Өлең, жыр, ақындар

Әлемдегі ең қауіпті белсенді жанартаулар

Камчаткада оянған Безымянный жанартауынан шыққан күл 10 километр биіктікке дейін жеткен. Назарларыңызға кез келген мезетте оянуы мүмкін әлемдегі ең қауіпті жанартауларды ұсынамыз.

 

Везувий, Италия

Везувий әлемдегі ең атақты жанартаулар қатарына енеді, себебі осы Везувийдің атқылауы б.з. 79 жылында әйгілі Помпеи қаласының қирауына әкелген еді. Осы себепті де аталған жанартау ең қауіптілер қатарынан орын алуда: біріншіден, ол әлі күнге дейін белсенділігін жоғалтпаған, екіншіден, тау бөктерлерінде жанартау атқыласа, толығымен жойылып кету қаупі бар Торре-Аннунциата қаласы орналасқан. Везувий соңғы рет 1944 жылы атқылаған болатын, нәтижесінде 27 адам көз жұмды.

 

Шивелуч, Ресей

Шивелуч жанартауы Камчаткада орналасқан белсенді әрекет етуші жанартаулар қатарына енеді. Оған ең жақын орналасқан елді-мекен 47 километр қашықтықтағы Ключи кенті болып табылады. Бұл жанартау өте белсенді болғандықтан, оның соңғы атқылауы 2017 жылдың 24 ақпанында орын алған және 5 километр биіктікке дейін жектен екен.

 

Сакурадзима, Жапония

Сакурадзима – Жапониядағы Кюсю аралының Осуми түбегінде орналасқан әрекет етуші жанартау. 1914 жылы Сакурадзима жанартауының атқылауы нәтижесінде бөлек аралда орналасқан тау мен Кюсю аралының арасында табиғи көпір пайда болған. Жанартау өте белсенді болғанымен, оның атқылау биіктігі аса қауіпті болып саналмайды. Сакурадзима соңғы рет өз белсенділігін 2016 жылдың 26 шілдесінде көрсеткен болатын.

 

Кракатау, Индонезия

Кракатау Индонезияда орналасқан әрекет етуші арал жанартау болып табылады. 1883 жылы орын алған атқылаудан кейін, оған дейін толыққанды арал болған жер қатты қираған еді. 2014 жылы жанартау қайта белсенділігін танытқандықтан, Анак-Кракатау кратерінің айналасындағы 1,5 километрлік радиусты құрайтын аймақ туристер мен балықшылар үшін жабылған болатын.

 

Монтань-Пеле, Франция (Кіші Антиль аралдары)

Монтань-Пеле немесе Пеле-Мон – Кіші Антиль аралдарында орналасқан тағы бір белсенді жанартау. 1902 жылы орын алған ірі атқылау нәтижесінде Сен-Пьер қаласы толығымен қирауға ұшырады. Әп-сәтте басталған атқылаудан кейін, 28 мың адамның қайтыс болғаны және жергілікті тұрғындардан тек екі адамның ғана тірі қалғаны анықталды. Жанартау 1929 жыл мен 1932 жыл аралығында да белсенділігімен ерекшеленді.

 

Мерапи, Индонезия

Мерапи Индонезияның ең қауіпті жанартауы болып саналады. Ол Ява аралындағы Джокьякарта қаласының маңында орналасқан. Ірі атқылаулар, негізінен, жеті жылда бір рет болып тұрады, алайда жергілікті тұрғындар үшін оның күн сайын түтін шығаруы үйреншікті болып табылады екен. Мерапи жанартауының 535 адамның өліміне әкелген соңғы ірі атқылауы 2010 жылы орын алыпты.

 

Ньирагонго, Конго Демократиялық Республикасы

Ньирагонго жанартауы Африканың Вирунга тауларында орналасқан. Оның ірі кратерінің ыстық лаваға толы кездері жиі болып тұрады екен. Бұл өзендер жанартау белсенділігінің деңгейіне қарай жиналып, қайта сарқылып тұратын көрінеді. Жанартаудың бірнеше жыл бойы атқылап тұрған кездері де жиі орын алады. Ньирагонгоның ең ірі атқылауларының бірі 1977 жылы болған. Ол кезде тау бөктерлерінде орналасқан елді-мекендерде тұратын бірнеше жүз адам өлім құшыпты.

 

Галерас, Колумбия

Галерас жанартауы Пасто қаласының маңында орналасқан. 2010 жылы өте белсенді атқылау тіркелгенімен, жергілікті билік өкілдерінің алдын ала әрекеттері нәтижесінде 9 мыңға жуық адам басқа жерге көшіріліп, ешкім зардап шекпепті.

 

Попокатепетль, Мексика

Бұл жанартаудан келетін негізгі қауіп оның Мехико қаласынан небары 56 километр қашықтықта орналасуы мен осы себепті 9 миллионға жуық адамның жанартау атқылауы радиусында тұруы болып табылады. Жанартаудың соңғы ірі атқылауы 2000 жылы орын алыпты. 40 мыңға жуық адам көшіріліп, өмірлерін сақтап қалған.

 

Килауэа, Гавайи

Килауэа атты белсенді жанартау Гавайи аралдарында орналасқан. Килауэа жас әрі әлемдегі ең белсенді жанартаулар қатарына кіреді. 2008 жылдан бері оның кратерінен газ шығып, лавасы сарқылмай бұрқылдауда.

 

Безымянный, Ресей

Петропавловск-Камчатский қаласынан шамамен 500 километр қашықтықта орналасқан Безымянный жанартауының биіктігі 2,9 километрді құрайды. Оның соңғы ең ірі атқылауы 2012 жылы 1 қыркүйекте тіркелген болатын. Қазіргі таңда Безымянный оянып, шашқан күлінің биіктігі 10 километрге дейін жетеді екен.

 


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (8)

Мирас

Өте керемет

Рахат

Қызық екен

Ақбота

Маған осы тақырыптар қатты ұнайды

Жамиля

Күшті екен

Айша

Рахмет сабактан бес алатын болдым

Айша

Мен ғана ма 2024 те жазған

Айша

Барлығы коментарияны 2018 2020 сыншы жылдары жазған мен гана ма 2024 те жазған?

Айша

Пікір жаздым

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар