Өлең, жыр, ақындар

Жіті тұмау

Жіті тұмау (ринит) - жиі кездесетін аурулардың бірі. Оның пайда болуының себептері - бактериялык, термиялық, механикалық, химиялық тітіркендіргіштер.


Жіті тұмаудың жиі себебі — инфекция. Өзіне тән қоздырғышы әлі анықталмаған. Жіті тұмау организмге қолайсыз жағдайда мұрын қуысында болатын микробтар белсенділігінің артуынан да туындайды, ол сүзгіштен өтіп кететін вирустар арқылы да жұғады. Және температураның күрт өзгеруі, құрғақ ауаның жылдам ылғалдануы, өте жылы немесе жылылығы жеткіліксіз киім, шаң-тозаң, көмір ұнтақтары да себепші болуы мүмкін. Жіті тұмауда - өзінше жеке немесе басқа аурулардың белгілері де кездеседі (мысалы, қызылша, сүзек ауруларымен ауырған науқастарда).

Белгілері

Жалпы әлсіздік пайда болып, кейде дене қалтырап, мұрын, жұтқыншақ құрғайды, мұрын қышып, түшкіріп, одан кейін екі танау да кезек-кезек бітіп қалады. Ауру көп жағдайда осы белгілерімен шектелуі мүмкін, бірақ кейде одан әрі дами түседі: иіс сезуі күрт төмендейді, дәм сезімі, дауысы өзгереді. Мұрнынан су ағып, ернеуі қызарып, жарық пайда болады. Біртіндеп бөлінетін заттың түрі қоюланып, ауру ұзаққа созылғанда ол шырышты - іріңді, немесе іріңді түрге айналады.

Біртіндеп бөлінетін заттың мөлшері мен құрамы өзгереді, ақырында 12-14 күннен кейін бәрі өз қалпына келеді. Кейде жіті тұмау кезінде емделмегендіктен асқынып, жұтқыншақтың шырышты қабығы, өңеш, қолқа, өкпе қабынуы мүмкін.

Риноскопиямен тексергенде мұрын қуысының шырышты қабығының қанталағаны, барлық шырышты қабықтың ісінгені және мұрын түбі мен оның әртүрлі бөлімшелерінде шырышты-іріңді заттың көп мөлшерде жиналғаны байқалады.

Емдеу

Тұмаудың жіті кезінде сіңбірмеуге тырысу керек, қатты сіңбіргенде сырқаттың асқынып кетуі мүмкін, себебі есіту түтігі арқылы инфекция ортаңғы құлақка өтіп, оны қабындырады. Жылы, қою қыша араластырылған ыстық суға аяқты салып қою, ыстық шай, сүт ішу, аспирин түймедағын қабылдау және жылы, құрғақ төсекке оранып жату, мұрын ішіне жұмсартқыш май жағу, күніге 2-3 рет 5 тамшыдан вазелин майын тамызу, және 5 тамшыдан 2-3 рет 2 пайыздық проторгол немесе 2 пайыздық колларгол құю керек. Сульфаниламид және антибиотиктерден істелген дәрі ұнтақтарын мұрын ішіне үрлеу жақсы нәтиже береді. Жаңа дайындалған 1-2 пайыздық эфедрин ерітіндісінде пенициллин, ампициллин және т.б. мұрынға құюдың да айтарлықтай жәрдемі тиеді. Дәрі дәрмектермен қатар физиоемдер де кеңінен қолданылады.
Жіті тұмаудың алдын алу үшін науқастың қоршаған ортасын таза ұстауға қамқорлық жасау бөлмелерді дымқылдап тазарту, ұйықтар алдында бөлмені желдетіп алу керек.

Қ.Медетбекова, жоғары санатты терапевт-дәрігер.
М.Губеев, хирург.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Медина

Жақсы жазған

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз