Өлең, жыр, ақындар

География пәнін өтуде жаңа оқыту технологияларының маңызы

Таженова Сандуғаш Қалмахановна
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің
аға оқытушысы, география магистрі

 

Мұғалім – өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, ал оқуды, ізденуді тоқтатқанда оның мұғалімдігі де жойылады.                                                                                                                                                                  К.Д.Ушинский

Қоғамымыздың қазіргі даму кезеңі мектептегі білім беру жүйесінің алдына оқыту үрдісін технологияландыру мәселесін қойып отыр. Оқытудың әр түрлі технологиялары жасалып, білім беру мекемелерінің тәжірибесіне енуде. Заманауи технологияларды меңгерту мұғалімнің интелектуалдық кәсіптік, адамгершілік, рухани, азаматтық және де басқа да көптеген адами келбетінің қалыптасуына игі әсерін тигізеді.

Білім берудегі жаңа технологиялар ұғымы АҚШ-та 40-жылдары пайда болды. Алғашқы кезде ол жаңа техникалық құрал жабдықтарды (инженерлік ақыл-ойдың жетістіктерін) оқу-тәрбие үрдісінде пайдалану мағанасында қолданылып жүрді. Қазір дүние жүзінде оқытудың тиімді жолдары мен жаңа әдіс-тәсілдерін іздестіру жүріп жатыр. Солардың бірі үздіксіз географиялық білім беру болып табылады. Оның алдына қойған негізгі мақсаты: адамдардың өмірінің әр түрлі кезеңдерінде үздіксіз білім алуға жағдай жасау;  адамдардың өз бетінше білім жинақтауға шығармашылықпен қызмет етіп, тез өзгергіш өмірге бейімделуіне жағдай жасау; оқушыладың жаңалықтарды тез қабылдауын қалаптастыру, жаңалықтарды өмірде қолдана білуге үйрету [1, 26].

Жалпы білім беру жүйесіне енгізілген жаңалыққа оқушыладың білімін тексеруде:

- топпен жұмыс істеуді ұйымдастыру;

- оқушының өзін-өзі тексеруі;

- оқушылардың бірін-бірі тексеруі;

- оқытудың модельді жүйесі;

- дарынды балалармен жұмыс істеудің жаңаша әдіс-тәсілдерін қолдану жатады.

Соңғы жылдары көптеген мектептерде оқытудың жаңа формасы - блокпен сабақ беру іске асырылуда.  Блок түрінде оқытқанда оқытудың арнайы міндеті, тәрбиелеу және дара тұлға тәрбиелеу бірден іске асады. Оқу материалын блокпен немесе модульмен беру көптеген географиялық, экологиялық, экономикалық проблемаларды біртұтас беруге мүмкіндік туғызады. Блок (модуль) ҚР Білім және Ғылым министрлігі бекіткен оқу бағдарламасы негізінде жүргізіледі.

География сабағына қажетті көрнекілік, жаңаны тану ретінде де, ой немесе әңгімені елестету үшін де, аңғарымдылығын дамыту үшін де, материалды еске сақтау үшін де қолданылады.  Көрнекілік құралдар оқу үрдісінің барлық кезеңдерінде қолданылады: жаңа білімді хабарлаған кезде, кейде мұғалім жаңа білімді хабарлауы орнына  (мысалы, кинофильмді көрсету, тәжірибе жасау); білімді орнықтыру және іскерлік пен дағдыны қалыптастыру кезінде үйге берілген тапсырмаларды орындаған кезде сызбаларды сызу, кестелерді жасау, суреттемелерді орындау және т.б.; меңгеруді бақылаған кезде  (мысалы, карта,  кесте бойынша айтып беру, аспаптар құрлысын түсіндіру).  Көрнекілік оқушылардың жас ерекшілігін ескере отырып пайдаланылады [2, с. 56 б.].

Әлеуметтік тәжірибені, ақпараттарды игеруде, ұрпақтар арасындағы рухани құндылықтардың бір-біріне берілуін сақтауда, тұлғаны әлеуметтендіруде, олардың әлеуметтік мәртебесін көтеруде – білімнің орны ерекше. Қазіргі білім – азаматтық қоғамдағы әлеуметтік талаптарға бағытталған күрделі де жан-жақты қоғамдық құбылыс, оқыту және тәрбиелеу түріндегі педагогикалық әрекеттің тұтас жүйесі. Кез келген кәсіптегі  маманды  қалыптастыруда мамандыққа  сай  білім алу  қаншалықты  өткір  мәселе  болса,  сонымен  қатар  «жеке  маман  тұлғаны»  өзіндік  дамытуда  оны  шығармашылықпен  терең  іргетасын  дайындау  соншалықты  алғы шарт.

Білім беру жүйесіндегі негізгі талап – сабақта білім берудің жаңа технологиясы әдістерін қолдана отырып, халықтық педагогикамен ұштастыру және оқушыларды өздігінен шығармашылықпен жұмыс істей алатын  деңгейге жеткізу.   Соңғы кезде мектеп оқушыларының оқу пәндеріне деген қызығушылығы мен белсенділігі әр түрлі себептерге байланысты біршама төмендеп барады. Оқушы мұғалімнің сабақ кезінде берген материалдарын түсініп, келесі сабақта ең үлгірімі нашар оқушының білімі «үш» — деген бағаға сай келу керек екендігін өмір дәлелдеп отыр.  Үлгерімі нашар оқушыларды осындай дәрежеге жеткізу үшін сабақ кезінде мұғалім мен оқушы арасында жақсы қарым-қатынас байланысы болу қажет.  Сабақ кезінде әр оқушы пән мұғалімімен бірге сабақта берілетін материалдарды бірлесіп талқылап, тұжырымдап, қорытындылап және кейбір жағдайда мұғалімнің айтайын деген ойын әрі қарай жалғастырып отыратын күйге жеткен кезде ғана тақырыптың негізгі мазмұны түсінікті болуы мүмкін. Мұғалім мен оқушылардың байланысы 45 минут ішінде үзілмеуі  баланың пәнге деген белсенділігі мен қызығушылығын арттырады.  Оқу үрдісін мұндай деңгейге жеткізу үшін,  мұғалім өз ісінде ең жоғарғы шеберлігін көрсетіп, бар ынта-шынтысымен әр түрлі әдістерді қолдана отырып сабақ өткізуді қажет етеді.  Көп жағдайда сабақтың жақсы немесе нашар өтуі мұғалімнің ұйымдастыру кезеңін дұрыс,   біркелкі ретке келтірмегендігіне де байланысты. [3, 106 б.].

Қазақстанда қазір білім берудің ұлттық моделін орнату жүріп жатыр.  Бұл процесс білім беру парадигмасының өзгеруімен қатар жүріп жатыр (парадигма грек тілінен «мысал, үлгі»).  Теориялар мен әдістемелердің негізгі жетістіктерінің жүйесі үлгіге алына отырып білім және пән бойынша зерттеу практикасы ұйымдастырылуда.

Жалпы білім беретін мектептердегі жұмыс барысында болып жататын өзгерістер оқытуда, оқушылардың оқу әрекетінде де дәстүрлі түрлерін өзгертуді және жаңа түрлерін пайдалануды ұсынады. Бүгінгі күні теорияда және жұмыс практикасында оқыту-тәрбиелеу процесінің көптеген нұсқалары бар. Әрбір автор және орындаушы педагогикалық процесіне өзінің жеке ойларын, түзетулерін енгізеді. Соған байланысты әрбір нақты технология авторлық болып саналады.

Оқыту технологиялары -  жоспарлау,  жүйелеу әдісі. Оқытудың тиімді формаларына жету  үшін  адамдық және техникалық ресурстарды меңгеру керек және олардың өзара байланысын ескере отырып білімді процесте қолдана білу қажет. Оқыту технологиялары - оқыту мақсаттары тиімді іске асуын қамтамасыз етуі керек;  әрбір педагог кез келген білім беру мекемесінде пайдалана алатындай болу керек;  оқытудың жаңа технологияларының психологиялық мәні – оқыту үрдісін жоспарлау керек немесе оқыту психологиялық бағытталған болуы қажет.

Оқу процесінде қолданылатын ең тиімді  технологиялардың бірі -  оқу жүйесі арқылы іске асатын педагогикалық технологиялар болып табылады.  Бұл жағдайда оқу процесін  ұйымдастырудың негізгі формасы - сабақ өзгереді.  Оның өзгеруі мектептің білім беру тұжырымдамасымен байланысты.  Қазіргі сабақтардың ерекшеліктері бірлесе жұмыс істеу атмосферасы, оқушылармен қарым-қатынасындағы өзгеріс, оларды оқуға, ұстаз еңбегіне араластыру. Сондықтан да ұстаз сабақ барысында күшін оқушылардың танымдық әрекетін өздігінен ұйымдастыруды үйретуге жұмсайды. Егер де сабақты шығармашылық бағытта өткізсе, сабақ біркелкі,  күнделікті, жалықтыратындай болмайды.

Соңғы кезде сарамандық сабақтарды ойын түрінде өткізілетін сабақтар көп қолданылуда. Географияны оқыту әдістемесінде дидактикалық танымдық ойындар бұрыннан белгілі, бірақ бүкіл сабақта қолданылмады (тек психологиялық, физикалық шаршағанды басу үшін эпизодтық түрде қолданылды).  Сарамандық сабақтардағы ойын әрекеттері танымдық әрекеттермен қатар оқу үрдісінің негізі бола алады. Оқыту барысында ойындар әрқашан оқу материалдарымен байланыста болады,   әрі оқушыларды қызықтыратын жағдай туғызады. Ол оқушыларға оқу мәліметтерін тез әрі жеңіл қабылдауға көмектеседі [4, 32 б.].

Географияны оқыту барысында тақырыпты меңгеру деңгейі мына жағдайларда жоғарлайды:


- ойындар өткізу әдістемесінің теориялық негізін жасауда география курсының сызықтық-сатылық логикасы ескеріледі;
- ойындар мектеп курсындағы негізгі экономикалық және экономикалық-географиялық түсініктерді ашу және қалыптастыру үшін өткізіледі;
- ойынды өткізу процесінде оқушылардың танымдық және шығармашылық белсенділігін арттыратын әдістер мен құралдар қолданылады;
берілген иммитациялық ситуацияда шешім қабылдау ұстанымдары ашылады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

   1. Ж.Ж.Қожамқұлова. «Жаңа ақпараттық педагогикалық технологиялар» Алматы, 2013 ж.
   2. Алимов. А. «Интербелсенді әдістерді жоғары оқу орындарында қолдану» Алматы, 2012ж.
   3. К.Ж. Бұзаубақова. «Инновациялық педагогика негіздері» Алматы, 2009 ж.
   4. Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі. «Қазіргі білім беру технологиялары». Алматы, 2006 ж.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз