Жүрдек қаламды сергек ойлы журналистер қашанда кез келген газеттің айдынын асырып, абыройын асқақтатқан. Бұл кеше де, бүгін де солай. Солай болып қала да бермек.
Тек кеше газеттегі билік басындағылар қарамағындағы қалам ұстаған жас журналистерге: «Сендер газеттің партиялық орган екенін, цензура барын неге ұмытасыңдар осы», – деп тілші байғұстың айтпақ ойын өзінше шұбарлап, бірін- бірі сәулелендіріп тұрған сөз тіркестерін сызып тастайтын.
Әдеби тіл, көркем ой, олардың бағамдауларынша, сол кездегі «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде ғана орын алуға хақылы болатын. Бұл күнде сол тәртіп келмеске кеткен. Оған біз өзіміздің «Сарыарқа самалы» газетінің әр санында тұрақты берілетін «Оқшау ой» және де басқа да айдарларындағы материалдарды оқу арқылы көз жеткізіп отырмыз.
«Оқшау ойда» газеттің сол санының кезекші редакторлары сөз алады. Олардың жазу стилі, тіл мәдениетін меңгерулері, көтеріп отырған мәселелері біріне- бірі ұқсамайды. Дегенмен қоғамды толғандырған толғақты ойды оқырмандар ортасына салудағы мақсат бірлігі айқын аңғарылады. Ол– өмірімізде орын алып отырған елеулі олқылықтарды жарқырата жазып, оқырманмен ой бөлісуді, өз пікірлерін бүкпесіз айту арқылы азаматтың тілшілік ұстанымын жалпақ жұртқа жария ету.
Осы орайда оқырманның ұтары мол. Ол ой бөлісушінің тілшілік қабілет –қарымын, ең бастысы, ана тілімізді қай дәрежеде меңгергенін, қаншалықты тура сөйлеп отырғанын білуге мүмкіндік алады.
Енді біз үстіміздегі жылдың тамыз айындағы «Оқшау ой» айдарындағы жарық көрген кейбір кезекші редакторлардың материалдарына көз жүгіртіп, ой сарабынан өткізіп көрелік. Әсемгүл Қабдуахит өзінің «Келінге қой дейтін қожа жоқ» атты ой толғамында Қазақстан атынан «Оскарға» ұсынылған фильмнің ұлттық нақыштан да қандай да бір танымдық ауылынан алыс жатқанын ашына сөз етеді.
Оның: «...Халық намысын қорлап, ел тарихын бұрмалап, азғындық пен хайуандықты ту еткен фильмнің шетелде не үшін насихатталып жүргені құпия емес. Қазақстанда жарнамалауға үлес қосқан «Боратқа» енді «Келін» қосылып, беделімізді асыратын болды»,- деген ащы кекесіні фестивальге толыққанды өнер туындысының орнына сорақылық пен сұмпайылықты жар етуші лентаны ұсынушы «өнер беделдеріне» ой салғай да.
Фархат Әміренің «Оразаны не үшін ұстаймыз?» атты мақаласы алғашқысында маған неге екені белгісіз айтыла- айтыла жауыр болған оразаның пайдасы туралы жаттанды пікір сияқты көрінген. Дегенмен ойлы дүниелерімен көрініп жүрген журналист ініміздің жұртшылыққа кеңінен танымал ораза туралы не жазғанына көз жүгіртуді жөн көрдім. Жоқ, Фархат жалпы пайымдаудан гөрі өмірімізде орын алып отырған нақтылы жайды күл білтелемей ашық жазған екен. Енді соған аз- кем тоқталайық.
Жуырда Ақсу қаласына жақын туысының үйіне ауыз ашарға барғанда, Павлодар қаласындағы «Әділ» деген дүкенде сатушы болып жұмыс істейтін Айдын есімді бөлесінен ораза ұстаған сатушы қыздардың бірі сағат сайын сыртқа шығып, шылым шегетінін естіпті. «Сен ораза ұстап жүрген жоқсың ба? Шылым шегуге болмайды ғой»,- дегендерге: «Я же не кушаю, а просто курю»,- деген екен. Бұл сияқты пендешілік қулықтың артында өзімен күнделікті араласып жүрген адамдарға өзін діндар, күнәдан пәк жан етіп көрсету пиғылы жатқаны анық. Тек патша құдайды алдаймын деу, Фархатша айтсақ, «қасиетті айдың қасиетін қашыру» күнә біткеннің ең үлкені болса керек.
Бір қызығы, «Арамызда Алаштың олимпиада аламанындағы қуанышына мән бере қоймайтын бейбақтар да табылады екен. Майя қызымыз алтын алғанда, бойымды шаттық кернеп, шыдай алмай интернет бетіне: «Бәрекелді! Алтын алдық үшінші, Алаш үшін зор қуаныш түсінші» деп тақпақтатып жіберіппін»,- деп жазады Нұрбол Жайықбаев.
Ал оның сүйіншілеген жүрекжарды қуанышына әлдекім: «Өзің алтын алғандай неге масайрайсың?»-деп жауап қатыпты. Оған Нұрбол : «Қазақстан үшін қуану да- ерлік»,- деп жазып жіберіпті. Талас тудырмайтын түжырымды пікір. Аталарымыз мұндайда «алыстағының аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» дер еді. Бұл күнде көпшіліктің аузынан түспейтін «Қазақстандық патриотизм» - деген, бәлкім, осы болар.
Ал кезекші редактор Гүлжайна Түгелбайқызымыздың да қаламына жаз шықса, жұрттың көңілін алаң етер басты мәселелердің бірі- «Қайда барып демалған жөн?»- деген сауал іліккен екен. Қызық, қалтасы майлы байлардың көбі Гүлжайнаның бұл мақаласын оқулары екіталай. Олар: «Қап- қап ақшасы бар адамға әлдебір тілші қыздың пікірі қажет пе, тәйірі»,- деп ойлаулары мүмкін. Ал қанша тырысып еңбек етсе де, тиыннан теңге құрай алмай жүрген көпшіліктің елең етері хақ.
Психологтардың кеңесіне құлақ асып, қолда барын ұқсатса, дұрыс демалуға болады екен дей келіп, техникалық мамандық иелеріне табиғат аясында демалуға кеңес беретінін, кеңседе қызмет істейтіндерге думанды кештерге көбірек баруды ұсынатынын айтады. Мұның өзі көпшілігіміздің қайдан ақша тапсақ екен деп алаң болмай, туған табиғат аясында демалып, думанды кештерде сан алуан тағдырлас адамдармен қарым- қатынас жасаудың таптырмайтын мүмкіндігі емес пе.
Еліміз тәуелсіздік алған 20 жылда қазақ тілінің тағдыры жайлы кім не демеді, не жазбады. Солардың көбі, бәлкім, тіл болашағын сөз ете тұрып, тілдің табиғатын түбегейлі түсіне алмайтын көпірме қызыл сөз болғандықтан ба, есте қалмапты.
Сая Молдайыптың «Ң» атты мақаласы осы бір олқы соғып жүрген тұсымызды дөп басқан екен. Сая айтса айтқандай, соңғы жылдары «Ң»-ның басына тимеген сойыл кемде- кем. Мектеп оқушыларының көпшілігі «ң» мен «н»- ны шатыстырудан көз ашпай келеді. Тіпті «атаң» дегенді «атан» (түйенің атауы ғой), «матаң бар ма?» - деудің орнына «Матан бар ма?» - (адам аты) деп тұрғандары. «...Сол француз бен ағылшын тілдерінде қос әріптің дыбысталуы қазақтың кәдімгі «ң» әрпі болып естіледі»,- деп жазған екен Сая.
Білемін дейтіндердің пайымдауынша, қазақ әріптері дыбысталуы жағынан әлем халқы тілдерінің ортасында өзіндік орны бар тіл. Қазақтардың әлемнің көптеген тілінде басқа халықтарға қарағанда акцентсіз сөйлеуінің сыры осында болса керек. Тек сол байлығымызды орнымен пайдалана білсек қой. «Оқшау ойды» әрдайым қуана, қызыға оқимын. Жас әріптестерімнің қалам қарымы арта берсін дегім келеді.
Сүлеймен Баязитов
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі