онлайн жүйесінде жүзеге асатынын, ол үшін қазіргі таңда 5000 мектепті интернетпен жабдықтау жоспарда екенін айтқан. Қарасай ауданындағы Жаңа тұрмыс орта мектебінің мұғалімі өз министрінің бұл айтқанын утопияға балайды.

АЙМАН САҒИДОЛЛА, мұғалім:

- Ғылым бізде тек қана мемлекеттік тілде болуы керек. Себебі бала ағылшын тілін үйрене ме, жоқ әлде ағылшын тілінде жазылған химияны үйрене ме? Ол енді мүмкін емес.

Әйгілі математик, ғалым Асқар Жұмәділдаев болса, үш тұғырлы тіл саясаты қажет дейді. Балалардың мектеп бітіргенде шет тілде сайрап тұрғаны жақсы-ақ. Бірақ мұның қажеттілігін қаншалықты түсінсем, соншалықты осы өзгерісті мектепке енгізуге түбегейлі қарсымын дейді. Себебі...

АСҚАР ЖҰМӘДІЛДАЕВ, академик, физика-математика ғылымының докторы:

- Ең сүбелі ғылымға қатысты физика, математика, химия және информатика секілді ғылымдарды тек қана ағылшын тілінде өткіземіз деу - ол өз тілің дамымасын, көлеңкесінде қала берсін деген сөзбен сәйкес келеді. Мен бұған қарсымын!

 

Ата-ана мен оқушы да енгізілмек  жаңа жүйені аса жақтырып отырған жоқ.

 АЙНҰР МӘМЕТОВА, бала тәрбиелеп отырған ана:

- Ерте сияқты. Өзі қазақша меңгере алмай жатқан балаларды ағылшынша қалай үйренеді.

ӘЛІШЕР ҚАСЫМОВ, 10 сынып оқушысы:

- Химияны ағылшын тілінде оқу деген - ол миға қонбайтын дүние ғой. Физиканы да ағылшынша оқытамыз деп жатыр.

Ал, дәл қазір дәрістерін тек қана ағылшын тілінде алатын Халықаралық бизнес университетінің студенттері болса, жаңа жүйені қос қолмен қолдайтынын айтады. Студенттер қазіргі күні ағылшын тілінде сабақ беретін мұғалімдердің жетіспеушілігі де шешілетін мәселе дейді.

АЙҒАНЫМ ХАСАНОВА, студент:

- Қазіргі таңда жететін шығар. Себебі барлығы ағылшынша біледі. Қазір ағылшынша оқып  жатқан адамдар көп. Мысалы сіздерде ағылшынша оқытатын мұғалім жеткілікті ме? - Иә, жеткілікті...

Америкада 8 жыл тұрған Сағадиевтің өз шындығы бар, ал интернеті өмірі тартпайтын ауыл мектептерінің өз шындығы бар. Баласының  ағылшын тілін жетік меңгергенін барлық ата-ана қалайды. Айтсын, айтпасын бұл - баланың өзі үшін керек! Бірақ адамның  өз қалауы мен мәжбүрлеудің арасы жер мен көктей, әрине. Ал, ауылдағы қазақтың қарадомалақ баласына дүниежүзі тарихын орыс тілінде оқыту кімге, не үшін қажет? Үш тілді балаңызға үй тапсырмасын орындауға қалай көмектесесіз? Заманның көшінен қалмаймыз деп жүргенде, бүгінгі ұстаздардың қаупіндей, шүлдірлеген күйі,  ана тілі атты құндылығымыздың қолды болып кетпесіне кім кепіл?


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (15)

былай деген...

Қазақтың тілі соншалықты мол. Ләкин қазақтың тіліменен қандай кітап болса да жазуға болады. Қазақ тілі мұншалықты жатық әм анық болар еді, егер де біздің қазақтар аңғарып, бөтен тіл араластырмастан ілгері бастырып сөйлесе. (с) Ыбырай Алтынсарин

Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. (c) Ахмет Байтұрсынұлы

Қазақ тілін қарабайыр санайтын надандық бұлтын сейілту үшін мынаны еске алу артық болмас: егер бір ғана «Абай жолында» Әуезов 16983 сөз қолданса, ал Шекспир мен Байронның барша лексиконы 15 мың сөзді құрайды. Демек, қазақ әдебиетінің дәмін көрмей жатып, әлемдік әдебиетке қол созудың өзі – ақымақтық. (c) Герольд Бельгер

Ұлт үшін тілінен қымбат еш нәрсе жоқ. (c) Мағжан Жұмабаев

Егер тілім ертең болса құрымақ, Мен дайынмын өлуге де бүгін-ақ. (c) Расул Ғамзатов

Тіл жоқ жерде ұлт жоқ. (c) Жүсіпбек Аймауытов

Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту. (c) Бауыржан Момышұлы

Тіл — жұрттың жаны. Тілінен айырылған жұрт — жойылған жұрт. (c) Халел Досмұхамедұлы

Сақтар болсаң халқыңды, тілді сақта. Баға жетпес мұра жоқ, тілден басқа. (c) Әбу Сәрсенбаев

Манат

менде қарсымын. өз ана тіліміздің мёртебесін көтере алмай жатқан да ағылшын мен орыс тілдерінде сабақ өткізіп өз тілімізді қолданыстан алып тастағысы келгендер ісі.

Мұғалім əрі ата-ана

Бұл тілді кесу емес, тамырына у құю! Қарсымын!

Арман Ж

Рессей мен Қытай өз тілдерінде ғылым білімді үйрете отырып ғарышқа зымыран ұшырып, əлемге сөздері де өтіп жатыр емес пе? Қытай экономикасы əлемдегі көсбасшылардың тізімінде!

Басымыздан өтті емес пе?

Алдын бабаларымыз таза сөйлейтін...
Орыстардан кейін (царь заманы + 70 жылдан астам кеңес үкіметі) НОРМАЛЬНО қазақша сөйлейтін болдық. НУ ПОЙДЕТ қысқасы....
Енді VERY НОРМАЛЬНО ЖЫНДЫ сөйлейтін боламыз)

Гүлзира

Қазақ тілі тек қазақ тілі пәні үшін ғана қолданылатын тіл болып қалатын боп тұр ғой. Тілді жоюға бұл саясаттан артық қандай " қамқорлық" керек!

Ұлы Дала

Тек қазақ тіл мен қазақ әдебиеті ғана қазақша болса ұлтымызды сақтап қаламыз деп ойласаңыз онда қазақтың кіимдерін киген шетелдіктен айрмашылығың қандай ? сонда қазақша сөйлесе ғана қазақ боламыз деп ойлайсыңдарма! білімін шетел тілінде алған адам, сол тілде ойлайды, ұлт тілінің құндылығы жойыладаы, қазақтығымыз жойлады ,қытайлада қазақ мектептерін осылай оолып жатыр , 10 жылдың алдындағы бір аудандағы 100 ге тарта қазақ мектептерінен қазір біреуі де жоқ, бар болғанның өзнде қос тілді ғана 5-6 мектеп қалды , ал егемен қазақ елінде жұрген қазағымыз қазақша білім алмаса мәнгурт болғанан айрмашылығың қайсы!

akbota_7070

Ия, деймін-ау! не деген сұмдық бұл. Енді қазақ боламыз деп жатқанда. 70 жыл орыс тілінің құлында болып, енді қалған өмірімізді Америкаға айналдыратын болдық па? Енді балаларды үйде ағылшынша сөйлететін болдық қой. Сол ғана жетпей тұр енді бізге.

естеріңді жиыңар қорқақтар .......

бұлай бола берсе қазақ ел болмайды, ана тілінен безгендердің , қазақша біліп тұрсада қаншама жыл езгісінде болған орстың тілінде сөйлегі келеді, баласымен ұйінде орсша сөйлеседі, балаларын орыс мектебіне беруге бейім , телеарналардың бәрі орсша, мемілекеттік қызымет орс тілінде жүреді, елді-мекен аттары , көше аттары , жарнамалары да орсша , жол сұрасада орсша сұрап жатыр ,еіпті аты жөндерінде орсшағып қойған , ел басының өзі орыс тілінде сөйлейді , осыншалық әлсірегні, қорқақтығы 70 жыл бодауда болдық ғой деп соның себептерінен делік, ал енде егемендігіңді алғанда болашақ ұрпақты ағылшындардың бодауына бермекшісің бе ? болашақта осылай бола берсе қалаларымызбен көшелеріміздің аттары : Barack Obama, John Lackland болмасына кім кепілдік етеді..... бұрын отарлауды ашықтан ашық жұргізсе , қазір тілімен мәдениетімен жұргізеді , сенің қазақтық құндылығыңды жоғалтып , оздерінің құндылығын сіңіртеді, естеріңді жйыңдар қазақтар.... қаншама жыл қылшпен қорғаған ата-бабаларымыздың аруағы атып кетіп жұрмесін......

Намыс

Бұлар енді халықты ашық көтеріліске итермелеп жатыр гой. Жер дейді ,Тіл дейді енді дін демесіне кім кепіл ? Сосын неміз қалады ?Құрығаннан басқа түк жоқ.Балық басынан шірейді деп жоғарыдағыларымыздың қанында қазағымыздың 1 грам гені қалмаған ау сірә.

Идаят

Озимиздин ана тилин мулде кадирлемеу гой бул.Казакшаны арен сойлейтин баламыз ол тилдерди кайтип сойлер екен?Урпагымызды мангурт кылып жибермесек болар еди.....?????!!!!!!!!!!

Мугалим

Менимше бул дегенимиз Казак тилин менсинбегендик. Мен карсымын. Косымша акылы окытуга шамам келмейди. Мен жалгыз бастыанамын тамагымызды арен тауып жеп отырганда бул дурыс емес. Мен айтар едим кайта озге тилдеги мектептерди жауып барлыгына. казак тилин уйретип казак мектептерин кобейту керек.

Рая

Əрине , баланың көп тіл білгені -

Рая

Көп тіл білу, сөйлей білу өзге тілде , түсіну, жан-жақты білімге ие болу - бұл тамаша!!! Бірақ байқап қарасақ, адам ең бірінші ана тілінде сөйлей, ойлай

Оян қазақ

Уш тилде окытуга узилди кесилди карсымын. Бул казакты мангурт кылу ушин жасалган саясат деп ойлаймын. Барлык ата аналар буган карсы болуы керек. Оян казак, баланын болашагын ойласан буган жол бермениздер. Тилим арымнын, арым - жанымнын садагасы....

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар