Өлең, жыр, ақындар

Оқитын кісіге оқулық жеткілікті

Үстіміздегі жылғы қазан айында Ассамблеядан сайланған Мәжіліс депутаты Шаймардан Нұрымов Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевке депутаттық сауал жолдап, қазақ тілінің проблемаларын қозғаған еді. Ұлты ұйғыр ағайынымыздың Мемлекеттік тілге жанашырлық білдіріп, оның проблемаларын шешуді ұсынғаны сауал туралы естіген жанның бәріне ұнап қалған-тын, деп жазады «Егемен Қазақстан» республикалық газеті.

Өзінің сауалында депутат министрге былай дейді: «Ана тіліміз - қазақ тілінің мәртебесі айшықталып, өз тұғырына көтеріліп, мемлекеттік тілге айналды. Дей тұрғанмен, қазақ тілінің мәртебесін арттыру мен әлеуетін күшейте түсу қажеттілігі әлі де қыруар шаруалар атқаруды талап етеді. Соның бірі - қазақ тілінің ғылым саласындағы өзіндік орны. Кез келген тіл әлеуеті зор, қуатты тілге айналуы үшін ол ғылым тілі бола алуы керек. Қазақ тілі ғылымға арқау бола отырып, қуатты ғылым тіліне айналуы қажет. Бірақ бұл үрдіс елімізде белгілі бір дәрежеде баяу жүруде. Жоғары оқу орындарындағы шәкірттердің қазақ тілінде тиісті пәндер бойынша қолданатын оқу-әдістемелік құралдары, әдеби кітаптары мен ғылыми еңбектері жетіспейді. Қазақ тілінде білім-ғылым саласындағы кітаптардың жазылуы, ғылыми еңбектердің қазақ тілінде дайындалуы немесе олардың сапалы аударылуы сынды талаптар мен осыған бағытталған ынталандыру шараларын қолға алу қажет. Шетел ғалымдарының ғылыми кітаптарын, сонымен қатар, бұған дейін Қазақстанда шыққан ғылыми кітаптарды, диссертацияларды қазақ тіліне аударуды қамтамасыз ету керек.

Осы мәселенің аясында айтар бір ұсыныс - «Болашақ» бағдарламасы бойынша шет елдерде оқып келген және оқып жатқан түлектерге қатысты. Қазіргі таңда еліміздің мыңдаған азаматы әлем бойынша алдыңғы қатарлы оқу орындарында білім алып, елге оралуда. Мемлекет есебінен қыруар қаржы жұмсалып дайындалған осы мамандардың, ғалымдардың алған білімі мен тәжірибесінің, ғылыми еңбектерінің игілігін халқымыз көру керек. Ол үшін «Болашақ» түлектерінен олардың дайындаған ғылыми жұмыстарын (магистрлік және докторлық дис­­сертациялары) мемлекеттік тілге ауда­ру­ын талап етіп, оның еліміздің жоғары оқу орын­дары мен кітапханаларға таратылуын қамтамасыз ету қажет. Бұл отандық оқу орындарындағы студенттердің біліміне қолдау болары сөзсіз. Бұдан ғылыми әдебиеттермен елдегі қазақ ті­лін­дегі кітап қоры да байи түсер еді. Оқу орындарындағы ұстаздардың да қа­­жетіне жарар ақпараттық материал­дар­мен толығар еді. Сондай-ақ, бола­ша­қ­­тықтардың қаншалықты дә­ре­жеде бі­лім алып, ел сенімін ақта­ған­дық­тарын ха­лықтың бағалауына мүм­кіндік берер еді», деген еді депутат.

Осы сауалға Ш.Нұрымовты қолдап Н.Сабильянов, К.Мұсырман, Р.Ким және Ассамблеядан сайланған барлық депутаттар қол қойған.

Міне, осы сауалға жуырда Білім жә­не ғылым министрі Ерлан Сағадиев қол қойған жауап келді. Онда былай де­лінген: «Бүгінгі таңда жоғары оқу орын­дарының кітапхана қоры 86,7 млн-нан астам бірлікті құрайды, оның ішінде 23,4 млн немесе 27,05% мемлекеттік тілдегі оқулықтар.

Білім беруді дамытудың 2010-2015­­ жыл­­дарға арналған мем­ле­кет­тік бағ­дарламасының көрсеткіштеріне же­ту мақсатында, сондай-ақ, ми­ни­стр­ліктің 2010-2014 жылдарға арналған ст­ра­тегиялық жоспарына сәйкес, 2011 жыл­дан бастап жоғары оқу орындарына арна­лған мемлекеттік тілдегі базалық оқулықтарды әзірлеу мен шығаруға мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінуде. Соның ішінде 2015 жылы 22 млн теңге бөлінді, яғни 7800 данамен 12 базалық оқулық әзірленіп, шығарылды.

5 жыл ішінде республикалық бюджеттен барлығы 763,4 млн теңге бөлінді, оған 391 атаумен 456 201 дана оқулықтар шығарылып әзірленді және олардың барлығы жоғары оқу орындарының кітапханаларына жеткізілді. Негізі АҚШ, Германия, Франция, Италия және т.б. елдердің ең үздік авторларының оқулықтары аударылды.

Барлық оқулықтар «Оқулық» рес­пуб­­ликалық ғылыми-практикалық ор­та­­лы­ғынан сараптамадан өткізіліп, оқу процесіне пайдалануға ұсынылды. Рес­публикалық бюджеттік комиссияның ше­ші­мімен 2016 жылға шетелдік оқу­лық­тарды мемлекеттік тілге аударуға 137 млн теңге соманы құрайтын қаражат қа­ра­стырылды.

Жоғары оқу орындарының қа­жет­ті­лігін ескере отырып, «Оқулық» РҒПО-да келісім бойынша «Әлеуметтік ғы­­лым­­дар, экономика және бизнес», «Тех­ни­калық ғылымдар және технология» ж­ә­не «Жаратылыстану ғылымдары» ба­ғыты бойынша шетелдің 30 оқулығын мем­лекеттік тілге аудару үшін тізім анық­тал­ды.

Осылайша, министрлік тарапынан жоғары оқу орындарына арналған мем­ле­кет­тік тілдегі оқулықтарды аудару мен шығару мәселесі бойынша жоспарлы түрде тиісті жұмыстар жүргізілуде. Қа­зіргі уақытта ғылыми білімді трансферттеу мақсатында Халықаралық бағ­дар­ламалар орталығының - bolashak.gov.kz сайтында «Болашақ» стипендия­сы түлектерінің диссертациялық жұ­мыс­тарының электронды кітапханасы іс­ке қосылған. Стипендия түлектеріне өз­де­рінің жұмыстарын еркін орналастыруға мүмкіндік берілген».


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Аскери окуга УБТ жана форматы бойынша калай окуга

Амангелды Багдаулет

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар