Жүйрік ат, алтын жалатылған ер-тұрман, сұлу жар – ер-азаматтың ажары. Әсіресе мінген аты мен ер-тұрманына ер адам үлкен мән берген, ауыл-аймақ оны соған қарап бағалаған. Әбзел жасайтын, ер қосатын шеберлер мен өрімшілерді халықта құрметтеп, олардың еңбегіне көп мал төлеген, мысалы, күмістелген бір ер-тоқымға бір ат төлеген.
Ат-әбзелдері – атқа міну және жегу үшін пайдаланатын ер-тұрмандары мен жабдықтары.
Ер-тұрман – салт мінетін ат тұрманының жалпы атауы. Оған ер, тоқым, жүген, ноқта, айыл, өмілдірік, құйысқан, қамшы, тұсамыс, шідер жатады.
Ер – әбзелдің негізгі ағаш тұғыры (бөлігі). Ол екі қастан (алдыңғы және артқы), екі қапталдан, белағаштан тұрады. Қазақы ер, құранды ер, шошақ бас ер, үйрек бас (құсбас) ер, қазық бас ер, қозықұйрық ер сияқты түрлері болады. Рулық белгісіне қарай алтай ер, найман ер, үйсін ер, керей ер, адай ер, қызай ер деп те бөлінеді. Сапасына қарай алтын ер, күміс ер, сондай-ақ еркек және әйел ері де болады. Ағаштан жасалып, тұтас ойылған ерді ойма ер деп атайды.
Өмілдірік – ер кейін кетпес үшін аттың омырауына шеттік арқылы тағылатын, әсемделген, шекетулеген өте сәнді әбзел.
Құйысқан – ер ат мойнына кетпес үшін ат құйрығы астынан екі жамбас үстімен ер шеттігіне жалғасатын күмістелген әбзел.
Айыл (төс айыл, шап айыл) – ер-тоқымды ат арқасына бекітетін қайыс әбзел, тартпа деп те аталады.
Құр айыл – тай, құнан бауырын қиып кетпес үшін ою-өрнекті, түрлі түсті құрдан жасалған айыл.
Қанжыға – бөктерген затты байлау үшін қапталдағы қанжығалыққа бекітілген ұзын таспалар.
Шеттік – өмілдірік пен құйысқанды бекіту үшін қапталдың алдыңғы және арт жағында болатын тесік.
Тоқым – ер астынан келетін, былғарымен қапталып, киізден жасалған әбзел.
Тебінгі – атқа үзеңгі тимес үшін және киім ат терімен бүлінбес үшін тоқымға жалғасатын әбзел.
Терлік – ат арқасына жұмсақ болу үшін тоқым астына салынатын жұқа киіз.
Үзеңгі – жезден, темірден жасалған атқа міну үшін қолданылатын тұрман.
Таралғы – үзеңгіні ерге қосатын қайыс.
Үзеңгілік – қапталдың таралғы өтетін тесігі.
Төс бау – бір ұшы өмілдірікке, бір ұшы төс айылға жалғасатын қайыс бау.
Салпыншақ – құйысқанға, шілияға, ершікке сәндік үшін тағылатын шашақ (шоқ).
Жүген – ат басына кигізілетін негізгі әбзелдің бірі. Ол екі жақтаудан, желкеліктен, кекілдіктен, кеңсіріктен, сулықтан, ауыздықтан, сағалдырықтан, шығыршықтан және тізгіннен тұрады.
Ноқта – жүген астынан түсетін әбзел.
Шылбыр – жылқы ноқтасына тағылатын берік еспе бау.
Шыбыртқы (бишік) – көлікті ат, шана үстінен айдайтын ұзын қамшы.
Шілия – атты жеккенде қамыт ілгері кетпес үшін, арба немесе шана ат аяғын соқпас үшін қайыстан жасалатын (өрілетін) шекетулеген, шашақталған әбзел.
Қамыт – ат әбзелі. Құрамы: қамыт, шұжық, көпшік, құлақбау және тамақбау.
Доға – атты арбаға (шанаға) жеккенде қамыт пен жетекті қосып тұратын, негізгі күш түсетін доға ағаш.
Ершік – жегін ат үстіндегі жетекті қайыс арқылы көтеру үшін пайдаланатын әбзел.
Қоңырау – доғаға сәндік және дыбыс беру үшін тағылатын кәдімгі жез қоңырау.
Сылдырмақ – ершікке, шілияға сәндік үшін тағылған кішкене қоңыраушалар.
Божы – көлікті басқарып (бұрып) отыратын қайыстан өрген әбзел.
Желқом – жауыр аттың жарасына тимеу үшін ер астына салынатын киіз, немесе жауыр атқа салатын ерге ұқсас жеңіл әбзел түрі.
Атжабу – жылқы тоңбас үшін жабатын өрнектелген киіз, мата жабынды.
Тұсамыс – аттың алдыңғы аяғынан тұсалатын әбзел.
Өре – жылқының бір алдыңғы, бір артқы аяғына салынатын әбзел.
Шідер – алдыңғы екі аяғын және артқы бір аяғына салынатын әбзел.
Ашамай – тайға мінетін бала ері.
Шөлке – түйенің қамыты.
Жазы – жүк артатын, түйе үстіне қойылатын тұрман.
Мұрындық – жетектеу (байлау) үшін түйе мұрнына көлденең өткізілетін кішкене ағаш. Ол мұрындық, екі тығырық, желбұйдадан тұрады.
Желбұйда – мұрындыққа байланған қысқа жіп.
Бұйда – жетектеу үшін желбұйдаға жалғанған бау.
Тығырық – мұрындық шығып кетпес үшін оның екі жағынан кигізілген былғары шығыршық.
Мойынтұрық – өгіздің жегін құралы (қамыт).
Шүй – мойынтұрықты бекітетін ағаш (темір).
Пар қамыт – пар өгіз жегетін мойынтұрық.
Ыңыршақ – жегін өгіз үстіне салынатын әбзел (ершік).
Құр – жіп орнына қолданатын, термелеп жүннен жасалатын бау.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі