Неліктен балаларымыз шектен шығып барады және бұл үрдісті тізгіндеу мүмкін бе?
Қарапайым, сүйкімді әрі әзілқой баланың жасөспірім шағына келгенінде ата-анасын тыңдамай, ойына келгенін істеуін психология профессоры Лоуренс Стейнберг өзінің «Өтпелі кезең» атты кітабында «олардың барлық жағымсыз әрекеттерін жағымды жаққа бұру мүмкін» деп сипаттайды.
Достарының ықпалына түсу, ашушаңдық пен негізсіз агрессия, қатерлі жағдайларға әкелуі мүмкін іс-әрекеттер мен жаңа жағымсыз қылықтардың пайда болуы – жасөспірімдердің осы тектес проблемалары ата-аналардың бәріне таныс. Алайда мұның негізінде не жатқанын дәл айтып беру қиынға соғады, себебі оны тек нейробиология сияқты ғылым түрі ғана анықтап бере алады. Жасөспірімдердің испульсивті қылықтары осы кезеңде мидың табиғи серпінді дамуымен байланысты екен. Мұндай жағдайда ересектердің не істеуі қажет деген орынды сұрақ туындайды, себебі баланы оның өзі бақылауға ала алмайтын нәрселер үшін айыптап, оған ұрысу негізсіз болып табылады.
Баланың осы шағында мидың нақты қай бөліктерінің неғұрлым көп әсерге ұшырайтынын анықтап алу қажет. Дәл осы кезде эмоциялар мен көңіл көтеруге жауап беретін көмкерме ми жүйесінің және адамның өзін-өзі ұстауына жауап беретін мидың префронталды бөлігі өте қарқынды дами бастайды.
Сонымен бірге айта кету керек, мидың өзін-өзі бақылауға жауап беретін бөлігі әлі де дамып келе жатса, гормондардың әсеріне ұшыраған көмкерме ми жүйесі керісінше өте белсенді болады. Осы сәйкессіздік әсерінен жасөспірім жаңа әсерлер іздеп, тәуекелге бас ұрады, сондай-ақ, осы қылықтарының қандай нәтижеге әкелетініне аса мән бере қоймайды.
Жасөспірім миының аталған бөліктеріне ынталандыру арқылы оңай әсер етуге болады, сондай-ақ, олар жағымсыз сыртқы әсерге де өте тәуелді болып келеді.
Бұл кезеңде өзін-өзі бақылай алу қабілеті көбінесе жасөспірімнің қоршаған ортасына көбірек байланысты болады
Осы себепті стресс, шаршау немесе жағымсыз орта үлкен бір катастрофаға әкелуі мүмкін. Мұндай жағдайлар жасөспірімнің бойындағы өзін-өзі реттеуге арналған қабілетті әлсіретеді. Жасөспірімдердің жыныстық қатынасқа түсуі, сабаққа бармауы, заңбұзушылықтарға орын беруі мен осы тектес түрлі іс-әрекеттерге баруының себептері осыған байланысты. Олар мұндай жүріс-тұрыстың қандай жағдайларға әкеліп соғатынын білсе де, дереу алуға болатын «сыйақыға» қарай бет бұрады.
Оған қоса, көркерме ми жүйесінің ішінде орналасқан ләззат алу орталығы жасөспірімдерде ішімдікке, никотин мен кокаинге анағұрлым тәуелді болып келеді. Олардың мұндай тәуелділіктерге түсу себептерінің өзі де осында жатыр.
Әсіресе, жасөспірімдік шақтың алғашқы кезеңінде, атап айтсақ, 12 жастан бастап, шамамен 16 жасқа дейінгі кезеңде әсерлену деңгейі анағұрлым жоғары болады. Сондықтан дәл осы жас аралығындағы жасөспірімдер өздеріне жағымды эмоциялар беретін нәрселерге жақын тұрады. Әрине, жалпы адамзат баласы жағымды әсерлер пешінде болса да, нақты осы жасөспірімдік кезеңде тіпті біле тұра өзін-өзі қатерлі бір жағдайға соғу да жиі кездесіп тұрады.
Осы кезде ата-ананың не істеуі қажет деген орынды сұрақ туындайды. Біріншіден, аталған жас аралығында көптеп кездесетін жағымсыз ортадан баланы аулақ ұстау. Екіншіден, жасөспірімді өзін-өзі реттеп, бақылауға жауап беретін «тежеу жүйесін» неғұрлым тиімді әрі дәйекті қолдануға үйрету қажет.
Баланы өзін-өзі бақылауға қалай үйретуге болады
Психологтар балалары өзін-өзі реттеу қабілетінің жоғары деңгейімен ерекшеленетін ата-аналардың не істейтінін анықтаған. Баланың бойында осындай қабілеттің дамығанын қалаған ата-ана тек үш нәрсе істесе болады екен: балаңызға деген сүйіспеншілік сезіміңізді көрсету; керек кезде қатал болу; баланың өзіне деген сенімінің артуы үшін оны қолдап отыру.
Жасөспірімнің өзін-өзі бақылау қабілетін дамытуға арналған ғылыми негізге сүйенген ұсыныстарды келтіре кетсек.
1. Балаңызға деген сүйіспеншілік сезіміңізді жасырмаңыз.
Балаға қажет мейірім мен еркелетуді ұмытпаңыз. Ата-ананың баласына деген сүйіспеншілігі баланың бойында сенімділік пен тыныштық сезімін ұялатады. Жасөспірім бұл әлемді қауіпсіз және мейірімге толы жер ретінде қабылдауы тиіс. Мұны жүзеге асыру үшін келесі мысалдар көмекке келеді.
- Балаға деген сүйіспеншілік сезімі ешқашан шектен тыс көп болмайды. Керісінше балаңызға оның Сіздің өміріңіздегі рөлі туралы неғұрлым көп айту керек.
- Таңертең мектепке шығып бара жатқанда, бетінен сүйіп, кешке жұмыстан келіп, балаңыздың қал-жағдайын сұрап, құшақтау, үй жұмысын істеп отырғанда, иығынан қағып, оған деген сезімдеріңізді білдіруден таянбаңыз. Бұлар өзара эмоционалдық қарым-қатынасты одан әрі күшейте түсетін факторлар қатарында болып табылады.
- Бала өз үйінің түрлі қиындықтардан қашып, тыныштық пен рахатқа бөлене алатын орын екенін сезінуі тиіс. Сондықтан балаңыз үшін неғұрлым жақсы атмосфера құрсаңыз, соғұрлым жақсы болады. Баланың өміріндегі стресс деңгейінің азаюын өз үйіңіздегі эмоционалдық келіспеушіліктер санын азайтумен қалыпқа келтіруге тырысу қажет.
- Балаңыздың өміріне етене араласуыңыз қажет, себебі ата-аналары мектеп өмірінде белгілі бір рөл ойнайтын балалардың оқуға деген ынталарының да артатыны белгілі. Бос уақытыңызда баламен өзара пікір алмасып, қарапайым тақырыптарға сөйлесу де арадағы психологиялық мәселелердің орын алу мүмкіндігін азайтады. Сондай-ақ, балаларының достары мен сыныптастарын жақсы танитын ата-аналар олардың жаман ортаға түсіп кетуіне алаңдамайды.
2. Қатал болудан тайынбаңыз.
Әрбір адам өзін-өзі реттеу қабілетін ең адымен басқа адамдардан үйренеді. Балалар өздерінің жүріс-тұрыстары мен қылықтарын реттеуді ата-аналарының қатал ережелері аясында үйрене бастайды. Егер сыртқы бақылау болмаса, онда ішкі бақылау да дамымай қалатынын ескерсек, келесі ұсыныстарды есте ұстаған абзал.
- Балаңыздан күтілетін іс-әрекеттерді неғұрлым егжей-тегжейлі айтып шықсаңыз, соғұрлым жақсы болады. Мысалы, 13 жастағы қызыңызға үйді жинау керек десеңіз, ол оны Сіздің түсінігіңіздегідей қабылдамаса, ренжімеңіз. Мұндай жағдайда үйді шаңсорғышпен жинап, тазалағаннан кейін, үстелдің үстіндегі заттарды жинастыр және киімдердің бәрін шкафқа салып қой дегеніңіз дұрысырақ болады. Қажет болса, мектептен кейін үйге нешеде келуі керектігін де нақтылап айтып қойғаныңыз абзал.
- Өз шешімдеріңізді балаңызға түсіндіруден жалықпаңыз. Себебі әрбір шешімнің, әрбір ереженің астарында жатқан негізді көрген бала өз іс-әрекеттерін өзі реттей бастайды. Жасөспірімнен Сіздің ережелеріңіз жайында не ойлайтынын сұраудан да именбеңіз. Бұл оның да көзқарасының маңызды екенін түсінуіне көмектеседі.
- Ережелеріңіздің жүйелі әрі дәйекті болуына назар аударыңыз. Егер ережелер мен талаптар әрдайым өзгеріске ұшырап отырса, не болмаса белгілі бір кездері ғана талап етілсе, балаңыздың өз іс-әрекеттерін реттей алмауына жауапты болатын кісі Сіз боласыз.
- Тағы бір ескерілуі тиіс жайт – барлық талаптар мен ережелер балаңыздың жас ерекшелігіне сәйкес болуы тиіс. Егер осыған дейінгі ережелер мен талаптар ескірсе, олардың орнына балаңыздың жасына сай жаңа ережелер мен талаптар келуі керек.
- Балаңызды тым қатал жазаландырудан да бас тарту қажет. Себебі тым қатал жазаға, мысалы, ұрып-соғу мен әшкерелеуге ұшыраған баланың бойынан өзінің іс-әрекеттерін бақылап, реттеуді күту мүмкін емес.
3. Әрдайым қолдап отырыңыз.
Баланың бойында өзін-өзі реттеу қабілетінің дамуы үшін Сіздің тарапыңыздан орын алатын бақылау уақыт өте келе біршама әлсіреп отыруы қажет. Жасөспірімге біраз еркіндік бере отырып, оның өз іс-әрекеттеріне жауап беретіндей дәрежеге келуіне көмектесесіз. Келесі қағидаттар балаңыздың осы қабілеттерге ие болуына септігін тигізеді.
- Орындалуы мүмкін емес міндеттерді қоймауға тырысыңыз. Баладан талап етілетіннің бәрі оның қолынан келетін нәрсе болуына көңіл бөлу керек. Оның дұрыс істегендеріне назар аудару арқылы болашақта да осындай табыстар мен жетістіктерге жетуіне көмектесе аласыз.
- Баланы қол жеткізген жетістіктері үшін әрдайым мақтап отыру қажет, алайда негізгі екпінді нәтижеге емес, баланың талабы мен талпынысына бағыттау керек. Орынды мақтау арқылы балаңыздың тағы бір жетістікке жетуіне жол аша аласыз. «Қандай ақылдысың» дегеннен көрі «Баяндамаңды жақсы дайындадың» деу анағұрлым орынды болып табылады.
- Балаңызды тым жалықтырып жіберетін бақылаудан да аулақ болуға тырысыңыз. Баланың өміріндегі ұсақ-түйек нәрсенің бәрін бақылау оның өз қызығушылықтарының дамымай қалуына әкелуі мүмкін. Дұрыс тәрбие берудің негізгі көзі балаңыздың өміріне немқұрайлы қарамау мен оған еркіндік беру арасындағы тепе-теңдікті сақтау екенін ұмытпаңыздар.
Баланы тәрбиелеудегі үш қағидаттың бәрін ескеріңіз. Әрбір балаға ата-ана сүйіспеншілігінің қажет екенін білеміз, алайда керек кезде шектеу қоя алу мен еркіндік бере білу оның толыққанды азамат ретінде қалыптасуына жол ашады.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
сымбат
Мен 2 сыныпта оқимын. 8 жастамын. Маған жасөспірімді өзін - өзі бақылауға арналған 3 тәсілі тақырыбындағы қызықты деректеріңіз ұнады. Өте қызықты екен. Hello.